Қытайдан тараған коронавирустан көз жұмғандар саны 17-ге жетті. Вирусты жұқтырғандар қатарында Ресей, АҚШ, Таиланд, Жапония, Тайвань және Оңтүстік Корея азаматтары бар.
2019-nCoV атты коронавирустың жаңа түрі былтыр желтоқсанда Қытайда анықталған. Ауру алғашында суық тиюдің белгілерімен басталады. Ухань қаласында бір күннің ішінде аталған шағымдармен жүзге жуық науқас тіркелген. Науқастардың санының күрт өсуі дәрігерлердің үрейін туғызған. Бүгінде ауруға шалдыққандардың саны 541-ге жетті. Дәрігерлердің айтуынша, коронавирус нәтижесінде науқастың өкпесі қабынып, тыныс алуы нашарлайды.
Соңғы деректерге сүйенсек, вирустың ошағы – Ухань қаласында аталған белгілермен 170 адам ауруханаға жатқызылған, олардың 40-ы ауыр халде. Алғашында вирусты жануарлар таратады деген ақпарат болды. Бірақ мамандар адамдардың да жаңа вирусты тасымалдаушы екенін растады. Өйткені аурухана қызметкерлерін де індет айналып өтпеген.
Вирус қалай және қайдан пайда болды деген сұраққа әзірге нақты жауап табылмай отыр. Алайда, науқастардың алғашқы легі теңіз тағамдарын сататын базардың қызметкерлері екенін ескере келе, бұл аурудың да теңіз тағамдарына қатысы бары болжануда.
Бүгінде Ухань қаласының басшылығы қалаға кіруге, қаладан шығуға тыйым салып отыр. Қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтаған. Ухань әлемнің үлкен қалалары тізімінде 43-орында. Қала әкімдігі аймақта 11 млн-ға жуық тұрғын барын хабарлады. Сарапшылардың айтуынша, қаланың жалпы ауданы мен дамыған экономикасы да вирустың тез тарауына себеп. Бұдан өзге Бейжің, Шанхай, Шэньчжэнде де науқастар анықталды. Гонконг университетінің ғалымдары вирус Қытайдың 20 қаласына тарады деген тұжырымға келіп отыр.
Вирус тараған Қытай қалаларының нақты саны белгілі болмаса да, әлемнің басқа түкпіріне жетіп үлгергені анық. Таиландта 4 адам, Гонконгте 2 кісі ауруханада. Ал Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ-та бір науқастан тіркелген. Санкт-Петербургте аталған вируспен 2 адам тіркелді. Олардың біреуі – Қытайдан келе жатқан жолаушы. Ол Пулково әуежайында қызуының көтерілгенін айтып, әуежай мамандарына көмекке жүгінген. Ресейдің Иркутск пен Томск әуежайларында тексеріс күшейтілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 22 қаңтарға жедел отырыс белгіледі. Алайда Женевадағы кездесуден кейін ұйым Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің жаңа вирусқа қатысты «жаһандық төтенше жағдай» жарияламайтынын мәлімдеді. Ұйымның бас директоры Тедрос Гебрейесус инфекция туралы қосымша ақпарат қажет екенін айтты. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар комитеті тағы да жиналатынын хабарлады.
Коронавирустың жаңа түрі бұрынғыларына қарағанда қауіпті, емі де табылмаған. Ғалымдар бұл вирус 2002-2003 жылы 1000-ға жуық адамның өмірін қиған SARS вирусымен туыстас деген тұжырым жасады. АҚШ-тағы Аллергия мен жұқпалы аурулар ұлттық институтының ғалымдары вирусқа қарсы вакцина дайындап жатыр. Алайда вакцинаны сынау бір айдан кейін ғана мүмкін болмақ. Ал оның нарыққа шығуы 2020 жылдың соңына жоспарланған.
Қазақстанның шекаралық және кедендік қызметі көршілес елдегі белгісіз вирусқа қатысты бақылауды күшейткенін жеткізді. Әуежайдың санитарлық-карантиндік бақылау қызметі Қытайдан келген жолаушылардың дене қызуын арнайы тепловизор құрылғысы арқылы тексеруді бастап кеткен. Дене қызуы жоғары жолаушы бірден медициналық тексеруден өтеді.
Әлемдік сарапшылар да дабыл қағуға ерте екенін айтады. Бернхард Нохт университетінің дәрігері, вирусолог Йонас Шмидт-Каназит Еуропа елдеріне арнайы шаралар қолданудың қажеті жоғын мәлімдеді.
* * *
Қытайда өршіп жатқан коронавирус Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасы Людмила Бюрабекова және Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин ел азаматтарын ерекше қажеттілік болмаса, ҚХР-ға сапарға шығудан бас тартуға шақырды.
Ж.Бекшин Ухань қаласындағы жағдайдың тәулік бойы назарда екенін айтып, қазіргі уақытта ҚХР жергілікті билігі бұл қалада карантин жариялаған.
«Олардың ақпаратына сүйенсек, қазіргі кезде қалаға кіруге де, шығуға да болмайды. Бұл – өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өз тарапымыздан біз қазақстандықтарға, әсіресе әуе жолымен жүретіндерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бас санитарлық дәрігердің 6 қаңтар күнгі қаулысы бойынша, Қытайдан келе жатқан жолаушылар термометриядан өтеді. Қазіргі таңда 13 мыңнан астам жолаушы аталған термометриядан өтті. Әуежайларда карантин пункті орналасқан. Ухань қаласынан Қазақстанға тікелей рейс жоқ. Бірақ Алматыдан ҚХР-ға – 5 рейс, Нұр-Сұлтан қаласынан 3 рейс бар екенін айта кеткен жөн. Біз осы рейстерге баса назар аударудамыз. Сондай-ақ шекаралық жерлерде де жағдай қатаң бақылауға алынды. Сонымен қатар біз ұшақтардағы экипаж мүшелеріне ауру белгілері қандай болатынын түсіндіріп, кеңес бердік. Мысалы, жолаушылардың дене қызуы көтерілсе, жөтелсе, ентіксе, бойында әлсіздік сезілсе мән берулері қажет. Аталған коронавирустық инфекцияның белгілері тұмаумен ұқсас», деді Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»