• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қаңтар, 2020

Арқада ақтүтек боран

506 рет
көрсетілді

«Туған Ай тұрса – Үркерге қарсы қарап, қыс түсер – шақырайып боран борап» дегендей, Арқада ақтүтек боран борап тұр. Жілік жүгірер қыстың шілдесі бел ортасынан ауғанда басталған боран бірнеше күнге созылады дейді. Әрине қыс қыстығын қылмаса, жаз жаздығын қылмайды. Табиғат үстемдігін бір танытып қойғанының да қайыры бар шығар...

Ауа райының бұзылуына байланыс­ты ел астанасының білім басқармасы мектептердің барлық сыныптары мен кол­ледждердің 1-2 курс студенттеріне сабақтарды тоқтатқанын хабарлады. Соны­мен бірге Павлодар, Қарағанды және Семей қалаларында да мектеп оқушыларына сабақ болған жоқ.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайында 38 авиарейс кешіктіріліп, 11 рейс тоқта­тыл­­ды. Мәселен, әуе кемесінің бас­қа қалалардан кеш келуі және бара­тын әуежайдағы нашар метео­жағ­­дайлар себебінен ұшып келуі тиіс 22 рейс кешігуде. Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайы бас­пасөз қыз­ме­тінің өкілі Жеңіс Ахмет­жа­новтың ай­туынша, желдің қатты екпі­ніне бай­л­анысты ұшу қауіпсіздігі мақ­са­тын­да әуе кемелерін мұз қатуға қар­сы сұйық­тықпен өңдеуге жол беріл­мей­ді.

Ақтүтек боранға орай Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігінде өткен оты­­рыс­та шаһар басшысы Алтай Көл­­гінов Төтенше жағдайлар және По­­ли­ция департаменттері мен бар­лық ком­му­нал­дық қызметтердің кү­шейтілген жұмыс кестесіне көш­ке­нін мәлімдеді. Қала әкімі iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығына көптеген өтініш тү­су­і­не байланысты, қаланың барлық ау­да­н­ының әкімдері мен басқар­ма­­л­а­­рының басшылары бірінші кезекте аталған мәселелерді шешуге жұмылдырылғанын жеткізді. Оның ішінде көшелер мен аулалардағы, әлеуметтік нысандардағы қарды таза­лау­ға басымдық берілді. Оған ПИК және жеке компаниялардың техникала­рын тарту жүктелді. «Ең бастысы, қа­ла тұрғындарының қауіпсіздігі» дег­­ен А.Көлгінов елордалықтардың та­биғат райына төзімділік танытуын сұрады. Ал қалалық төтенше жағ­дай­лар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов қаңтардың қар­лы боранының тоқтамауына байла­н­­ыс­­­ты астаналықтардың жұмыс кү­­­нін қысқартуға ұсыныс жасады. «Ха­­лықтың қаладан тысқары шық­па­­уын­а, басшылардың жұмыс күнін қыс­­қартуына, құрылыс алаң­да­ры же­тек­­­шілерінің биіктіктегі жұмыс­тар­ды тоқтатуына, қатты қажеттілік болма­са, қала ішіндегі автокөліктер мен азамат­тардың қозғалысын шектеуге ке­ңес береміз», деді аталған отырыста Б.Сыздықов. Оның айтуынша, таңғы сағат 8.00-де департаментте және төрт ауданда апаттық-құтқару және аяқ­сыз қалдырмайтын жұмыстарды үй­лестіруге арналған жедел штаб құ­рылды. Департаменттің кезекші қыз­ме­ті күшейтілген қызмет көрсетуге көшті, сондай-ақ Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен өзара іс-әрекет жоспары енгізілді. Сағат таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін ТЖД құтқарушыларының кү­ші­мен автожолдарда жел үрлеген қар құр­сауында қалған 61 көліктен 78 адам құтқарылып, қардан тазаланған аумақтарға 39 жеңіл көлік, 1 автобус, 1 жүк көлігі, 1 құрылыс техникасы жеткізілді. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

«Қазгидромет» РМК баспасөз қызме­тінің хабарлауынша, 23-25 қаң­тар аралығында еліміздің көптеген өңі­рінде қар жауып, боран мен жел со­ғады.

«Алдағы үш тәулікте Қазақс­тан­ның ауа райында айтар­лықтай өзгеріс бол­майды. Рес­пуб­лика аумағы сол­түс­­тік­те­гі Скан­ди­на­вия мен Ресей ар­қы­лы келген атлантикалық циклонға байла­нысты атмосфералық ықпалдың құрсауында болады. Сондықтан бір­қа­тар облыста қар жауып, жел, батыс­тан өте қатты дауыл тұрады. Теріскей өңірлерде желдің ұйытқуы секундына 30 метрге дейін соғады. Сонымен қатар тұман мен көктайғақ болады», дейді хабарламада.

«Желдің соққанына 28 сағаттан асты. Қазір сәл басылды. Бірақ тәуліктен аса созылуы мүмкін. Біз да­уылды дер уақытында ескертеміз. Жауын-шашын көлемі – тәу­лігіне 37 сантиметрден асты. Бұл жауын-шашын көлемінің шамадан тыс екенін көрсетеді. Яғни, биыл екі айдың нормасына татитын қар жауды», дейді «Қазгидромет» басшысы Мереке Абдрахманов.

Сонымен бірге елорда тұрғындары әре­­кетсіз отырмауға, қаланы қардан та­за­лауға қолғабыс етуге бел шеше кі­ріс­ті. Мәселен, астаналық театр қыз­­меткерлері барша қауымды #bizbirgemiz челенджіне қатысуға ша­қыр­ды. Олар әлеуметтік жағынан аз қам­тылған және үйінде қамқоршысы жоқ отбасылар мен азаматтардың аула­сын үрлеп тастаған үйінді қарды таза­лау­ға көмектесуде.