Әнші Құрмаш Махановты әуезді әндері арқылы ел жақсы біледі. Эстрадалық музыканың есті орындаушысы ретінде көкірегі ояу көрермен көңіліне берік бекіген өнер иесін, рас, соңғы уақытта әншілер бас қосар дулы орта, концерттерден көп көрмей кеттік. Сөйтсек, дабыра-дабылдан алшақ кетіп, үнсіз ғана өнер тудырудан жаны рахаттанып, көңілі шабыт алатын талғампаз жан «Анаға арнау» атты жеке концертіне қызу дайындық үстінде екен. Уақытының тығыздығына қарамастан, қонағына төр ұсынған әнші өнер жайлы ойын ортаға салды.
– Соңғы уақытта ән әлемінен көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда жүрсіз?
– Міне, өзің көргендей, қазіргі бар ойым да, уақытым да осы концертте. Күн, түн демей дайындалып жатырмыз. Ән жазамын. Одан бөлек композиторлығым бар. Жалпы, өнер деген тыныштықта туады ғой. Табиғатым әсіре жарқ-жұрқты көп ұната бермейді. Тыңдармандарды қуантатын шығармашылық жаңалығың болмаса, орынды-орынсыз көріне беруді құп көрмеймін. Бірақ өнерден қол үзген жоқпын. Шығармашылығым буырқаныс үстінде. Жаңа ән жазып, оны орындаудан бөлек, осылай жылына бір рет жанды дауыста жеке шығармашылық кешімді өткізуім де өмірімнің өнермен біте қайнасып кеткендігін танытса керек.
«Неге көрінбей кеттіңіз?» деген сұраққа келсем, мен бір-ақ нәрсе айта аламын. Қазіргі кезде ақпарат құралдары нені көбірек жарнамаласа, соның танымал болуы жаңалық емес. Яғни қандай әншінің жарнамасы көбірек болса, сол танымал. Егер бұл жердегі танымалдылық ақша табу мақсатындағы танымалдылық болса, онда ол маған қатысты емес. Менің өнердегі мақсатым да, мұратым да басқа. Ол – халық жүрегіне жететін шынайы өнер тудыру. Ал жалпы «шақырған жерден қалмайтын, шақырмаған жерге бармайтын» нағыз қазақы түсініктегі адаммын. Ол өнеріме де қатысты.
– Тойға шығасыз ба?
– Жоғарыдағы ұстанымыма адалмын. Шақырса, тойға да барып тұрамын. Мен де қазақпын ғой. Әндерімнің дені билейтін емес, лирикалық, ойлы, философиялық сарында болғандықтан, негізінен тойдың бас жағында өнер көрсетемін. Көбінесе үлкен кісілер сұрап жатады. Тойдың да өз қызығы бар шығар. Бірақ сахнада өнер көрсеткенге ешнәрсе жетпейді. Зиялы өнер тойда тумайды.
– «Анаға тарту» деп аталатын бұл концертіңіздің ерекшелігі неде? Көрерменді немен таңғалдырмақсыз?
– Ең басты ерекшелігі – әрине, концерттің толықтай жанды дауыста өтетіндігінде. Одан бөлек бұл кеште халық әндері мен романстар орындалады. Құрмаш осы уақытқа дейін таза эстрадалық әнші болғаннан кейін, халық әндерін орындауға көп бара бермейтін. Жүрексінетін. Былтыр көктемде өткен концертімде «Гауһартасты» айтып, байқап көрдім. Халық керемет қабылдап, қайыра сұрады. Содан кейін: «Ойпырай, ә, қолымнан келеді екен ғой» деп, осы жолғы концертіме халық әндерін көбірек қостым. Одан бөлек, Абай атамыздан бастап, Ақан сері, Сәкен Сейфуллиннің де әндері, романстар мен өзімнің шығармашылығымнан халық сүйіп тыңдайтын бірнеше ән орындалатын болады.
– Кешіңіздің атауы ерекше екен...
– «Анаға арнау» – менің көптен бері ойымда жүрген жоба еді. Өкінішке қарай, біз аналарымызды тек 8 наурызда ғана есімізге түсіріп жатамыз. Жеке өз басыма сол 8 наурыз аса ұнай беретін дата емес. Мүмкін тарихына мән беретіндігімнен шығар. Ал шындап келгенде, аналарымызды, әпке-қарындастарымызды, жалпы әлемдегі әйел атаулыны күнде бағаласақ артық емес. Бірінші себебі – осы. Екіншіден, «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін кешімді «Анаға арнау» деп атап, оны 27 қаңтарға қойғаным – бұл күн менің дүние есігін ашқан күнім. Бірақ биыл «Бүгін менің туған күнім, ой пәле-ай» деп думандатқым келмеді. Маған өмір сыйлаған анамды еске алып, сол арқылы әлемдегі барша анаға бас иіп, құрмет көрсетуді ойладым. Өзгенің әнін орындап жүргеніммен, көзі тірісінде анама арнап композитор ретінде ән жазбаппын. Өмірден өткен соң кеудемді сағыныш пен өкініш қатар шарпып, жарты жылдан кейін ән-романс туды. Оны бүгінге дейін Дәурен Сейітжанов айтып келді. Әлі де айтып жүр. Осы концертте сол әнді өзім орындаймын. Ол күні сыйлық күтпей, керісінше елге сыйлықты мен жасағым келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл концерт – менің анама деген перзенттік сағынышым.
– Бүгінде әншілігіңізге қарағанда сазгерлігіңіз жиі аталады. Композиторлыққа қалай келдіңіз?
– Ең алғашқы әнім 1989 жылы актерлік факультетке оқуға түскен жылы жазылды. Содан бері де біраз ән туды. Бірақ, оған аса бір мән бермедім. Содан бір күні ұстазым Бағлан Омаров тыңдап көріп: «Әндерің тәп-тәуір екен. Неге жарыққа шығармай сақтап жүрсің?» деді. Композитор ағамның сол сөзінен кейін іштей сенімділік пайда болып, ән жаза бастадым. Алайда мен өзімді сазгерден бұрын ең әуелі әншімін деп білемін. Аллаға шүкір, әндерімді сұрайтын әншілер өте көп. Талайы орындап та жүр.
– Композиторлық қорыңызда қанша ән бар?
– Нақты санаған жоқпын. Шамамен 100-ге жуықтап қалады.
– Ән дегенде, оның сөзі де қатар айтылады ғой. Бұл тұрғыдан келгенде талғамыңыз, сауаттылығыңыз көп ішінен дараланып тұрады...
– Рахмет. Ол енді кез келген өнерпаздың білімі, ішкі интеллектісіне байланысты дүние шығар. Мен көзімді ашып, есімді білгелі кітаппен дос болдым. Орыс мектебінде оқығандықтан, оқушы кезімде Пушкин, Лермонтов, Толстой, Достоевский сынды қаламгерлердің әдеби мұрасын жастана оқыдық. Кейін қазақ әдебиетіне көштік. Орысша білім алғаннан кейін, қазақ тілім өте нашар болды. Сол олқылықты жойып, тіл сындыру үшін 2000 жылдары қазақ әдебиетін көп оқыдым, нәтижесінде қазақ тілінде таза сөйлеп қана қоймай, сөздің көркемдік қуатын ұғатындай деңгейге жеттім. Кітап оқыған адам, өзі жазбаса да, шын өнер мен арзанқол дүниенің ара- жігін тани біледі деп ойлаймын. Ән – идеология десек, әнші ретінде біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік тұр. Соны сезіне білген адам арзан, жеңіл дүниеге бармайды деп ойлаймын.
– Қандай ақындармен шығармашылық байланыстасыз?
– Ойымды оқып, күйімді сезетін ақындардың қатарында Қалқаман Сарин, Серікзат Дүйсенғазин, Асқар Дүйсенбі, Аманжол Әлтай, Талант Арғынғали, Нәзира Бердалы, Мұрат Есжан сынды ақындар бар. Негізі Нәзира Бердалы мен Мұрат Есжан менің ойымды өзім сияқты тоқып, бірден жазып бере қояды. Олардың мәтініне «Мына жерін былай өзгерт-сек» дейтін жағдайлар сирек болады. Сазгер үшін бұл өте маңызды.
– Сіздің біраз уақыт шетелде болып келгеніңізді білеміз...
– Иә, бір жылдан аса Мысырға барып, араб тілін оқып келдім.
– Араб тіліне деген қызығушылығыңыз ислам дінімен байланысты ма, әлде таным кеңейту мақсатында туды ма?
– Екеуі де бар. Әрине, бірінші орында Құран Кәрімді түпнұсқада оқуға деген талпыныс тұрды. Одан кейінгі кезекте жаңа бір тілдің табиғатын ұғуға деген ұмтылыс болды. Жалпы, маған араб тілінің фонетикасы ұнайды. Әуезі құлағыма жақты. Сондықтан да шетке шығып, араб тілін жергілікті тұрғындармен тілдесу арқылы үйренуге бел будым.
– Нәтижесі қалай?
– Жаман емес. Әрине бұдан да жетік білуге болар еді. Уақыт тапшы болды. 13 айдың тек 8 айын ғана оқыдым. Сондықтан аса бір үлкен жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Бірақ сауатым бар, араб тілін бір кісідей түсінемін.
– Кей адамдар өнерден алшақтап кетуіңіздің сырын дінге бет бұруыңызбен байланыстырып жүр. Бұл қаншалықты қисынды?
– Бұл біржақты түсінік деп ойлаймын. Менің жинаған ақпараттарыма, түйген біліміме сенсек, дін адамды алға жетелемесе, кері итермейді. Дін – шектеу немесе тыйым салу емес. Дін – жүректегі тазалық. Адамның иманы күшейген сайын ол халыққа ашық болады. Мен өз ұстанымдарыма сай еңбек етіп жүрмін, соған сай дүниелерді шырқаймын. Менің орындауымда ессіз әндер жоқ. Әрине тойға арналған әндерім бар. Бірақ сол әндердің өзін қазақтың дәстүрінен алыстатқан емеспін.
– Бүгінгі қазақ эстрадасы дегенде ойыңызға не оралады?
– Өзіміздің күміс көмей, жез таңдай әншілеріміздің дауысы, әрине. Иә, бүгінде қазақ эстрадасына қатысты түрлі пікір айтылып жүр ғой. Бірақ түбегейлі жоққа шығару немесе іске алғысыз етіп тастау, меніңше, әділетсіздік. Қазақ эстрадасының аяқ алысы жаман емес. Талантты әншілер көп. Сондықтан ондай біржақты пікірлерге қарсымын.
– Димаш Құдайберген есімі ән әлеміне шыққалы бері қазақ эстрадасын «Димашқа дейін» және «Димаштан кейін» деп екіге бөліп жүр. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл нәрсені екіжақты қарастыруға болады. Қазақтың, ежелден келе жатқан сал-сері, керемет ақын-жазушы, жыршыларымыздың, Әміредей әншілеріміздің адамзатқа қалдырып кеткен өнері туралы айтар болсақ, онда Димаш бұл құбылыстың басы емес. Және соңы да болмағай. Ал енді бүгінгі күн өлшемімен түйсек, рас, Димаш – өнердің деңгейін жаңа биікке көтерген талант. Күллі әлемге қазақ әнін шырқаттырып қойған дүлдүл дарынға мұндайда қалай бас имессің?!
– Шәкірт тәрбиелейсіз бе?
– 2019 жылдың қыркүйек айына дейін колледжде музыка пәнінен мұғалім болып жұмыс істедім. Бірақ кейін шығармашылығымның баяулағанын сезіп, әншілігіме көңіл бөлу мақсатымен «Қазақконцерт» бірлестігіне әнші болып келдім. Мақсатты түрде шәкірт тәрбиелемесем де, колледжде оқыған студенттерім жиі хабарласып, кеңестерін сұрап тұрады. Одан бөлек эстрадада жүрген біраз жастар келіп, ақыл-кеңес алып жатады. Қолымнан келгенше сол жастармен шығармашылық байланыс орнатуға, кәсіби кеңесімді беруге тырысамын. Егер соларды шәкіртім деп атауға болса, онда – иә.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»