• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Қаңтар, 2020

Шираздың көз жасы (Хикаят)

1416 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың сексенінші, тоқ­саныншы жылдарында нағашы ағам Қасқабай да, мен де Алматыда тұра­тын­быз. Анда-санда болса да кездесеміз. Әңгімелесеміз. Нағашымның өмір жолы шым-шытырық, қызық еді. Өзі тіп-тік жү­ретін, аққұба келген, жаратылысынан сымбатты, сұлу жан болатын. Алматыдағы Халық шаруашылығы институтында сабақ беріп, артынан сол институттағы орыс тілі кафедрасының меңгерушісі болған. Алматыдағы бұл институт ол кезде қаладағы ғана емес, республикадағы, тіпті Орталық Азиядағы ең ірі, беделді оқу орындарының бірінен саналатын. Орыс тілінің де айбынынан ел үркіп, айдарынан жел есіп тұрған кезең еді. Ол тілді білмей оқуға түсу де, жоғары білім алу да, қызмет істеу де, қызметте өсу де мүмкін емес-ті. Қасқабай ағамен бір жолғы әңгімеміз сол кездер туралы болып қалды.

– Мен саған сол жылдарда болған бір әңгімені айтып берейін, – деді нағашым көзі күлімдеп.

– Айтыңыз, – дедім бірден қызығу­шы­лық танытып.

– Есіңде ме, «мини юбка» деген Ал­матыға қай жылдары келіп еді? – деп сұ­рады менен.

– Жетпісінші жылдардың басында болар.

– Шамаң дұрыс. Мен ол кезде халық шаруа­шылығы институтында кафедра мең­герушісімін.

Ол жылдарда институтқа түсу үшін орыс мектебін бітіргендер шығарма, қа­зақ мектебін бітіргендер диктант жазатын. Өзім басқаратын тілдер кафедрасында мен мынадай тәртіп орнатқан едім: студенттерді оқуға қабылдау біткен соң конкурстан өткендерінің орыс тіліндегі жазба жұмыстарын (шығармаларын) қайтадан зер салып оқып шығу, сөйтіп жастарымыздың өмір туралы, қоғамымыз туралы ойлары мен пікірлерін білу, келешек жұмыстарымызда соларды ескеріп отыру. Бұл жұмыс әдетте институттың ең үлкен акт залында өтетін. Столдардың үстінде өздеріміз оқып, қателерін көрсетіп, баға қойған студенттердің шығармалары үйіліп жататын. Өзім бас болып кафедра мұғалімдері тегіс соларды оқитынбыз.

Кенет... Менің назарымды ашық тұрған есіктен үн-түнсіз кіріп келе жатқан жап-жас қазақ қызы аударды. Бір-екі аттап ілгері өтті де, тұрып қалды. Сол сәтте мен мини киген қыздың әдемі кескін-келбетіне қарап, «мұндай да сұлулық болады екен-ау» деп таңырқаған күй кештім. Қысқа көйлек қыз балаға осыншама көрік беретінін, жастық пен сұлулықтың ажарын жарқыратып аша түсетін қасиетін қалайша аңғармай келгенмін деген ой жүгіріп өтті.

– Кешіріңіз, сіз кімге келдіңіз? – деп сұрадым.

– Документтерімді алайын деп, – деді де қыз іркіліп қалды.

Шығармаларды қарап отырған ұстаздар­дың бәрінің назары енді қызға ауды. Олар да қыздың жастығына, сұлулығына, үстін­дегі қысқа етек көйлегінің тал бойына сон­шалықты жарасымдылығына қызыға, сұқтана көз тікті. Қыздың айтқан сөздері саналарына бірден жетпеген де шығар. Өз үйінде жасөспірім, бойжеткен қыздары бар тәжірибелі педагог Камаш апай ғана:

– Бізде оқығың келмей ме? – деп сұрады.

– Керісінше. Сіздерде оқу арманым еді. Бірақ бір сынақтан құлап қалдым.

– Қай пәннен?

– Орыс әдебиетінен. Шығармадан.

– Сонда қалай? Орыс мектебін бітіріп пе едің?

– Иә. Мен Түрікменстаннан келдім. Онда қаладағы қазақтар тек орыс мектебінде ғана оқиды.

– Ендеше, айналайын, келесі жылы қайтып кел. Біз саған міндетті түрде көмектесеміз. Тек консультациялардан қалмау үшін ертерек жет.

– Рахмет. Мен енді сіздердің инсти­тутқа қайтадан келе алмаспын. Әке-ше­шем жібермейді. Қазір үйге қайтқан соң мені қалыңмалға сатып жібереді. Түрік­менстанда қазақ қыздарын бай түрікмендер ақша төлеп сатып алады. Бұған мен еш­нәрсе істей алмаймын. Әке-шешеме де оқуға түсе алмай қайтып келсем, айт­қан­дарың болсын дегем.

Бұл сөздер маған қатты әсер еткені сон­шалық, «сонда сені қаншаға сатпақшы?» деген сұрақтың аузымнан қалай шыққанын байқамай да қалдым. Өзімнің осындай қо­лайсыз сұрақ қойғаныма ыңғайсыздана бас­таған едім, бірақ Шираз (қыздың аты), түк болмағандай, ешқандай абыржымас­тан, әңгіме бейне бір базардағы сауда-сат­тық жөнінде болып жатқандай-ақ: «Әке-ше­шем мен үшін шамамен екі «Жигули­дің» құнын алатын шығар», – деді жайба­рақат.

– Өзіңді кімге сататынын білесің бе?

– Мен оны көрген жоқпын. Жалпы бұл міндетті де емес. Мен ол туралы былтыр орыс әдебиетінен шығарма жазып, құлап қалғанымда алғаш естіген едім. Енді екін­ші рет құлап отырмын. Биыл қалайда түсетін шығармын деп үміттеніп, мені тағы Алматыға жіберуге әке-шешемді әрең дегенде көндіріп едім. Амал не? Қайтадан жолым болмады, – деді қыз.

Оның өкінішпен айтқан бұл сөздері мені ғана емес, бәрімізді қинаған секілді. Менің қатты толқығаным сондай, «қане, жазбаша жұмысын көрейікші» дей жаздап, ізінше, ол жұмыстың мұнда болуы мүмкін еместігі есіме түсіп, өзімді тоқтаттым. Иә, бәріне екі жыл қатарынан орыс әдебиетінен, шығармадан «екі» қойған біз кінәліміз. Басқа ешқайда бармастан, атажұртында оқуға аңсары ауып, әрі «қалыңмал» қамытынан құтылуға да шама-шарқынша әрекет етіп, қатарынан екі жыл осында пана іздеп келген сүйкімді, бейкүнә қазақ қызына «екі» қойған адам да дәл қазір осы біздің арамызда отыр. Ол жылдарда, өзіміздің Қазақстанда қалыңмал үшін қыздарды сүймеген адамына зорлап беруге заң жүзінде тосқауыл қойылып, тыйым салынғанымен, туысқан түрікмен елінде ол әдет-ғұрыптың әлі дәуірлеп тұрғанынан біздердің ешқандай хабарымыз жоқ еді.

Институтқа түсе алмағандардың құ­жаттары өзге жерде сақталатын. Біз айтып, түсіндірген соң, қыз енді сонда кетті.

Ол шығып кетісімен-ақ акт залы қа­ңырап бос қалғандай көрінді маған. Мен ғана емес, бәрі де дәл сондай сезімде болды ғой деп ойлаймын. Ол бізді өз тағдырына ортақтастырып, мазасыз күйге түсіріп кетті. Не істеуге болады? Шығатын жол бар ма? Менің көзім тағы да Камаш апайға түсті. «Сіздің үйде де осындай жасөспірім қыздар өсіп келеді ғой. Не істеуіміз керек?» деп өзімді іштей қинаған сұрақты Камаш апайға қойдым. «Мынадай жайды біле тұра, қалай қол қусырып сыртта қаламыз? Сонда ол танымайтын түрікменге ақшаға сатылып кете бермек пе? Сізден өтінемін, жылдамырақ барып, қайтадан осында ертіп әкеліңізші. Мүмкін, бір шешімі табылып қалар», дедім.

Камаш апай өзі де қызды құтқару үшін оның артынан Түрікменстанға дейін құстай ұшуға әзір отырған болса керек, шапшаң барып, кешікпей-ақ Ширазды барлық құжаттарымен қоса алып келді. Сөйтсек, Шираз үш пәннен он екі балл алыпты. Аттестаттағы жалпы балы «бес» екен. Егер ол біздің пәннен «үш» алса болғаны, конкурстан өтіп, оқуға түсіп тұр екен. Мынадай жағдай бізді тіпті абыржытты. «Қалай ғана білмегенбіз, қалай ғана жол бергенбіз» деген өкініш бәрімізде бар еді.

Мен енді Камаш апайға қарап, тағы бір ұсыныс айттым. «Бұл бала сіздің үйде, сіздің қыздарыңызбен бірге қазанға дейін бола тұрса, сөйтіп дайындық курсына қатысса қайтеді?» деп сұрадым. Сол жылы өндірістен келген, жұмыс өтілі бар, оқуға түсуге балдары жетпей қалған талапты жастарға жоғары оқу орындары жанынан қазан айынан бастап дайындық курстарын ашу тәртібі енді ғана енгізіліп жатқан еді. Ол курсты бітіріп, сынақтан өткен жастар институтқа конкурссыз қабылданатын, олар үшін бұл расында да үлкен жеңілдік болатын. Менің айтқаным ұстаздардың бәріне ұнады. Бәрі жабылып, Ширазды үгіттеуге кірісті. Ол да біздің айтқанымызбен келісті, бірақ өңінде өзінің оқуға түсіп, әрі қарай оқи алатынына сенімсіздік те жоқ еместей көрінді маған. Осыдан соң бәріміздің көңіліміз аз да болса орнына түскендей болып, жұмыс соңынан үйге тарқағанбыз. Бұл оқиға кафедра қызметкерлерін бұрынғыдан да ұйыстыра, біріктіре түскендей көрінді маған. Ширазды ара-тұра есімізге алып жүрдік.

Алайда бір аптадан кейін Түрікмен­станнан Шираздың әкесі келіп, қызын үйіне алып кеткенін естігенде мен де, кафедра мүшелері де тегіс «қап!» деп, өкініп қалдық. Шираз бізге: «Қазанда қа­лай да келемін, оқимын», деген бір жапырақ қағаз қалдырыпты. Бірақ ол қағазға қаншалықты сенерімізді білмедік. Көңілімізден күдік тарқамады. «Байғұс бала, қазір қандай халде екен?» деген ой келетін маған. Ол еліне қайтысымен құдалары жағынан қызу келіссөздер жүрген шығар. Неше түрлі айлалы, тілдері тәтті, сужұқпас жеңгейлер мен тәтейлер бар, бәрі жабылып, бейшара баланы ортаға алып, күйеуге шығуға, той өткізуге дайындап жатқан болар, мүмкін, көндірген де шығар деп ойлағанда орнымнан тұрып кететінмін. Кабинетіме сыймағандай хал кешетінмін. Алыстағы Түрікменстаннан екі жыл қатарынан өзінің тарихи отанына, ата-бабалар еліне келіп, «осында оқығым келеді» деп біздің институттың есігін үміт­пен қаққан қандас қарындасымызға титтей де жәрдемдесе, жан жылуын көрсете алмағанымызға қапа болатынмын.

Сонымен қыркүйек жетті. Бір ап­та оқыған студенттер егін орағына көмек­тесуге облыстарға жұмысқа аттанды. Қазан айында қайтып келді. Қазанның аяғында дайындық бөлімшесіне талапкерлерді қабылдау басталды. Біз олармен орыс әдебиетінен әңгіме өткізгенде араларынан ылғи Ширазды іздейтінбіз. Бірақ ол көзімізге түспеді. Қазан мерекесі де өтті, дайындық бөлімшесіне оқуға түскен талапкерлер анықталып, жеті адамнан тұратын комиссия мүшесі қол қойған тізім бекітіліп, хабарландыру тақтасына ілінгенде де Шираздан хабар-ошар болған жоқ. Жас қыздың тағдырына қанша алаң­дап, күйзелсек те күдерімізді үзуден басқа амал қалмады.

Қараша айының бір күнінде каби­нетімде отырып, іргедегі мұғалімдер бөл­­месінен әлдеқандай шу естідім. Жетіп жат­қан дыбыстарға қарағанда ол ұрыс-керістің емес, әлдеқандай қуанышты оқи­ғаның айқай-шу, дабырасындай көрінді маған. Арада бірер минут өтті ме, өтпеді ме, кабинетімнің есігі ашылып, өңінде өзін кінәлі сезінудің де, қуаныштың да белгісі бар Шираз кіріп келе жатты. Оның артынан аяқтарының ұшымен басып, ілесе еріп келе жатқан өз мұғалімдерімнің де шат-шадыман жүздерін көрдім. Жас қыздың тағдырына деген олардың шынайы жанашырлығы маған да бірден әсер етіп, жігерлендіріп жіберді. Мен Ши­разға: «Неге мұнша кешіктің?» деген сұрақты қоймадым. Ең бастысы – қа­зір ол осында, біздердің алдымызда тұр. Енді текке бөгелудің еш қажеті жоқ. Көмек­тесу үшін қолдан келгеннің бәрін істеу – пары­зымыз.

Орнымнан тез тұрдым да, ешкімге еш­нәрсе деместен, жиналғандарды ка­би­нетімде қалдырып, дайындық курс­тары бө­лім­шесі меңгерушісінің бөлмесіне бардым.

– Біздің Шираз бүгін келді! – дедім қуанышты үнмен. Ол Шираз туралы әңгіменің шет жағасын білетін еді.

– Сіз дайындық курсына қабылдаудың аяқталғанын білмейтін бе едіңіз? – деді салқын үнмен. – Енді келесі жылы келсін.

– Қымбатты Төке, егер ол бала келесі жылға дейін күте алатын болса, біздің орыс тілі кафедрасы түгелімен оның оқуға түсуі үшін жанын салған болар еді. Бірақ гәп мынада, егер ол биыл ең болмағанда дайындық курсына қабылданбаса қалтасы қалың түрікменге қалыңмалға сатылып кеткелі тұр. Бізге туысқан Түрікменстанда ескі тәртіп әлі күнге сақталып келеді екен.

Менің шын қиналып айтқан бұл сөз­деріме ол еріксіз ойланып қалды.

Оның өңінен жанашырлық, түсінушілік белгісі аңғарылғандай болған соң, мен енді «бөтен елде тұратын қандас қарындасқа көмектесудің қалай да бір амалын табуымыз керек, Төке», деп оның да бойындағы қазақылық, ұлттық сезімдеріне қозғау сала сөйледім. Ол тағы кішкене ойланып отырды да, өзгелерге белгісіз бір құпия жағ­дайды маған айтты. «Ленинград (қазіргі Санкт-Петер­бург) биыл біздің институтқа арнайы бір орын бөліп отыр. Оны әзір ешкім білмейді. Сондықтан ол орын әзірге бос. Ал онда кімнің барып оқитынын рек­тордың өзі ғана шешеді. Осыны ойлап көр­ші. Бірақ мен саған ешнәрсе айтқаным жоқ», деді ол. Мен оған рахмет айтып, қо­лын қысып, ендігі әрекеттің бәрін ойланып өзім жасайтыныма, оны ұятқа қалдыр­майты­ныма сендірдім.

Кафедрамда мені Шираз да, оқыту­шыларым да тағатсыздана күтіп отыр екен. Бірақ мен оларға нақты ешнәрсе айта алмай, бірер күнге мұрсат сұрадым. Ішімде үміт те, күдік те арпалысып жатыр еді.

Жағдайды жан-жақты ойластыра келе, ақыры, ректорға кіріп, болған жай­­ды жасырмастан қаз-қалпында айтып беруді жөн көрдім. Ректорымыз Алек­сандр Иванович Белов – үлкен ғалым, беделді, ұйымдастырушылық қабілеті зор, адамгершілігі мол кісі еді. Ол менің айтқандарымды өте мұқият тыңдап, Ор­талық Азияда қыздарды қалыңмалға сату ғұрпының әлі жойылып бітпегеніне менен кем реніш білдірген жоқ. Мен Шираздың біздегі оқу саласына қатысты пәндер бо­йынша аттестаттағы ортақ ба­ғасы «бес» екенін, қабылдау емтихандарын да жақсы тапсырғанын, тек орыс әдебиеті пәнінен сүрініп, жолы болмағанын жасырған жоқ­пын. Егер оны Ленинградқа оқуға жібе­рер болсақ, сенімді ақтайтынына ешқан­дай күмәнім жоқ дегенді баса айттым. «Жарай­ды, онда. Көмектесейін», деді Белов.

Ертесінде ол мені шақырып алып, тездетіп комиссия мүшелерін жинап, Ширазбен «собеседование» өткізуді (қазақ­ша «әңгімелесу» дейміз ғой), сөйтіп, оны Ленин­градқа жіберу үшін құжаттарын ресми түрде әзірлеуді тапсырды.

Алдымызда тағы бір күрделі міндет тұр еді. Ол – Ширазға «тағдырдың оған мейірімі түсіп, жақсы білім алғысы келетін жастардың бәрі барып оқуға қызығатын Ленинград қаласында білім алу мүмкіндігі туып тұрғанын, бұған қуану керектігін» түсіндіру еді. «Алдыңда қазір екі айрық жол тұр. Бірі – қаламасаң да өзің білмейтін адамға тұрмысқа шығу, оның қандай адам екенінен хабарың жоқ, бұл сенің өмір бойына маңдайыңа жазылған сыбағаң, қиындығы мол тағдырың болып қалады, екіншісі – Ленинградқа оқуға бару, ал­ғашқы кезде мүмкін жеңіл де тимес, бірақ сен қиындықтардың барлығын жеңе ала­тыныңа, жоғары, сапалы білім алып, өмір­ден лайықты орныңды табатыныңа, бақытты болатыныңа сенеміз», – дестік. Шираздың іркілместен екінші жолды таңдағанын, өңіне шаттық ойнап шыға келгенін көріп, бәріміз қоса қуандық.

Осыдан кейін бәрі де ойлағанымыздай болды. Комиссия мүшелері тегіс жиналып, «әңгімелесу» жақсы өтті. Шираздың Ленинградқа ала баруға тиісті құжаттары тап-тұйнақтай дайын болды. Үйімен де сөйлестік. Ұшаққа билет алынды. Бүкіл ка­федра болып, мүмкіндігі болғандары тегіс Ширазды шығарып салуға әуежайға бардық. Бақыттан жүзі бал-бұл жанған Шираздың өңінен шаттық жасын әрең-әрең іркіп тұрғанын аңғардық.

Ленинград рейсіне отырғызу басталды. Бәріміз оны ортаға алып, қимай қоштасып, Ленинградтағы оқуына, келешек өміріне сәттілік тіледік. Әне, ол ұшаққа отыруға бет алған адамдар арасында кетіп барады. Біздер оның мини көйлегі өзіне керемет жарасатын өзгелерден айрықша сұлу қалпына қимастықпен қарап тұрмыз. Осы сәтте кафедрамда істейтін әйелдердің көздері жасқа толы екенін, олар оны үнсіз сүртіп тастап тұрғандарын аңғардым. Шираз ұшаққа мінетін баспалдақпен жеп-жеңіл көтерілді де, ұшақ есігіне кіреберісте сәл бөгеліп, бізге бұрылып қарап, қоштасу белгісін жасап, қолын сәл бұлғады. Біз оның әдемі, сұлу жүзін бақыт жасы жуып кеткенін көрдік. Ол оған еш қымсынбастан, тоқтатуға да тырыспастан ұшақ ішіне тез кіріп кетті...

Арада бір жарым жыл өткенде біз Шираздан, Ленинградтан, осы қаланың әдемі көрінісі бейнеленген открытканың сыртына жазылып, кафедраға жолданған кішкене хат алдық. «Мен қазір Ленин­градтың Қаржы-экономикалық инсти­тутының студентімін. Оқуым жақсы. Нева жағасындағы тамаша қалаға біраз үйреніп те қалдық. Сіздер маған шын мәнінде бақыт сыйладыңыздар. Ме­нің тағдырыма жанашырлықпен, адал көңілмен ортақтасып, қамқорлық жаса­ған­дарыңызды ешқашан, ешуақыт­та ұмыт­паймын! Рахмет, Сіздерге! Өздері­ңіздің Шираздарыңыз», деп жазыпты ол.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты