• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2010

ПРЕЗИДЕНТ ПОШТАСЫНАН

604 рет
көрсетілді

ЕЛІМІЗДІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ – ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІНІҢ НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №249 мектеп-лицейдің директоры Күләш Мерген­баевадан және Астана қаласының тұрғыны, Ішкі істер министрлігінің зейнеткері Махмұт Мейірмановтан жеделхаттар келіп түсті. Президенттің биылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында отан­дық білім беру жүйесіне, соның ішінде интеллектуалдық мек­теп­тердің басымдыққа ие болатыны туралы бастамасына ризашылы­ғын білдірген К.Мергенбаева “Өзіңіздің бастамаңызбен “100 мек­теп, 100 аурухана” бағдарлама­сы бойынша біздің ауданымызда 1200 орындық мектеп салынды. Біз жаңа заман талабына сай са­лын­ған зәулім де әсем ғимаратта оқу бақытына ие болдық. Бүгінге дейін мектебімізді 21 оқушы “Алтын белгімен” бітірген болса, келешектегі міндет – бір сы­нып­ты “Алтын белгімен” бітіргізу. Ауыл­дық жерде тұрсақ та оқу­шы­ларымыз бен ұстаздарымыз шет­елдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасуда, мектепте отырып, “Он-лайн” режімімен халықаралық байқауға, оқуға, конференция­лар­ға қатысудамыз. Отандық білім беру жүйесінің флагманы болуға ұмтылудамыз”, деп жазады. Елбасының сара саясаты нә­ти­жесінде Қазақстанның биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болғанын мақтаныш тұтатынын жеткізген М.Мейірманов хатында “Еліміз Ауғанстандағы мәселені қарудың күшімен емес, осы елдің экономикасы нақтылай дамуы үшін іс жүзінде көмектесу арқылы және бейбіт дипломатиялық жол­мен шешуді ұсынды. Қаржылай көмек көрсете отырып, жас ма­мандарды даярлауға еліміздің жоғары оқу орындары мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде Әзірбайжан және Армения республикалары арасындағы Таулы Қарабах, Грузияда Абхазия мен Оңтүстік Осетия мәселелерін келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешуді ұсынып отыр. Еліміз ядролық қа­ру­дан бас тарта отырып, Елба­сы­ның қажырлы еңбегі, үлкен ха­лық­аралық беделі және бейбіт­шілікті сүйгіш саясаты арқасында Ресей Федерациясы, Қытай Ха­лық Республикасы және Америка Құрама Штаттары тарапынан Қазақстанның территориясының тұтастығы мен қауіпсіздігіне кепілдік алды”, деп жазған. М.Мейірманов Елбасы тара­пынан ел игілігі үшін атқарылған және атқарылып жатқан ұлан­ғайыр істерге тоқталып, Мем­ле­кет басшысына зор денсаулық тілейді. АУЫРТПАЛЫҚТЫ ЕЛ БОЛЫП КӨТЕРДІК Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Сапировтар отбасынан жеделхат келіп түсті. Хат иелері биылғы жылдың наурыз айында Алматы облысы­ның, Ақсу ауданында орын алған апаттың ауыртпалығын бүкіл ел болып көтергенін және табиғат­тың зауалына ұшырған қызыл­ағаш­тықтарға Елбасы тарапынан жедел көмек берілгенін ризашы­лықпен атап өткен. Хат иесі: “Апат айтып кел­мейді. Бірақ, қиын-қыстау кезде жалғыз қалмадық. Қайғымызды ел болып, жұрт болып бөліскен азаматтардың баршылық екеніне көзіміз жетіп, жүрегіміз сезінді. Апат орын алған түні Талды­қор­ған қаласына көшірілдік. Қала тұрғындары мен басшылары қол­дан келген көмектерін көрсетті. Әлі де болса біз үшін алдарына жан салмай қызмет жасауда. Бізге көр­сетіп жатқан қамқорлығыңыз үшін мың да бір рахмет!”, деп жазады. Хат соңында Сапировтар отбасы Елбасыға амандық-саулық және ел мүддесі жолындағы қызметіне мол табыс тілеген. Елбасының атына осындай мазмұндағы хат көп балалы ана, Қызылағаш ауылының тұрғыны Наталья Васильевна Куликовадан келді. Ол хатында өздерінің Тал­дықорған қаласындағы жатақ­ха­наға орналастырылып, азық-тү­лік, киім-кешекпен толық қам­та­масыз етілгендерін айтып, мем­ле­кеттік деңгейде үлкен қамқорлық көрсеткені үшін Мемлекет бас­шы­сына қызылағаштықтар аты­нан алғыс сезімін жеткізген.