2018 жылы Шығыс Қазақстанның ономастика саласында бұрын-соңды болмаған дүмпу болып, Зырян қаласы мен ауданның аты Алтай деп өзгеріп, облыс орталығы – Өскемендегі 35 көше мен екі саябаққа, Семейдегі 10-ға жуық көшеге жаңа атаулар берілген еді.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр жыл басында Өскемендегі идеологиялық тұрғыдан ескірген, кеңестік көсемдер есімімен аталған Ворошилов даңғылы Шәкәрім, Ордженикидзе көшесі Сағадат Нұрмағамбетов, Революционная Қалихан Ысқақ, Дзержинский Әміре Қашаубаев, Октябрьская Мұхамеджан Тынышпаев, Питер коммунарлары Лев Толстой, Киров Антон Чехов, Крупская Евгений Брусиловский, екі Советская көшесінің бірі Александр Затаевич, екіншісі Адольф Янушкевич, Лениногор көшесі Теміржолшылар, Комсомол көшесі Жастар, Головков көшесі Бейбітшілік, Айтықов көшесі Асар атауларын иеленген-ді. Ал Семейдегі Крупская көшесі Әзілхан Нұршайықов, Строительная көшесі Тұрсынғазы Рахимов, Комсомольская көшесі Жібек жолы, Кутузов көшесі Ардагерлер, Колхозная көшесі Берел, Социалистическая көшесі Самал, Декабристов көшесі Нұрсая деген атаулар алған-ды.
Биыл да бұл тарапта аудандардың белсенділігі байқалады. Жақында бізге Көкпекті аудандық «Жұлдыз» газетінің бас редакторы, аудандық ономастикалық комиссияның мүшесі Дархан Бердібек хабарласып, Көкпектіде 62 көше атауының өзгергенін, мұның облыстық ономастикалық комиссия отырысында мақұлданғанын сүйіншілей жеткізді. Оның айтуынша, аудан орталығы – Көкпекті ауылындағы көшелерге Тәуелсіздік, Ұлы дала елі, Ыбырай Алтынсарин, Отыншы Әлжанов, Хамит Тоқтамысов, Кегенбай би, Қалихан Алтынбаев, Бармақ батыр секілді жаңа атаулар беріліпті. Ал Үлкенбөкен ауылындағы 9 көше Қабанбай батыр, Төле би, Қазыбек би, Кенесары, Әлихан Бөкейхан, Шоқан Уәлиханов, Қасым Қайсенов сынды қазақтың біртуар тұлғаларының есімдерін алыпты. Сонымен қатар Самар, Құлынжон, Көкжыра, Батауыш, Көкжота, Мариногорка, Аққала, Сарыбел, Новостройка, Миролюбовка, Преображенка ауылдарындағы көшелер Абай, Шәкәрім, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Жұбандық Болғанбаев, Тәуелсіздік, Жастар, Бейбітшілік, Достық, Ертіс, Қызылшілік, Тассуат, Алтай, Топқайың сияқты атауларға ие болыпты. Ерекше атап өтерлігі, Көкпекті ауданы бойынша биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан Абай Құнанбайұлы құрметіне 5 көше атауы беріліпті. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Көкпектіде жер-су атауларының тарихи атауларын қайтаруға есімі елге белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаев көп еңбек етті. Сол кездері Воздвиженка Үкілі қыз, Ивановка Көкжайық, Романовка Ажа деген қазақы, төл атауларға ие болды. Қайраткер ағамыз бастаған үлкен жұмыс біраз жыл бәсеңдеп қалған еді, қазір қайта жанданып жатқан жайы бар. Қазір ауданымызда мектеп атауларын ауыстыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», дейді Д.Бердібек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы