• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 24 Қаңтар, 2020

Жылдың жұмыс жоспары нақтыланды

244 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төраға­лығымен Палатаның 2020 жылғы алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиын басында депутаттардың өңірлерге сапарлары қорытындыланып, осы жылы атқарылатын жұмыстар нақтыланды.

Депутаттардың өңірлерге сапары қорытындыланды

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева де­путат­тардың жыл басында өңірлерді аралап, ауыл-аймақтарда заңдардың, мемле­кет­тік бағдарламалардың орындалу деңгейін баға­лағанын, жергілікті органдардың қызме­ті­мен танысқанын айтты. Алдағы уақыт­та сенаторлардың назарына ілінген жергі­лік­ті мәселелер депутаттық сауалдарға негіз болып, парламенттік тыңдауларда, үкімет са­ғаттарында және түрлі кездесулерде көте­ріліп, ұсынымдарға енгізіледі және коми­тет­тердің жұмыс жоспарларында ескеріледі. Бұл сауалдар айтылған жерде қалмас үшін олардың орындалуы қадағаланады.

– Осы жылы 80-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Алғаш рет Сенатта өңірлердің күндерін өткіземіз. Кесте бар, жоспар бекітілді. Аймақтармен өзара байланыс орнатуға бағытталған бұл шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Бұған қоса «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп жағдайы», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту» тақырыптарында парламенттік тыңдаулар өткізуге дайындық жұмыстары басталды. Қазіргі таңда Сенатта Сенаторлар кеңесі, Бюджет заңнамасын жетілдіру жөнін­дегі кеңес, Заң шығару процесін жетілдіру жөніндегі кеңес, Жергілікті өкілетті ор­ган­дармен өзара іс-қимыл жасау жөнін­дегі кеңестер бар. Жақында парламенттік тың­дауға дайындық аясында ауыл шаруа­шылығы саласының өкілдерімен бірқатар кездесу өткіздім. Енді осы саланың проблемаларын кәсіби түрде кеңінен талқылау үшін Сенат жанынан Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңес құру жоспарда бар. Сонымен қатар желтоқсан айында алғаш рет Жастар кеңесін құрдық. Ол консультативтік-кеңесші орган ретінде жастар саясаты саласында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарайды, – деді Дариға Назарбаева.

Сенат Төрағасының айтуынша, жақында Үкімет заң жобалау жұмыстарының осы жылға арналған жоспарын бекітті. 2020 жылғы жоспар жобасына маңызды мәселе­лерді шешуге, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындауға бағыт­талған 17 заң жобасы енгізілген. Осы­ған байланысты комитеттер алдын ала заң жо­басын әзірлеушілермен заңнамалық жұмыс­тарды үйлестіру қажет.

Сондай-ақ отырыста Президенттің Жол­дауында көрсетілген бағыттар бойынша заң қабылдауға қатысты негізгі мәселелер нақтыланды.

Бұдан кейін Сенат Төрағасының орын­басары Бектас Бекназаров сөз алып, депутат­тардың өңірлерге сапарының қоры­тындысына кеңінен тоқталды. Ол 5-14 қаңтар аралығында депутаттардың қаты­суымен барлық аймақта 460-тан аса кездесу өткенін мәлімдеді.

– Депутаттар өңір тұрғындарына өткен жылы Парламент қабылдаған заңдардың мән-жайын, олардың қолдану тәртібін түсіндірді және азаматтардың әл-ауқатын көтеру мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды жан-жақты насихаттады. Әсіресе әлеуметтік қам­тамасыз ету, міндетті медициналық сақтан­дыру мәселелеріне көпшілік мән беріп қарады. Бұл ретте көп балалы отбасы­ларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдем­ақы енгізу, қолданыстағы атаулы әлеумет­тік кө­мек беру жүйесінің өзгеруі жайында толымды мағлұмат берді, – деді Бектас Бекназаров.

«Бәйтерек» ғарыш кешенін құруға қолдау көрсетті

Жалпы отырыстың күн тәртібінде қарал­ған негізгі мәселе – «2004 жылғы 22 жел­тоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі ара­сындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Аталған құжаттың жай-жапсары жөнін­де Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұма­ғалиев баяндады. Оның айтуынша, заң жобасы «Бәйтерек» жобасын іске асыру­дың негізгі шарттарын өзектендіруді көздейді. Алғашында жобаны «Ангара» ресей­лік зымыранның негізінде іске асыру жос­парланған. Бірақ «Ангара» зымыраны уа­қытында дайын болмағандықтан, тараптар жобаны іске асырудың көптеген әртүрлі нұсқасын қарастырып, талдау жасады. Мәселені қосымша пысықтаудың нәтижесінде жоба «Союз-5» зымыраны негізінде іске асырылатын болды.

– Жалпы алғанда, Ресей Федерациясы зымыранды жасауға, ал Қазақстан жерүсті инфрақұрылымына жауап береді. Осы жобада Ресей «Союз-5» зымыранды, тех­ни­калық және старттық кешендерінде бақы­лау-тексеру жабдықтарын құруды, сондай-ақ үдемелі блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратын және ғарыштық бастиек бөлігін жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар 916 млн АҚШ доллары сомасында бағаланады. Жаңғырту мақсатында 2018 жылы «Байқоңыр» айлағының 42, 43 және 45-алаңдарында орналасқан «Зенит-М» кешенінің 243 нысаны Қазақстан тарапына берілді. Қазақстан тарапы «Зенит-М» кешенінің жерүсті инфрақұрылымы нысандарын қайта жаңарту мен жаңғыртуды жасайды. Старттық және техникалық кешендерді жаңғырту, жұмыс істеп тұрған­дарын күрделі жөндеу және қайта жаңа­р­ту, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфра­құ­рылымының жаңа объектілерін салу жұ­мыстары жүргізіледі. Осы жұмыстар 233 млн АҚШ долларымен бағаланады. Жер­үсті кешенін жаңғырту және құрылыс жұ­мыстары кезінде қазақстандық компания­ларды барынша тарту жоспарланады. Бұл қосымша жұмыс орындары болады. «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін іске қосу  «Байқоңырды» ең белсеңді ғарыш айлағы ретінде сақтауға мүмкіндік береді, – деді министр.

Депутаттар қолдау көрсеткен заңды қабылдау қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді және Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы «Байқоңыр» кешені бойынша страте­гиялық әріптестік пен екіжақты ынтымақ­тастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

 Биязы жүн өндіру бастамасын көтерді

Әдеттегідей жиын соңында бірқатар депутат құзыретті орындардың назарына депутаттық сауалдарын жариялады. Соның ішінде Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата оқыған сауалында биязы жүн өнімдерін қолға алу бастамасын көтерді.

Депутаттың мәліметі бойынша бүгінгі таңда елдегі жеңілөнеркәсіп саласында 1 030 кә­сіпорын бар. Оның 96%-ы – шағын кә­сіп­орындар, жалпы жұмысшылардың саны – 11 мың адам. Республикада жыл сайын 38 мың тонна қой жүні өндіріледі. Олар­дың ішінде 7,0 мың тоннасы – биязы (19,2%), 4,4 мың тоннасы – жартылай биязы (12%) және 20,6 мың тоннасы – қылшықты жүн (54%).

– Қазақстанда негізінен жартылай қыл­шықты және қылшықты жүн өндіріледі. Биязы және жартылай биязы жүнді им­порттауға тура келеді. Мәселен, 2018 жылы импорт көлемі 296 тоннаны құрады. Бұл 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 43% жоғары. Мемлекет тарапынан тоқыма өнер­кәсібіне қажетті биязы жүн алынатын жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруге ынталандыру жоқ. Бізде қазір заманауи түрленген өндіріс бар. Өкі­нішке қарай, олар өз өндіріс қуатының 40-50%-ын ғана орындап жатыр. Бұл ретте Мемлекеттік серіктестікті қаржы­лан­дыру бағдарламасы аясында 2015 жылы жуу­дан бастап өнімдерді дайындауға дейінгі жүндердің түрлерін қайта өңдеудің барлық өндіріс циклі қамтылған «Caspy Lana Atyrau» тоқыма кәсіпорны іске қосыл­ған еді. Толықтай отандық өнім өндіре­тін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын жабы­лудың алдында тұр. Мемлекеттік орган­дардың арасында байланыс болса және Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөнінде толық және анық картинаны білсе, мұндай жағдай орын алмас еді, – деді Ғұмар Дүйсембаев.

Сөз соңында депутат Премьер-Министр­ге жүнді алғашқы қайта өңдеу сатысындағы өндірісті дамыту және жүн өнімдерін да­йындау үшін биязы жүн өнімдерін өндіру жөніндегі кластерлік бастаманы іске асыру жоспарын әзірлеу керек екенін айтты.