• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қаңтар, 2020

Халық қалаулылары Жамбыл жастарымен жүздесті

332 рет
көрсетілді

Тараз қаласындағы «Шерхантану» рухани-мәдени орталығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Аталған жиынға Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова және Әбдіманап Бектұрғанов, Бақытбек Смағұл, Жамбыл Ахметбеков, Нұрлан Әлімжанов және де бірқатар Мәжіліс депутаттары қатысты. «Жастар жылының» қорытындысына арналған жиынды Гүлшара Әбдіхалықова ашып, жүргізіп отырды.

Гүлшара Әбдіхалықова өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарға тиісті қамқорлық жасалып отырғанын баса айтты. «Жастар жылының» жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды қолдау және олардың мәселелерін шешу мақсатында Үкіметке бірыңғай кешенді бағдарламалар құруды тапсырды. Аталған тапсырма бойынша Үкімет жұмыс атқаруда. Жалпы, елімізде жастардың жұмысын үйлестіру мақсатында 208 жастар орталықтары құрылған. Елімізде 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Өткен жылы мемлекеттік органдар үлкен жұмыстар атқарды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы табысты іске асырылуда», деді Гүлшара Әбдіхалықова. Сонымен қатар Гүлшара Наушақызы жастардың кәсіптік бастамаларын қолдау, олардың тұрғын үй мәселесін шешу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мәселелеріне де тоқталды. Сондай-ақ елімізде ешбір санатта жоқ NEET жастарға тиісті көңіл бөлінбей отырғанын, оларға білім беру, жастарды қоғамдық жұмысқа тарту мәселелері әлі де өзекті екенін жеткізді. Ал, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев өз сөзінде жастарды қолдауға мемлекет тарапынан үлкен басымдық берілгенін, жастардың түрлі мәселелерін жүйелі шешуге бетбұрыс бар екенін атап өтті. «Елімізде 3 миллион 800 мыңнан астам жастар бар. NEET жастардың саны 7,3 пайызға жеткен. Өткен жылы елімізде жас кәсіпкер, жас маман жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 26 мыңнан астам адам қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін жүргізуде. Алдағы 5 жылда 2 миллионға жуық жастың еңбек нарығына шығуы жоспарланған» деді Ержан Жылқыбаев.

Жиын барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жастар мәселесіне бағытталған жұмыстардың қорытындысын баяндады. «Біздің өңірде 239 151 жас бар. Жастар жалпы облыс халқының 21,2 пайызын құрайды. Жалпы, жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде жастарды жұмыспен қамту шаралары мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 14,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 48 523 адам қамтылды. Бағдарламаға қатысқан азаматтардың 21 652-сі немесе 44,6 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар қатарынан қамтылды. Барлығы 33451 адам жұмысқа орналастырылды», деді Бекболат Орынбеков. Сондай-ақ ол мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының үш бағытына да тоқталып, бұл орайда жастардың көптеген мәселелерінің шешілгенін жеткізді.

Өз сөзінде кәсіпкер Дилафруз Махмадулоева мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отырғанын жеткізсе, Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев аталған оқу орнын өткен жылы 166 жас бітіргенін, оның бүгінде 95 пайызының жұмысқа орналасқанын айтты. Ал, Шохиста Мухамеджанова болса жастарға бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде өзінің жеке кәсібін ашқанын атап өтті. Жиында халық қалаулылары жамбылдық жастармен өзара пікірлесіп, жастарға арналған түрлі бағдарламалардың тиімділігін талқылады. Жиынды жүргізіп отырған Гүлшара Әбдіхалықова бүгінде көп жастардың әлі де жалқаулықтан арыла алмай отырғанын, қайта өз кәсібін ашып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың оларға үлгі болу керектігін айтты.