Алматы облысы – бала өлімінің дерегі бойынша республикада 2-орында тұрған өңір. Өкінішке қарай, аймақ ауруханалары жүргізген статистикалық тіркеуден де сәйкессіздік табылып отыр.
Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоғарыға берген есебіндегі мәлімет пен жергілікті жердегі нақты оқиғалардың арасында алшақтық байқалған. Бұл істің анық-қанығын зерделеген Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық тіркеуден өрескел заң бұзушылық тапқан. Яғни, аймақтағы сәбилердің шетінеу оқиғаларын саралаған министрлік өкілдері бұған өңірдегі қажетті маман тапшылығы мен дәрігерлердің жауапсыздығы себеп болған деген шешімге келіпті. Бұл жайды облыста өткен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі көшпелі отырыста вице-министр Ләззат Ақтаева да сынға алған еді.
Мәлім болған дерек бойынша, министрлік тексеруі облыс перзентханаларының ана мен бала өмірін қорғауға дайындығы нашар екенін анықтаған, оның ішінде қажетті медициналық құрал-жабдық пен мамандардың жетіспеушілігі өткір тұрған көрінеді. Мысалы, перзентханалар мен ауруханаларды сұранысқа сай неонатолог-дәрігерлермен қамтамасыз ету 50 пайыз да жетпей отыр. Ал қажетті құрал-жабдықпен жарақтандыру 72,8 пайыз деңгейінде екен. Дәрі-дәрмек тапшылығы да байқалған. Соның кесірінен жас босанған ана мен дүние есігін ашқан сәбидің өміріне төнген қауіптің алдын алу мүмкін болмай отыр.
Сондай-ақ тексеру барысында облыста тиісті медициналық сертификаты жоқ отызға жуық маманның емханалар мен ауруханалар жұмыс істеп жүргені анықталған. Ал облыстың медициналық ұйымдарының 27 пайызы ғана ұлттық стандарттарға сай аккредитациядан өтсе, 61 мекеме санитарлық-эпидемиологиялық талап тұрғысынан көріне алмаған екен.
Айтпақшы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, 2019 жылы ана мен бала өліміне қатысты 12 оқиға тіркелген. Талдау нәтижелері аймақ бойынша ажалдың алдын алуға дайындықтың төмендігін көрсетіп, қауіптілік деңгейінің 5,5 есеге өскенін көрсеткен. Жеті оқиға бойынша арнайы зерттеу жүргізіліп, оның бесеуі медицина қызметкерлерінің салғырттығынан болғандығы анықталыпты. Ал екі жағдайдың алдын алуға дәрігерлер дәрменсіз болған. Ал ана мен бала өмірін сақтаудағы салғырттыққа жол берген лауазымды басшылардың екеуі жұмыстан босатылып, 5 адамға қатаң сөгіс жарияланыпты.