Қазіргі уақытта құтқарылған адамдардың барлығы қалаға жеткізілді. Елордада ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық тас жолдар жабылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құтқарушылар Астрахань трассасы, Нұр-Сұлтан-Павлодар-Көкшетау трассасы, Қосшы кенті, «Теміржолшылар» тұрғын алабын патрульдеуде.
Естеріңізге салсақ, 23 қаңтарда Төтенше жағдайлар департаментінде авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды үйлестіру үшін қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қала жолдары мен көшелерінде қарды тазалау және шығару жұмыстарына 1 444 жол жұмысшысы мен 1 265 техника бірлігі жұмылдырылды.
Нәтижесінде, өткен түні 24 572 текше метр қар шығарылды. Негізгі және қосалқы көшелер тазаланды. «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында 14 бағыт бойынша рейс тоқтатылып, 15 рейс кешіктірілді. «ҚТЖ» ҰК ақпараты бойынша ауа райының нашарлауына байланысты темір жол көлігінің кешігуі орын алуы мүмкін. Алайда жолаушылар пойыздарының кідірісі болмайды.
Бірінші ауысымдағы 0-11 сынып оқушылары және 1,2-курс колледж студенттері үшін сабақ тоқтатылды, сондай-ақ екінші ауысымдағы 0-9 сынып оқушыларына сабақ болмайды.
Қазгидромет мәліметтеріне сәйкес, 24 қаңтар күні Нұр-Сұлтанда қар жауып, боран соғады, көктайғақ орын алады, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні түнде 23 м/с дейін жетуі мүмкін.