Зілзала салдарынан 100-ден астам үй құлаған. Элязыг провинциясында жарақат алғандар саны 405-ке жетті. Ал көршілес Малатья провинциясында 148 адам жарақаттанды. Бұл туралы BBC хабарлады.
«Жер сілкінісі салдарынан Элязыг провинциясында қайтыс болғандар саны 18-ге жетті. 405 адам жарақат алды. Сондай-ақ көршілес Малатья провинциясында 148 адам жарақаттанды. Қазір құлаған үйлердің астында қалған 30 адамды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз» деді Түркияның Ішкі істер министрі Сулейман Сойлу.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджаның айтуынша, Элязыг және Малатья провинцияларына қосымша 170 медициналық жедел-жәрдем көлігі мен тікұшақ жөнелтілді.
Зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек көрсетуге 100-ге жуық жүк көлігі жіберілді. Олар жергілікті тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек және жылы көрпелер жеткізетін болады.
Мұндай жер сілкінісі Түркия үшін таңсық емес. Бұған дейін 1999 жылы Измит қаласында болған 7,6 балдық зілзаладан 17 мың адам қайтыс болған еді.