• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қаңтар, 2020

Рейтинг бойынша жағдайымыз жақсара түсті

600 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Transparency Kazakhstan сауалдамасының 2019 жылға арналған аралық қорытындылары туралы жеткізді. 

Агенттік өкілінің айтуынша, Transparency International ха­лықаралық үкіметтік емес ұйы­мы 2019 жылғы «Сыбайлас жем­­­қорлықты қабылдау индек­сі» атты жыл сайынғы басты зерт­теулерінің нәтижелерін жария­ла­ған. Нәтижесінде Қазақстан мүмкін болған 100 баллдың 34 балын алып, 180 елдің арасынан 113-орын иеленгені белгілі болып отыр. Осылайша, былтырғы жылмен салыстырғанда индексті 3 балға және 11 орынға жақ­сарт­ты. Бұл Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индекс­іне (СЖҚИ) қатысқан уа­қыт аралығындағы ең жоғарғы көр­сет­кіші.

Transparency International-дің қазіргі бағалау әдістемесі 2012 жылы бекітілген. Сол сәттен бас­­тап 2019 жылға дейін, 7 жыл ішін­де Қазақстан өзінің орнын 28-ден 31-ге дейін тек 3 балға ғана жақсартқан болатын. Ал қазір Қазақстан жеті жылдық ілгері­леуді бір жылдың ішінде орын­дады.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­парына сәйкес СЖҚИ-дің 35 балға дейінгі өсімі ықтимал нәтиже ретінде белгіленгенін атап өткен жөн. Осылайша, осы ұмтылыс арқылы жоспарланған көрсеткішке қол жеткізілген.

Айта кетейік, Қазақстан бо­йынша индексті есептеу барысында Батыс Еуропа мен АҚШ-та орналасқан: Бертельсман қоры, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, Дүниежүзілік эко­но­ми­ка­лық форум, V-Dem секіл­ді 9 танымал халықаралық зерттеу орталықтарының мәлі­мет­­тері негізінде агрегат­талған көр­сет­кіш­тер қолда­ны­лады. Әр ұйым рей­тингті қа­лып­тас­ты­рудың өз­ін­­дік әдістемесін қолда­нады.

Аталған ұйымдардың басым бөлігі Қазақстанның сыбай­лас жемқорлыққа қарсы кү­рес бо­йынша күш-жігерін оң бағалаған. Мәселен АҚШ-та орналасқан PRS Group беделді зерт­теу орталығының бағалауы бойынша соңғы 2 жылда Қазақ­станның көрсеткіштері 2 есеге жақсарған. Бұл рейтинг­те біз Оңтүстік Кореямен, Из­раиль­­­мен, Испаниямен, Сло­ве­ния және Словакиямен бір қатардамыз. Лозаннада, Швей­ца­рияда орналасқан IMD инс­ти­тутының «Парақорлық және жем­қорлық» көрсеткіштері бойынша бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 2018 жылмен салыстырғанда 10 ор­ын­ға көтеріліп, рекордтық 29-шы орынды иемденді. Атал­ған рейтингте біз Оңтүстік Ко­рея­дан (30), Израильден (32), Ис­паниядан (40), Чехиядан (41) жо­ғары тұрмыз.

IHS Markit компаниясының рейтингінде айтарлықтай ілге­рі­ле­дік. Қазақстан «Сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдері» индикаторы бойынша мүмкін 10 балдың (10-ең жоғарғы тәуекел) 3,1 балын жинап, Беларусьті қоспағанда ТМД-ның барлық елдерінен озып шықты.

Олжас Бектеновтің сөзіне қарағанда, Сыбайлас жем­қор­лық­ты қабылдау индексі бойынша бір де бір мемлекет ешқашан 100 балл алмаған. Биыл бірінші және екінші орында Дания және Жаңа Зеландия (87) бөлісті, үшінші орынды Финляндия (86), төртінші орынды Сингапур, Швеция және Швейцария (85) алды. Рейтингтің аутсайдері – Сомали (9), Оңтүстік Судан (12) және Сирия (13).

Посткеңестік елдердің басым көпшілігі Қазақстаннан едәуір төмен орналасқан. Мәселен Молдова 32 балмен 120-орын; Украина, Әзербайжан және Қырғызстан 30 балмен 126-орын; Ресей 28 балмен 137-орын, Тәжікстан мен Өзбекстан 25 балмен 153-орын, Түрікменстан – 19 балмен 165-орын алды.

Осылайша, Қазақстан Ор­та­лық Азия елдері арасын­да­ғы көшбасшылығын біршама нығайтты. Transparency Inter­nati­onal-мен қатар сыбайлас жемқорлықты қабылдау дең­ге­йі мен мемлекет жүргізіп жат­қан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бас­қа да халықаралық ұйымдар баға­лайтынын ескерген жөн. Мәселен былтырғы жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақ­ст­ан Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индексінде әлемнің барлық елдері арасында ең жоғары ілгерілеу жасады. 2019 жылы Қазақ­станның көрсеткіштері ал­дыңғы жылмен салыстырған екі есе­ге жақсарып, 36%-ды құрады. 2018 жылы біздің көрсеткіш 19%-ды құраған еді. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің сарапшылары Қазақстан көрсеткіштерінің артуы ең алдымен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бойынша қабылданып жатқан, бі­рінші кезекте алдын алу және бизнес жүргізу жағдайын жақ­­сарту шараларымен байла­ныс­ты екенін атап өтуде. Олардың пікі­рін­ше, Қазақстанда посткеңестік ке­ңістіктегі басқа елдермен салыстырғанда сыбайлас жем­қор­лық бірқалыпты сипатқа ие, ал соңғы жылдары оның деңгейі төмендеуде.