Жезқазған қаласында болған бұл қанды оқиғаның Қарағанды өңірін ғана емес, бүкіл елді елең еткізгені рас-тын. Өйтпегенде ше, айдың-күннің аманында қолына атыс қаруын алған адам өзінің жоғары лауазымды әріптесінің қызметтік кабинетіне баса-көктеп кіреді де, оны және тағы бір әріптесін пышақтап, соңынан өзіне қол салған. Адам айтса сенгісіз, шытырман детективке бергісіз жағдай...
Бұл төтенше оқиға 21 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-дің шамасында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің ғимаратындағы кен-байыту комбинатының бас директоры Амангелді Минигуловтің қызметтік кабинетінде болған.
Сол күннің кешінде мынадай ақпарат ел ішін кезіп кетті: бас директордың кабинетінде кәсіподақ ұйымының төрағасы мен ұжым басшысының арасында кикілжің болған да, бір уақытта кәсіподақ көшбасшысы сыртқа шығып кетіп, ізінше мылтық алып келіп кабинетке қайта кірген. Содан қызметтік бөлме ішінде мылтық атылып, екі адам пышақтан жарақат алып, біреуі сол жерде өзіне өзі қол салып, қаза тапқан...
Енді белгісіздіктің тұманы сейілгендей болған кездің биігінен қарап және кейінгі ресми мәліметтерді сараптай отырып, мына жайттарды жарыққа шығаруға болатын сияқты. «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымының төрағасы Тоғызбай Тажбеновтің бас директордың кабинетіне мылтық алып кіргені анық болған жайт: ол бейнебақылау камераларындағы таспаға жазылып қалған. Бұл тегіс ұңғылы мылтық Тажбеновтің атына ресми тіркелген атыс қаруы екен. Сондай-ақ кәсіподақ төрағасы кабинетке кіргеннен кейін әлгі мылтықтың бір рет атылғанын да куәлер растап отыр.
Бұдан кейін бас директор Амангелді Минигуловтің кабинетінде не болып, не қойғанын тірі жан білмейді және айта алмайды. Сол жерде болған қанды оқиғаның ресми органдар ұсынған нұсқасы мынадай: Тажбенов төбеге қарата мылтықты бір рет атқаннан кейін, отты қаруды суық қаруға айырбастап, бас директор Минигуловтің арқа тұсынан пышақ ұрған. Сол екі ортада араша түскен Сабыржан Тембаевтың ішіне де суық қаруды сұғып алыпты. Сөйткен де, екі адамның қанына малынған қара пышақты өзінің тура жүрегіне салып, сол жерде жан тапсырған...
Жалпы, бұл оқиға турасында құқық қорғау органдары берген мағлұматтардың мардымсыз болғанын және олардың кешігіп жеткенін айтпасқа болмас. Әрине, оқиға еліміздегі алпауыт кәсіпорындардың біріне қатысты болған соң, тиісті органдардың ақпаратты сүзгіден өткізіп алу үшін уақыт оздыруға тырысқаны түсінікті жайт. Бірақ мұның жұртты нақты және толық мәліметпен дер кезінде қамтамасыз ету ісінде қолбайлау болғаны рас еді. Тіпті осының салдарынан ел ішіне жөн-жосықсыз әңгімелердің, түрлі қауесеттің тарап кеткені де оқиға айналасындағы күмәннің бұлтын қоюлата түскен.
Қазіргі уақытта бұл оқиға төңірегінде өрбіген долбары көп әңгіме тыйылмай тұр. Әсіресе мына жайт өзіне назар аудармай қоймайды: білетіндердің айтуынша, кәсіподақтың көшбасшысы Тоғызбай Тажбенов тумысынан ашушаң адам емес, ұстамды мінезі бар кісі екен. Жұртпен тіл табысып жұмыс істеуді меңгерген, өз ісіне тиянақты маман болса керек. Яғни, оның өзіне өзі қол салуы ақылға сыйымсыз дегенді айтқысы келеді оның таныстары. Алайда, «Ашу – дұшпан» деген, Тажбеновтің директордың кабинетіне мылтық алып кіргені жоғарыдағыдай пікір айтушылардың өзін тығырыққа тіреп қойғаны ащы шындық...
Мәселенің түйіні енді тарқатылып, оқиғаның көлеңкелі тұстарына сәуле жүгіре бастағанда мынаны айтуды лаж санадық. Зады, қанды оқиғаға әкелген кикілжің табан астында туындамаған. Мәселен, еңбеккерлердің салалық кәсіподақтарының төрағасы Мұрат Мәшкеновтің айтуынша, Минигулов пен Тажбенов арасында біраз уақыттан бері жеке бас араздығы болған екен. Ал «Кәсіп Қорған» кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Жанат Сәменов жоғарыда аталған екі азаматтың арасындағы кикілжіңге кәсіподақ ұжымында қалыптасқан күрделі жағдайдың себепші болуы әбден ықтимал екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, «Кәсіп Қорған» кәсіподақтар ұйымында төраға ұстанған саясатқа, оның жүргізген жұмысына көпшіліктің көңілі көншімей жүріпті. Келіспеушіліктер көбейіп, ұжымдағы берекенің кетеуі кете бастаған. Осының бәрі биылғы жылдың 5 қаңтарында кәсіподақ ұйымының орталық кеңесінде болған отырыста кеңінен талқыланған екен. Сол жиында кәсіподақтар ұйымының кезектен тыс съезін алдымыздағы 5 ақпан күні өткізу туралы шешім де қабылданыпты. Яғни, күн тәртібіне кәсіподақтың жаңа төрағасын сайлау мәселесі шығарылған болса керек.
Қазіргі тергеу органдары Тоғызбай Тажбеновтің өлімі фактісі бойынша «Оны өлтіру» немесе «Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» жөніндегі екі болжамды тексеруде. Сонымен қатар А.Минигулов пен С.Тембаевтың пышақ жарақаттарын алу фактісі бойынша да «Өлтіруге оқталу» болжамы тергелу үстінде.
Өткен аптаның жұма күні Тоғызбай Тажбеновтің жамбасы жерге тиді. Топырақ өзінің туған жері Жезқазғаннан бұйырды. Үлкен әулеттен шыққан марқұмды жерлеуге жиылған адамның қарасы мол болды дейді қаралы шараға қатысқандар. Жезқазғандағы әріптестеріміздің сөзіне жүгінсек, марқұмның туған-туыстары, жалпы осы оқиғаға қатысы барлардың таныстары мен әріптестері бұл тақырып турасында бәлендей пікір айтудан бас тартуды жөн санайды екен. Бірақ тергеудің әділ және ашық болғанын қалайтындықтарын білдірген.
Ал пышақтан жараланған Амангелді Минигулов пен Сабыржан Тембаев қолы шипа хирургтердің арқасында аман қалды. Әсіресе бас директордың жарақаты ауыр болған: оған күрделі ота жасалды. Оның әріптесі болса, ауруханада көп жатпай, үйіне қайтарылған.
«Бүгінгі күні тергеу бастапқы сатыда болғандықтан, кім, кімге, қалай және қандай затпен дене жарақаттарын келтіргені туралы түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айта кету қажет. Оқиғаға қатысушылардың әрқайсысының рөлі кешенді жедел-тергеу іс-шараларынан кейін және сарапшылар қорытындыларының негізінде айқындалады», делінген облыстық прокуратураның ресми мәлімдемесінде.
Сонымен қатар прокуратура тұрғындардан дәлелденбеген деректерді таратпай, тек ресми ақпаратты басшылыққа алуды өтінген және аталған қылмыстық істің тергелу барысы Қарағанды облысы прокурорының және облыстық полиция департаменті басшысының бақылауына алынғанын жеткізген.
Болған істің ақ-қарасы айқындалмайынша, сырттан тон пішуден бойды аулақ салған біздің де прокуратура органдарының осы айтқанына алып қосарымыз жоқ. Тек, кабинеттегі кісі өліміне әкелген кикілжіңнің картинасы бар бояуымен толық және шынайы түрде ашылса екен деген тілек үстіндеміз.
Қарағанды облысы