Жетісу өңірінде әлеуметтік даму картасы бойынша атқарылған жұмыстар бір төбе. Оның ішінде төменгі жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыру, көп балалы аналарды қолдау және 3 ауысымда білім беретін мектептерді азайту мен оқу жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты бастамаларда ілгерілеу байқалады.
Атап айтқанда, «Әлеуметтік карта» аясында облыстағы кәсіпорындардың 100 мың жұмысшысы мен бюджеттік ұйымдардың 102 мың қызметкері және атқарушы салада еңбек ететін 3 500 адамның жалақысы өскен. Яғни 2019 жылы өңірдегі орташа айлық еңбекақы мөлшері 137 054 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға жоғары. Ал нақты өсім көрінісі 14,7 пайыз шамасында. Жалпы, аймақтағы ең жоғары жалақы қаржы саласы мен сақтандыру қызметкерлеріне тиесілі. Олардың айлығы – 211 241 теңге. Ал ең төменгі – 78 939 теңге жалақыны әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында еңбек ететіндер алады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы көбеймек. Атап айтқанда, өңірдегі 60 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 25 пайызға, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат саласындағы 5 мың қызметкердің жалақысы 30 пайызға артса, 3 800 дәрігердің айлығы 30 пайызға және 12 200 медбикенің табысы 20 пайызға өседі. Сондай-ақ облыстағы 3 100 әлеуметтік қызметкердің де жалақысына орташа есеппен 30 пайызға дейін үстеме қосылады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
«Әлеуметтік картаның» білім беру бағыты туралы айтқанда, 2019-2020 жылғы оқу жылында Алматы облысындағы білім беру мекемелерінің 1-сыныбына 50 мыңға жуық оқушы қабылданғаны еске түседі. Яғни бала санының күрт артуы мектептердегі оқу сыныптарының жетіспеуіне әкеліп, оқушылар 3 ауысымда білім алуға мәжбүр болып отыр. Қазір облыстағы 38 мектепте оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Есеп бойынша 3 ауысымды мектептерді жою үшін бірден 21 оқу ошағын салу қажет. Оған 52 млрд теңге жұмсалады. Алайда құрылыс қарқын алған күннің өзінде мұнша мектепті пайдалануға беруге 2021 жылы ғана қол жетуі мүмкін. Ал биыл 6 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл тағы 3 мың оқушының еркін отырып білім алуына қолайлы жағдай туғызбақ.
Жалпы, биыл облыс аумағындағы мектеп-интернаттарды күрделі жөндеу мен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 300 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл облыс мектептеріндегі бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік бермек. Әсіресе өңір мектептерінде тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша сын көп. Қазір білім беру нысандарында 15 860 бейнебақылау құрылғысы іске қосылған екен. Алайда камералардың дені ескірген. Көптеген құрылғы бір бағытты ғана бейнеге түсіреді. Оның жазбаларын қарап, сұрыптап отыратын арнайы маман тағы жоқ. Сол себептен де мектеп ішіндегі бала құқының бұзылуы назардан тыс қалып жатады. Ал облыстағы үш жүзден астам мектептің дәретханасы ғимарат ішінде емес, аулада орналасқаны да ата-аналардың алаңдауына негіз болып отыр.
Облыстың әлеуметтік даму картасы бойынша бөлінген бюджет қаржысының басым бөлігі көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттердің жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Қазір Алматы облысында тіркеуде тұратын 43 мыңға жуық отбасында 4 және одан да көп бала өсіп келеді.
Ал жаңа жылдан бастап, облыстағы осынша отбасы жаңартылған бағдарлама бойынша атаулы әлеуметтік төлем алуды бастады. Бүгінде республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақы 4 бала үшін – 42 496 теңге, 5 бала үшін – 53 127 теңге, 6 бала үшін – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге көлемінде берілуде. Сондай-ақ облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 83 мың баланы әлеуметтік қолдау мақсатында 3,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде мектеп жасына жетпеген 31 644 бала және мектеп жасындағы 52 681 баланы киім-кешек, ыстық тамақпен қамту мен қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін арнайы әлеуметтік пакет жүзеге асып отыр.
Жалпы, облыстың «Әлеуметтік картасы» шеңберінде көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға 3,5 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, аталған қаржының игілігін 106 мың адам көрген екен. Оның ішіне көп балалы аналардың қаладағы коғамдық көліктермен тегін жүруі, мектепке дейінгі мекемелердегі төлемдерді субсидиялау, табиғи газ желісіне тегін қосу және жоғары оқу орындарында оқу үшін білім гранттарын тағайындау сияқты игі шаралар кіреді.
Алматы облысы