Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесулер өтті.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау жөніндегі комитетінің өкілдерімен, Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстарының ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларымен кездесті.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының статистикалық деректері тауар өндірушілердің үш санаты негізінде қалыптасатынын айтты. Олардың қатарында шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жұртшылық шаруашылықтары бар.
Мекеме басшысы мал шаруашылығындағы статистикалық есептің қиындығын атап өтті. Оның айтуынша, мал есебін жүргізу рәсімдері пысықтауды қажет етеді және онда ауыл шаруашылығы малына чип пайдалану арқылы жеке нөмір беру мен жеке деректер базасына енгізу әрі ветеринариялық паспорт беру болуы тиіс. «Бұл чиптер әзірше соңғы пайдаланушыға дейін, яғни ветеринарға дейін жеткенше белгілі бір уақыт өтеді. Осы уақыт ішінде малды екі айналымға жіберуге, яғни туғызып, сатып жіберуге болады», деді Н.Айдапкелов.
Кездесуде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов індеттен, оның ішінде түйнемеден өлген малды көметін орындарды күтіп ұстау, абаттандыру және салуды ұйымдастыру үшін қаржы бөлу мәселелерін жергілікті атқарушы органдар тиісті түрде шешпей келе жатқанын атап өтті.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы сала жұмысының жағдайын жақсарту туралы бірқатар ұсынысын ортаға салды. Малға арналған дәрі-дәрмекті жеткізуде кідірістің болмауы үшін ветеринариялық препараттарды үш жылдық кезеңге сатып алу; эпизоотия және панзоотия, мал ұрлығы және заңсыз орын алмастыру жағдайларын анықтау мақсатында ветеринарлық полиция құруды; мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторларға бірыңғай киім үлгісін енгізуді ұсынды.
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» серіктестігінің бас директоры Ахметжан Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы өндіріс тізбегінің барлық сатыларында сандық технологияларды қолданудың ерекше рөлін атап өтті.
Дариға Назарбаева талқылау кезінде агроөнеркәсіп кешенінде сандық технологияларды жаппай қолдану, сондай-ақ ғарыштық мониторинг жүйесін пайдалану қажеттігіне қолдау білдірді. «Біз бәсекеге қабілеттілікті жоғалтып бара жатырмыз. Бүгін бізге жылдамдық қажет, ал цифрландыру оған мүмкіндік беріп отыр. Егер шын мәнінде, барлық күшті осыған салғанда өте тез әрі қысқа мерзімде атқаруға болады. Ынталандыру керек», деді Д.Назарбаева.
Кездесу барысында Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков мал дәрігерлері шалғай ауылдарда тап болатын қиындықтар туралы айтып берді. Қ.Тұрсынбековтің пікірінше, оған еңбекақының аздығы, білікті мамандардың жетіспеуі, стандартты ветеринарлық стансалар мен қызмет көліктерінің болмауы жатады.
Қайырбек Тұрсынбеков иесіз мысық пен иттерді аулауға ресурстардың жетімсіздігіне ерекше назар аударды. Ол ветеринарлық қызметтер жұмысының көптігіне байланысты жануарларды аулау мен ұстау мәселелеріне назар аударуға үлгере бермейтінін атап өтті.
Сенат басшысы қалыптасқан жағдайдың шешімі ретінде салалық министрлік тарапынан қолдау көрсетуді ұсынды. «Кейбір қалаларда жеке тұлғалар өз қаражаты есебінен мысық пен итке арналған осындай ветеринарлық пункт ашып отыр. Ол жұмыспен қоғамдық бірлестіктер, еріктілер, жануарларды жақсы көретіндер айналысады. Мүмкін оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шағын қолдау қажет шығар?» – деді Д.Назарбаева.
Дариға Назарбаева кездесудің қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне шараға қатысушылар қозғаған проблемалық тақырыптарды зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.