Кеше біз алдымен әйелін, сосын екі қызын өлтіріп, соңынан өзі орманға барып асылып қалған еркек туралы жазған едік. Бүгін осыған қатысты қосымша деректер белгілі болып отыр.
Tengrinews.kz тілшісі хабарлағандай, Ақмола облысының полицейлері бұл үш жақты кісі өлтіру мен өзін өзі өлтірудің жай-жапсарын толық анықтап шығыпты.
Ішкі істер департаментінің дерегі бойынша, 3 тамыз күні сағат 08-30 шамасында Қорғалжын ауданының Арықты селосы маңында Volkswagen Passat көлігі табылады. Оның салонынан 2006 және 2009 жылдары туған екі кішкентай қыз баланың мәйіттері шығады. Ал көліктің жүк салғышында желкесінен үш жерде жарақаты бар әйелдің денесі алынады. Бұлардан 30 метрдей жерде ілініп тұрған ер кісі кезігеді.
Полиция қызметкерлері бұл отбасының Астана қаласында тұрғанын, жазда балалардың Арықты селосындағы әкесінің ата-анасы қолына келетінін анықтады. Туған-туыстары мен әріптестерінің сөзіне қарағанда, жұбайлардың арасы өте шиеленісті болған. Бұдан бұрын еркек қызғаныштың салдарынан үйінде бірнеше рет жанжал да шығарыпты.
Ішкі істер департаментінің дерегінше, 2 тамыз күні еркек әйелін жұмысынан алып шығып, Арықты селосында тұратын ата-анасына келген. Осы жерде балаларын алып шыққан. Жедел-іздестурі шаралары барысында мәшиненің кешкі 19 сағат шамасында Нұра өзені жаққа қарай бара жатқанын көріп қалған куә табылды. Ол екі сағатан кейін сол көліктің кері бағытқа қарай келе жатқанын тағы көрген.
Қазір осыған байланысты сот-медицина сараптамасы тағайындалды.
Құрыш Нұрымбет.