• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2010

ҚАУІП КҮШЕЙЕ ТҮСТІ

651 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен облыс әкімі Б.Сапарбаев екі күндік сапардан кейін Өскеменде өткен штаб отырысында осылай деді Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен Төтенше жағдай­лар министрі В.Божко бастаған жедел топтың Кенді Алтайға келіп, топан су басып жатқан Тарбағатай, Зайсан, Үржар, Ұлан аудандарын аралап, апатты өз көздерімен көріп, осы сәтте қиналған тұрғындармен жүздесуі, оларға дем беруі көп­ші­лікті бір серпілтіп тастады. Апат болған аймақтарға Үкімет 849 мил­лион теңге бөлген, ол аудандар мен қалаларға келіп түсе бастады. Мә­се­лен, Риддер – 160, Күршім – 154, Зайсан – 114, Үржар – 53, Өскемен – 40, Семей 31 миллион теңгеге ие болған. Әзірше қар мөл­ше­рінің 20 пайызы ғана еріпті. Алғашқы бір аптада күн қатты жылып, кейбір су қоймаларын мөл­шерден тыс жиналған су бұзып, елді мекендерді басып қалса, биіктігі бес-алты метр мол қар күрт еріп, апатты жағдай тудырғанын білеміз. Артынша күн суып, тұр­ғындардың ес жиып алуларына жағдай жасады. Міне, бірер күннен бері күн қайтадан жылып, халықты әбігерге салуда. Штаб отырысын бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Үржардан оралғанын, онда Егінсу су қой­ма­сымен танысқандарын, Өскеменде де су басу қаупі бар жерлерді көр­ге­нін, қардың еруінен қауіпті жағ­дайдың орын алып отырғанын тілге тиек етті. Үржарда тұрғындардың апатпен күресі атап өтуге тұрарлық, әрбір адам әр көше, аулаларды қа­таң күзетке алған. Судың көзін ашып, аулаларды шайып кетпеуін қадағалауда. Алайда, жағдай барлық жерде бірдей емес. Бүгінгі күні 33 мың қой-ешкі, 7 мың ірі қара, мыңдаған жылқы өлген. Жеті мың­нан астам адам басқа жерлерге көші­рілген. Тарбағатайда тұрғындар мектептер мен клубтарда тұрып жатыр. Ыстық тамақ жеткізілуде. Бірақ халық алаңдаулы. 2 сәуірден балалардың сабақтарын жалғасты­ра­тынын, шамамыз келгенше бар­лық жағдайды жасайтынымызды айттық, дейді өңір басшысы. Елді­гіміз мен ерлігіміз танылатын сын сәтте республикадан, әр облыс тұр­ғындарынан көмек алсақ, алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Себебі, жүз­деген адам үй-күйсіз қалды, тек Тас­бастау ауылында бірнеше үй қи­рап қалды. Қазір еліміздің барлық облыстарынан техника, адамдар көмекке келуде. ТЖМ қажетті тік­ұшақ, ауыр техникаларды жіберді. Біз бара алмаған жерге олар дер кезінде жетіп, талай адамды су тасқынынан алып шыққанына куә болдық, дейді аймақ басшысы. Тө­тенше жағдайлар министрі В.Божко министрліктің 17 бөлімдерінің осында шоғырланғанын, 544 адам, 122 техниканың жеткізілгенін хабарлады. Күршім ауданында да бірнеше ауылдарды су ала бастады. Абайдағы жағдай белгілі, аудан орталығы Қарауылды су басып, дер кезінде жеткен көмектің арқасында адам өліміне жол берілмеді. Бірақ, қырылып жатқан мал саны көбеймесе, азаяр емес. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.