Қаңтар айының 9-22 аралығында Швейцарияның Лозанна қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тұңғыш рет бос қайтты.
Жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстаннан спорттың 9 түрі бойынша 26 спортшы аттанған болатын. Бір әттеген-ай дейтініміз, бірде-бір спортшымыз жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ең алғаш 2012 жылы Аустрияның Инсбрук қаласында өткен ақ қар, көк мұз үстіндегі аламанда Қазақстаннан барған 38 жас спорттың 10 түрінен бақ сынап, бір күміс, екі қола медаль олжалаған болатын.
Ал 2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында жалауы желбіреген Олимпия ойындарында отандастарымыз ел қоржынына төрт жүлде салған-ды. Викингтер елінде өткен аламанға 17 жас спорттың 9 түрінен қатысты.
Енді 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпия ойындары Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтеді.