• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қаңтар, 2020

Таразда тағы да 80 пәтерлі үй пайдалануға берілді

327 рет
көрсетілді

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы Жамбыл облысында жүйелі жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері тараздық тұрғындар үздіксіз қоныс тойын тойлауда.

Тараз қаласында «Нұрлы  жер» бағдарламасы аясында жаңа салынған 15-шағын ауданнан тағы да 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. 5 қабатты тұрғын үйдегі пәтерлерді негізінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары иеленді. Олар тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрған балалар үйінің түлектері, жетімдер және 29 жасқа дейінгі қамқорлықсыз қалғандар, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен әскери саланың мамандары. Тұрғын үй арендалық, сатып алу құқығынсыз жалға беріліп отыр.

Аталған шағын аудандағы алқапта келешекте 280  көппәтерлі және 969 жеке  тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Бұған дейін мұнда 26 көпқабатты  тұрғын үй ел игілігіне берілсе, ағымдағы жылы тағы 35 үйдің құрылысы басталады деп күтілуде. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  өткен жылы 323 пәтер берілген болатын. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард 360 миллион теңгеге  қайталама нарықтан  144 пәтер сатып алынған. Тағы бір айта кетерлігі, облыс бойынша баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында осы уақытқа дейін 8 көппәтерлі жатақхана пайдалануға берілсе, осы мақсатта тағы 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Ол жатақханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Жалпы, бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұрған болса, оның ішінде 1784 көпбалалы отбасы және 8593 әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бар.

 

Жамбыл облысы