• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 29 Қаңтар, 2020

Қаржы саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кең

278 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмір­­ліктеріне ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасы ая­­сында бірқатар кездесу өткізіп, Дубай «ЭКСПО-2020» көр­ме­сі­не орай салынып жатқан Қазақстан павильонымен таныс­ты.

Қазақстан Президенті кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-Ми­нистрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид әл Мак­туммен кездесті.

Әңгімелесу барысында екі елдің өңірлік және жаһандық деңгейдегі серіктестік мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Дубайдың әлемдегі ірі қаржы және туристік орталықтардың біріне айналуына ықпал еткен реформаларға жоғары баға берді.

Тараптар цифрлы экономика, электронды коммерция, за­манауи инфрақұрылым, жасан­ды интеллект, қаржылық қыз­мет көрсету ісі, инвестиция, ту­ризм индустриясы, құрылыс пен көлік салаларындағы ынты­мақ­тастықтың перспективаларын қарастырды.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның Біріккен Араб Әмірлік­тері­мен арадағы екіжақты ынты­мақ­тастықты нығайтудың маңыз­дылығын атап өтіп, бірлескен бизнес-жобалардың іске асырылуына тың серпін беруге ниетті екенін жеткізді.

«Біздің еліміз туризмнің жа­һандық тарихпен байланысты қызметтерін ілгерілетуге дайын. Мысал ретінде Алтын Орданы алуға болады. Осыған орай ішкі туризмді дамытудағы, оны саяхатшылар үшін тартымды бағыт етудегі Әмірліктердің туристік биз­несті жүргізу тәжірибесі бізге өте маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шейх Мұхаммед әл Мактум Әмір­ліктердің экономиканың әр­­түрлі секторларын дамыту жөн­індегі тәжірибелері мен білімдерін Қазақстанмен бөлі­суге дайын еке­ніне тоқталды. Со­ны­мен қатар ол Қасым-Жо­март Тоқаевқа Ду­байдың «ЭКСПО-2020» дүние­жүзілік көр­ме­­сіне дайындық барысы туралы айтты.

Осы орайда айта кетейік, Қ.То­­қаев Дубайға келердің алдын­­да Әбу-Даби қаласында тағы бір маңызды кездесу өткізді. Атап айтқанда, Қазақстан Прези­денті Әбу Даби Әмірлігін билеу­ші әулеттің өкілі, Біріккен Араб Әмір­ліктеріндегі ірі бизнес өкілі, «Etihad Towers» көпфунк­цио­налды кешенінің иесі, «First Abu Dhabi Bank» акционері шейх Сурур бен Мұхаммед әл Нахаян­мен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақ­станның Таяу Шығыстағы сенім­ді серіктестерінің бірі еке­нін, сапар барысында Әбу Даби­дің тақ мұрагері, шейх Мұхам­мед бен Заид әл Нахаянмен екіжақ­ты ын­­тымақтастықты одан әрі да­мы­­туға уағдаласқанын атап өтті.

Шейх Сурур бен Мұхаммед әл Нахаян Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің «West Hydrocarbons Commercial Investment LLC» компаниясының Батыс Қазақстан облысында мұнай өңдеу зауытын салып жатқанын айтты. Алдағы уақытта да біздің елімізбен бірлесіп жұ­мыс істеуге, жаңа жобаларға инвестиция салуға ниет білдірді.

Ірі бизнес өкілдерімен кездесу  Дубайда да жалғасты. Мемлекет басшы­сы Дубай инвестициялық корпо­ра­циясының атқарушы ди­ректоры Мұхаммед аш-Шай­банимен кездесті.

Кездесу барысында қар­жы сала­сындағы өзара ынтымақ­тас­тыққа және «Астана» ха­лық­ара­лық қаржы орталығының одан әрі даму перспективасына қа­тысты мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар Дубай инвес­тициялық корпорациясының Қазақстандағы жекешелендіру бағ­дарламасына және «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталығы бир­жасының жұмысына бел­сен­ді қатысу мүмкіндіктері қарас­тырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұ­хам­­­­мед аш-Шайбаниге Қазақ­стан ак­тивтеріне инвестиция салу­­ға және сатып алуға қызы­ғу­шы­лық білдірген жағдайда, біз­дің мем­лекеттік құрылымдардың инвес­торлар үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін айтты. 

Мемлекет басшысы сапар аясында Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді.

Дубайдың Халықаралық қаржы орталығының басқарма төр­ағасы Ариф Амири Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы эконо­ми­калық аймақ жұмысының принциптері, қажетті заңдық, ком­мерциялық және басқа да инфрақұрылымдармен қамта­масыз ету арқылы бизнес пен қар­жы институттары үшін тартым­ды жағдай жасау жөнінде айтты.

Бүгінде Орталықта заңды түрде 2300-ге жуық компания тір­келген. 2024 жылға қарай олар­­дың Дубай Әмірлігінің ішкі жал­пы өніміне қосатын үлесі шамамен 15 пайыз болмақ.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың Халықаралық қар­жы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубай­дың табысты тәжірибесін «Аста­на» халықаралық қаржы орта­лы­ғының жұмысына пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» көрмесіне дайындық барысымен танысып, дүбірлі жиынға арнап салынатын Қазақстан павильо­нының құрылысын аралап көрді. Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қа­лып­тастыру» деген тақырыппен өтеді.

«ЭКСПО-2020» көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланған. «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Халықаралық қатынастар депар­таментінің директоры Нұр­­бек Ергешбаевтың сөзіне қара­­ғанда, Дубайда өтетін «ЭКСПО-2020» көрмесіндегі Қазақстан павильонына 3400 шаршы метр жер бөлінген.

«Желтоқсан айында құрылыс жұмыстары басталды. Оны «ЭКСПО-2020» ұйымдастыру коми­тетінің бекіткен кестесіне сай жүргіземіз. Тамызда құрылыс толық аяқталуы тиіс. Біздің павильоны­мызда үш аймақ болады. Бірін­шісінде Қазақстан туралы, туристік әлеуетіміз жөнінде ин­терактивті деректер орналасты­рылады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы жөнінде тағы бір ай­мақ болады. Үшінші аймақта елі­міздің экономикалық мүмкін­діктері, инвестициялық әлеуетіміз туралы мәліметтер беріледі. Биыл­ғы «ЭКСПО-2020» көрмесін мил­лиондаған турист тамашалай­ды деп жоспарланған. Бұл мүмкіндікті жан-жақты пай­далануымыз қажет», деді Н.Ергеш­баев.

Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі па­вильонына жақын жердегі «Мүм­кіндіктер» деп аталатын кластерде орналасады. Ұлттық экспозиция бірнеше бөлікке бөлінген. Онда өңіріміздің әлемде алатын орны, еліміздің туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкін­дік­тері жөнінде мәлімет ала ала­ды. Интерактивті шоудың соңын­да павильон қонақтарына жасан­ды интеллектінің адамзат бо­лашағына әсері туралы айтылады.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» – Әбу-Даби, Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері)