Кеше Алматыда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде бастау алды. Биыл ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда аталып өтетін ғалымның мерейтойы әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі қонақтардың басын қосты.
Айтулы шараға дүние жүзінде әл-Фарабидің атын иеленіп отырған жалғыз университет – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйытқы болды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының басталуына орай Әл-Фараби орталығы-кітапханасы ашылды.
Cалтанатты жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан – қайырымды қоғам, бақыт, адамның жетілуі туралы мәселелер қазіргі заман үшін де аса өзекті екенін тарата отырып, биыл Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымдарының қолдауымен түрлі елдердің ғалымдары Нұр-Сұлтан қаласында, әл-Фарабидің отаны – Түркістан облысында және Парижде өтетін ірі халықаралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөлісетінін айтты.
«Ғылыми-сараптамалық іс-шаралар сондай-ақ Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа да елдерде өтеді.
Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінде 12 орталық, ал Ыстанбұл мен Делиде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашқан мұражай-үйлер бар. Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері секілді Әл-Фараби орталықтары да кеңейе бермек. Жақында «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Барлық іс-шара ғылымға және білімнің дамуына лайықты ықпал етеді деп сенеміз», деді Мемлекеттік хатшы.
Мемлекеттік хатшы мәлімдегендей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік талаптарға сай әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабы құрылмақ. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба озық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығына айналады деп жоспарланып отыр.
Қырымбек Көшербаев әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы идеяларына негізделген тағы бір жаңа жобаны атай келе, бұл бастамалар жастардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағытталатынына тоқталды.
– Әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның киелі мекені. Бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан аймағы күллі түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Дамаск қаласындағы Әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей-үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы құрылады. Филиалдың қызметі әлемдік қауымдастықта ел мүддесін алға қойып, беделін арттыруға септеседі.
Мерейтой аясында дана ойшылдың еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, ғұлама ғалым туралы деректі фильм және өмірбаяндық сериал түсіру, театрларда Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою, тағы басқа шаралар қарастырылған, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу барысында төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру керектігін санамалай келе: «Ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану, ғұлама ғалымның мұрасын өзекті ғылыми-зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану, әл-Фараби идеалдарының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн», деді.
Осыдан кейін сөз кезегін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алды.
– Биылғы 2020 жыл еліміздің тарихы үшін маңызды атаулы күндерге бай. Төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы – солардың ішіндегі ең елеулілерінің бірі. Ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматыда басталуының да өзіндік сыры бар. Себебі еліміздегі ең басты оқу ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық академия да Алматы қаласында қоныс тепкен. Оған әл-Фараби кітапханасы мен Фараби орталығын қосыңыз. Ғұламаның «Даналық жауһарлары», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты еңбектері мыңдаған жыл өтсе де өз мәнін жойған жоқ. Солардың ішінен мен бүгінгі таңдағы қала өмірі үшін ойшылдың «Қайырымды қала» туралы идеялары аса өзекті деп санаймын, – деді.
Шаһар басшысы әл-Фараби айтып кеткен ізгі армандарды жүзеге асыруды 7 стратегиялық бағытта жүргізуді көздеп отырғанын, сол ұстанып отырған мақсаттар әл-Фараби мұрат еткен «қайырымды қала» тұрғызу қадамдарымен ұштасып жатқанын жеткізді.
– Ең алдымен, әл-Фараби мұрасын зерттеу әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, зерттелетін қырлары жетерлік. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әл-Фараби еңбектерін, шет тілдердегі аудармаларын туған жеріне қайтарып, әл-Фараби орталығының жеке қорын жасау керек. 1975 жылы ойшылдың 1100 жылдық мерейтойынан бастау алған аударма ісін қайта жандандыру керек. Екіншіден, Алматы – жастар қаласы. Жастар – ел болашағы. Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиден: « – Уа, Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ?» деп сұрағанда, әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», деген екен. Осы ретте әл-Фарабидің адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбиелеу ісі қоғамды ізгілендіруге септігін тигізері анық. Бүгінде студент жастар арасында арнайы әл-Фараби шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялау, Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау ұсынылып отыр. Үшіншіден, Алматы қаласында 2009 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасы» бүгінде кеңінен танымал. Осы сайысты «Жәутіков олимпиадасы» секілді жаңа бір сапалық деңгейге, халықаралық деңгейге көтерген жөн деп санаймын. Төртіншіден, әл-Фарабидің жүріп өткен жолын саралау арқылы, туристерге тартымды болу үшін жарнамалық бағытта «Әл-Фараби ізімен» интерактивті картасын дайындап, соның негізінде интерактивті тур маршрутын жасау орынды болар еді. Бесіншіден, ғұлама ойшылдың ғылыми нысанына аспан денелерін зерттеу ілімі де енген болатын. Жас жеткіншектерге Фараби мұрасының жан-жақтылығын дәріптеу мақсатында Алматы қаласындағы Обсерватория ішінен Фараби бұрышын ашуды ұсынамын, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Тұлғаның адамдық қасиетін жетілдіру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни, тек материалдық байлық тұңғыш адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы тақырыптық тренингтер аса қажет, – дейді шаһар басшысы.
Осыдан кейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат әл-Фарабидің жаңа орталығын құру және оның жұмысы БҰҰ мен ЮНЕСКО үшін үлкен маңызға ие екенін тілге тиек етті.
– Әл-Фарабидің дүниетанымы мен мұрасы Тұрақты даму саласындағы жаңа күн тәртібімен, сондай-ақ ЮНЕСКО бағдарламаларымен және мақсаттарымен үндес. Сондықтан да Орталық Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да мәдениетаралық диалогті дамытатын ЮНЕСКО-ның белсенді серіктесіне айналуы мүмкін. Орталықтың қызметі ЮНЕСКО-ның жастар арасында ғылымды ілгерілетуге, тұрақты дамуды жетілдіруге қажет білім мен дағдыларды ынталандыруға, сондай-ақ әлем мәдениетін дамытуда және зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет етуде, мәдени әртүрлілік құндылықтарын тануда көмек бере алады, – деді Криста Пиккат.
Салтанатты шарада Ислам Ынтымақтастық Ұйымы бас хатшысы Асқар Мусиновтің құттықтау сөзі оқылды.
– Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның негізін қалаушы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдени орталықтар құру туралы бастамалары мен Дамаскіде 2012 жылы Қазақстан үкіметі салған Әл-Фараби атындағы мәдени орталықты қалпына келтіру туралы шешімін жоғары бағалағым келеді. Орталықтың қызметі ЮНЕСКО-ның жастар арасында ғылымды ілгерілетуге, тұрақты дамуды жетілдіруге қажет білім мен дағдыларды ынталандыруға, сондай-ақ әлем мәдениетін дамытуда және зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет етуде, мәдени әртүрлілік құндылықтарын тануда көмек бере алады, – дейді Асқар Мусинов.
Сөз кезегі Сауд Арабиясы білім және ғылым министрі Нассер Мұхаммед әл-Акили мырзаға жеткен кезде ол екі елдің университеттеріне пайда әкелетін ғылыми салаларда зерттеулер мен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен үміт артатынын жеткізді.
Каподистрия атындағы Афина ұлттық университетінің профессоры Георгиос Стейрис: «Мен философияның отаны болып саналатын қалада дүниеге келдім. Сократ, Платон және Аристотель Афинада философияның негізін қалады. Олардан соң философия Шығыста тарала бастады, онда философиялық ойдың барлық аспектілерін екінші ғалым дамытты. Әбу Насыр әл-Фараби платондық және аристотельдік ойларды Шығыс дәстүрлерімен байланыстыруға ұмтылды және Ұлы Еуразия даласына философияны алып келген. Оның үстіне, Ұлы музыка кітабы – аса маңызды ортағасырлық музыкалық трактат. Әл-Фарабидің философия тарихындағы орны негіздеуші екені назар аударарлық. Өйткені оның шығармашылығы мен қызметі Қазақстан, Ирак, Сирия және Мысырдың тарихи жерлерін, Жерорта теңізінен Қытай шекарасына дейінгі барлық ұлы өркениеттерді біріктірді. Нәтижесінде ол Аристотельден кейінгі ұлы философиялық беделге ие болды.
Ол жаһандану идеясын алға тартқан бірінші адам. Ол ежелгі гректердің мейірімді қала идеясын сақтауға ұмтылады, сондай-ақ мейірімді қауым мөлшерін арттырады. Оның пайымдауы маңызды және ықпалды болып қала береді, өйткені әл-Фарабидің жаһандық мемлекеті ақыл-ой мен шыдамдылық арқылы басқарылады. Ешбір діни немесе этностық дәстүр екіншісін жоққа шығармайды», деді.
Мәртебелі меймандардың бірі Дамаск университетінің президенті Мұхаммед Махер Кабакиби байырғы Шам тарихын безбендей келе: «Мұнда ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің кесенесі орналасқан. Ол ең көрнекті тұлғалардың бірі. Һижра жыл санауы бойынша 329 жылы Дамаскіде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Ескі Дамаскіде оның кесенесінің жанынан «Әл-Фараби мәдени орталығы» құрылған. Ол философия, логика, физика, музыка, медицина және этика ғылымдарын терең меңгергеннен кейін «екінші ұстаз» деген атқа ие болған. Бұл орталық Қазақ елінің Сирияға тартуы», деді.
Түркия Республикасының Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Метин Гүндоғду биылғы Фараби жылында Түркия Республикасының ресми өкілдері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тізе қоса отырып, Ыстанбұл мен Анкарада түрлі іс-шара өткізетіндігін жеткізді.
Салтанатты жиынның ресми бөлігін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов қорытындылады.
Арада ХІ ғасыр өтсе де, әл-Фараби ілімінің дәл қазіргі алмағайып заманда өте өзекті әрі қажетті екеніне көзіміз жетіп отыр. Осы орайда, университет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде Университет – 4.0 жаңа моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Жиддада, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында таныстырды. Жаңа жоба халықаралық ауқымда жан-жақты қолдау таба бастады, деді.
Қазіргі уақытта осы модель аясында ҚазҰУ Біріккен ұлттар ұйымының Өркениеттер альянсымен бірге «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі университеттер миссиясы» деп аталатын халықаралық жобаны жүзеге асырып отыр. Бұл жоба Қазақ ұлттық университетінің әлемнің 12 мемлекетінде ашылған Әл-Фараби орталықтарында іске қосылған. Сондай-ақ жуырда әл-Фарабидің жатқан жері – Дамаскідегі кесенесінде осындай орталық ашылмақ. Осы арада Әл-Фараби есімін және ілімін мәшһүрлеу мақсатында Ұлттық университетте тұңғыш қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктері ғарышқа ұшырылғанын айту ләзім. Сондай-ақ «Әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабы» атты жаңа жоба іске қосылады.
Ұлы ойшылдың мерейтойы қарсаңында университет студенттері әл-Әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы ілімін елімізде және әлемде тарату ниетімен «QAIYRYMDY QOǴAM» деп аталатын заманауи челленджді бастап кетті. Фараби мерейтойы ашылу салтанатының соңы театрландырылған сахналық көрініс пен үлкен концертке ұласты.
АЛМАТЫ