• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Қаңтар, 2020

Қайырымды қаладан – қайырымды қоғамға

4883 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде бастау алды. Биыл ЮНЕСКО-ның қолдауымен халықаралық ауқымда аталып өтетін ғалымның мерейтойы әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі қонақтардың басын қосты.

 

Айтулы шараға дүние жүзінде әл-Фарабидің атын иеленіп отырған жалғыз университет – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйытқы болды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының басталуына орай Әл-Фараби орталығы-кітапханасы  ашылды. 

Cалтанатты жиында Мем­лекет­тік хатшы Қырымбек Көшер­баев ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан – қайырымды қоғам, бақыт, адамның жетілуі тура­лы мәселелер қазіргі заман үшін де аса өзекті екенін тарата отырып, биыл Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйымда­ры­ның қолдауымен түрлі елдер­дің ғалымдары Нұр-Сұлтан қала­сында, әл-Фарабидің отаны – Түркістан облысында  және Парижде өтетін ірі халықаралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөлісетінін айтты.

«Ғылыми-сараптамалық іс-шара­лар сондай-ақ Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа да елдерде өтеді.

Бүгінде  әлемнің  жетекші  универ­ситеттерінде 12 орталық, ал Ыс­танбұл мен Делиде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті ашқан мұражай-үйлер бар. Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері  секілді Әл-Фараби  орталықтары да  кеңейе бермек. Жақында «Әл-Фараби ізімен» атты  ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. Барлық іс-шара ғылымға  және  білімнің  дамуына  лайықты ықпал етеді деп сенеміз», деді Мемлекеттік хатшы.

Мемлекеттік хатшы мәлім­де­ген­дей, Әл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінде әлемдік талаптарға сай әл-Фараби ғы­лыми-технологиялық алқабы құ­рылмақ. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба озық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығына айналады деп жос­парланып отыр.

Қырымбек Көшербаев әл-Фа­­ра­бидің қайырымды  қоғам ту­ралы идеяларына  негіздел­ген тағы бір жаңа жобаны атай келе, бұл бастамалар жастардың  рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағыт­талаты­нына тоқталды.

– Әл-Фарабидің отаны  Оты­рар  – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның киелі мекені. Бүгінде облыс  орталығы мәртебесіне  ие  болған Түркістан аймағы күллі түркі әлемінің  мәдени-рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан  облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар  қаласын  туристік  кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын  болады.  Дамаск қаласындағы Әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей-үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың  негізінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  филиалы  құрылады. Филиалдың  қызметі әлемдік қауымдастықта ел  мүддесін алға қойып, беделін арттыруға септеседі.

Мерейтой аясында дана ойшылдың  еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, ғұлама ғалым туралы деректі фильм және өмірбаяндық сериал түсіру, театрларда Ш.Құсайыновтың  «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою, тағы басқа шаралар қарастырылған, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Мемлекеттік хатшы әл-Фараби­дің 1150 жылды­ғын мерекелеу бары­сында төмендегідей міндет­терді жүзе­ге асыру керектігін санамалай келе: «Ұлы ойшылдың идеялары мен қағи­даттарының теориялық негіздерін жаңа заманға сай пайдалану, ғұлама ғалым­ның мұрасын өзекті ғылыми-зерт­­теулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану, әл-Фараби идеалдарының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн», деді.

Осыдан кейін сөз кезегін Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Сағынтаев алды.

– Биылғы 2020 жыл еліміздің тарихы үшін маңызды атаулы күндерге бай. Төрт­күл дүниеге танымал ғұлама Әбу На­сыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жыл­дық мерейтойы – солардың ішіндегі ең елеулілерінің бірі. Ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік ша­раларының Алматыда басталуының да өзіндік сыры бар. Себебі еліміздегі ең бас­ты оқу ордасы – Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұ­ра­ларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылы­ми орталық – Ұлттық академия да Алма­ты қаласында қоныс тепкен. Оған әл-Фа­раби кітапханасы мен Фараби орта­лығын қосыңыз. Ғұламаның «Даналық жауһарлары», «Ізгі қала тұрғындарының көзқара­сы», «Бақытқа жету», «Мемлекеттік қай­раткерлердің нақыл сөздері» сияқты еңбек­тері мыңдаған жыл өтсе де өз мәнін жойған жоқ. Солардың ішінен мен бүгінгі таңда­ғы қала өмірі үшін ойшылдың «Қайы­рымды қала» туралы идеялары аса өзекті деп санаймын, – деді.

Шаһар басшысы әл-Фара­би айтып кеткен ізгі армандарды жүзеге асыру­ды 7 стратегиялық бағыт­та жүр­гізуді көздеп отырғанын, сол ұста­нып отырған мақсаттар әл-Фараби мұрат еткен «қайырымды қала» тұрғызу қадам­дарымен ұштасып жатқанын жеткізді.

– Ең алдымен, әл-Фараби мұрасын зерт­теу әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, зерттелетін қырлары жетерлік. Әлем­нің түкпір-түкпіріндегі әл-Фараби еңбек­терін, шет тілдердегі аудармаларын туған жеріне қайтарып, әл-Фараби орта­лығының жеке қорын жасау керек. 1975 жылы ойшылдың 1100 жылдық мерей­тойынан бастау алған аударма ісін қайта жандандыру керек. Екіншіден, Алматы – жастар қаласы. Жастар – ел болашағы. Шығыс әмір­лерінің бірі әл-Фарабиден: « – Уа, Ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қан­дай күйде болмақ?» деп сұрағанда, әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», деген екен. Осы ретте әл-Фарабидің адамгершілік құн­дылықтар арқылы тәрбиелеу ісі қоғамды ізгілендіруге септігін тигізері анық. Бү­гін­де студент жастар арасында арнайы әл-Фараби шығармашылығы бойынша ашық байқау жариялау, Алматы қаласы әкімінің стипендиясын тағайындау ұсынылып отыр. Үшіншіден, Алматы қаласында 2009 жылдан бері Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін «Әл-Фараби олимпиадасы» бүгінде кеңінен танымал. Осы сайысты «Жәутіков олим­пиадасы» секілді жаңа бір сапалық дең­гейге, халықаралық деңгейге көтер­ген жөн деп санаймын. Төртіншіден, әл-Фарабидің жүріп өткен жолын саралау арқылы, туристерге тартымды болу үшін жарнамалық бағыт­та «Әл-Фараби ізімен» интерак­тивті картасын дайындап, соның негізінде интерактивті тур маршрутын жасау орынды болар еді. Бесіншіден, ғұлама ойшылдың ғылы­ми нысанына аспан денелерін зерт­теу ілімі де енген болатын. Жас жет­кін­шектерге Фараби мұрасының жан-жақ­тылығын дәріптеу мақсатында Алматы қаласындағы Обсерватория ішінен Фараби бұрышын ашуды ұсы­намын, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Тұлғаның адамдық қасиетін жетіл­діру – әл-Фараби мұрасының өзегі. Ол тәрбиесіз берілген білімнің зиян екенін айтты. Яғни, тек материалдық байлық  тұңғыш адамға бақыт әкелмейтінін ескертті. Қазіргі кәсіпкерлерге осы бағыттағы та­қы­рыптық тренингтер аса қажет, – дейді шаһар басшысы.

Осыдан кейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат әл-Фарабидің жаңа орта­лығын құру және оның жұмысы БҰҰ мен ЮНЕСКО үшін үлкен маңызға ие екенін тілге тиек етті.

– Әл-Фарабидің дүниетанымы мен мұрасы Тұрақты даму саласын­дағы жаңа күн тәртібімен, сондай-ақ ЮНЕСКО бағдарламаларымен және мақ­сат­тарымен үндес. Сондықтан да Орта­лық Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да мәдениетаралық диалогті дамы­татын ЮНЕСКО-ның бел­сенді серіктесіне айналуы мүмкін. Орталықтың қызметі ЮНЕСКО-ның жастар арасында ғылымды ілгерілетуге, тұрақты дамуды жетілдіруге қажет білім мен дағдыларды ынталандыруға, сондай-ақ әлем мәдениетін дамытуда және зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет етуде, мәдени әртүрлілік құнды­лық­тарын тануда көмек бере алады, – деді Криста Пиккат.

Салтанатты шарада Ислам Ынты­мақтастық Ұйымы бас хатшысы Асқар Мусиновтің құттықтау сөзі оқылды.

– Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның негізін қалаушы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдени орталықтар құру туралы бастамалары мен Дамаскіде 2012 жылы Қазақстан үкіметі салған Әл-Фараби атындағы мәдени орталықты қалпына келтіру туралы шешімін жоғары бағалағым келеді. Орталықтың қызметі ЮНЕСКО-ның жастар арасында ғылымды ілгерілетуге, тұрақты дамуды жетілдіруге қажет білім мен дағдыларды ынталандыруға, сондай-ақ әлем мәдениетін дамытуда және зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әре­кет етуде, мәдени әртүрлілік құнды­лық­тарын тануда көмек бере алады, – дейді Асқар Мусинов.

Сөз кезегі Сауд Арабиясы білім және ғылым министрі Нассер Мұхаммед әл-Акили мырзаға жеткен кезде ол екі елдің университеттеріне пайда әкеле­тін ғылыми салаларда зерттеулер мен ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен үміт артатынын жеткізді.

Каподистрия атындағы Афина ұлт­­тық университетінің профессоры Геор­гиос Стейрис: «Мен фило­софияның отаны болып саналатын қалада дүниеге келдім. Сократ, Пла­тон және Аристотель Афинада философияның негізін қалады. Олардан соң философия Шығыста тарала бастады, онда философиялық ой­дың барлық аспектілерін екінші ғалым дамытты. Әбу Насыр әл-Фараби пла­тон­дық және аристотельдік ойларды Шы­ғыс дәстүрлерімен байланыстыруға ұм­тылды және Ұлы Еуразия даласына фи­ло­софияны алып келген. Оның үсті­не, Ұлы музыка кі­та­бы – аса маңызды ортағасырлық музыкалық трактат. Әл-Фарабидің философия тарихындағы орны негіздеуші екені назар аударарлық. Өйткені оның шығармашылығы мен қызметі Қазақстан, Ирак, Сирия және Мысырдың тарихи жерлерін, Жерорта теңізінен Қытай шекарасына дейінгі барлық ұлы өркениеттерді біріктірді. Нәтижесінде ол Аристотельден кейінгі ұлы фило­софиялық беделге ие болды.

Ол жаһандану идеясын алға тартқан бірінші адам. Ол ежелгі гректердің мейі­­рімді қала идеясын сақтауға ұмты­лады, сондай-ақ мейірімді қауым мөл­шерін арттырады. Оның пайымдауы ма­ңызды және ықпалды болып қала береді, өйткені әл-Фарабидің жаһандық мем­лекеті ақыл-ой мен шыдамдылық ар­қылы басқарылады. Ешбір діни немесе этностық дәстүр екіншісін жоққа шы­ғар­майды», деді.

Мәртебелі меймандардың бірі Дамаск университетінің президенті Мұхаммед Махер Кабакиби байырғы Шам тарихын безбендей келе: «Мұнда ғұ­лама Әбу Насыр әл-Фарабидің кесенесі орна­ласқан. Ол ең көрнекті тұлғалардың бірі. Һижра жыл санауы бойынша 329 жылы Дамаскіде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Ескі Дамаскіде оның кесенесінің жанынан «Әл-Фараби мәде­ни орталығы» құрылған. Ол философия, логика, физика, музыка, медицина және этика ғылымдарын терең меңгергеннен кейін «екінші ұстаз» деген атқа ие болған. Бұл орталық Қазақ елінің Сирияға тартуы», деді.

Түркия Республикасының Ұлы ұлт­тық мәжілісінің депутаты Метин Гүн­доғду биылғы Фараби жылында Түркия Республикасының ресми өкіл­дері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тізе қоса отырып, Ыстанбұл мен Анкарада түрлі іс-шара өткізетіндігін жеткізді.

Салтанатты жиынның ресми бөлігін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ректоры Ғалым Мұтанов қорытындылады.

Арада ХІ ғасыр өтсе де, әл-Фараби ілімінің дәл қазіргі алмағайып заманда өте өзекті әрі қажетті екеніне көзіміз жетіп отыр. Осы орайда, университет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөнін­дегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде Университет – 4.0 жаңа моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Жиддада, Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мында таныстырды. Жаңа жоба халық­­аралық ауқымда жан-жақты қо­л­дау таба бастады, деді.

Қазіргі уақытта осы модель аясында ҚазҰУ Біріккен ұлттар ұйымы­ның Өркениеттер альянсымен бірге «Қайы­рымды қоғам азаматтарын қалып­тастыру. Қазіргі университеттер миссия­сы» деп аталатын халықаралық жо­ба­ны жүзеге асырып отыр. Бұл жоба Қазақ ұлт­тық уни­верситетінің әлем­нің 12 мем­лекетінде ашылған Әл-Фараби орталық­тарында іске қосылған. Сондай-ақ жуырда әл-Фарабидің жатқан жері – Дамаскідегі кесенесінде осындай орталық ашылмақ. Осы арада Әл-Фараби есімін және ілімін мәшһүрлеу мақсатында Ұлт­тық университетте тұңғыш қазақстан­дық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фара­би-2» наноспутниктері ғарышқа ұшырыл­ғанын айту ләзім. Сондай-ақ «Әл-Фараби ғылыми-тех­нологиялық алқабы» атты жаңа жоба іске қосылады.

Ұлы ойшылдың мерейтойы қар­саңында университет студенттері әл-Әл-Фа­ра­бидің қайырымды қоғам туралы ілімін елімізде және әлемде тарату ниетімен «QAIYRYMDY QOǴAM» деп аталатын заманауи челленджді бас­тап кетті. Фараби мерейтойы ашылу салтанатының соңы театрландырылған сахналық көрініс пен үлкен концертке ұласты.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар