Қысқы кезең жағдайындағы жедел ахуал туралы брифинг өтті. Онда Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин төтенше жағдайларға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ішкі істер министрі орынбасарының сөзіне қарағанда, ауа райының нашарлауына байланысты автожолдар 418 рет жабылып, жолдың 44 учаскесінде көлік жүрісіне шектеу қойылған. Бір сөзбен айтқанда, барлық учаскеге блок-бекеттер орнатылған. Соның өзінде қар құрсауында 2933 техника қалған. Олардың бәрі дер кезінде шығарылып, жылыту пункттеріне 1483 адам, соның ішінде 128 бала орналастырылған. (Нұр-Сұлтан – 58, Ақмола – 928, Ақтөбе – 53, Қарағанды – 249, Павлодар – 195).
Осылайша авариялық-құтқару жұмыстары мен жолдарды тазалау тәулік бойы жүргізілуде. ТЖ комитетінде және ТЖ бойынша 10 өңірлік департаментте (Ақмола, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО, Түркістан, Нұр-Сұлтан қ.) жедел штабтар құрылған. Соған сай «Қауырт желі» жұмысы ұйымдастырылып, оған 454 қоңырау түскен. Сөйтіп осындай қауырт жұмыстардың нәтижесінде аталған кезең ішінде барлығы 3377 адам, соның ішінде 335 бала қар құрсауынан құтқарылып, 3677 адам, соның ішінде 265 бала қауіпсіз жерге орналастырылды. 2933 түрлі техника қардан аршылды.