Өткен жылы Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай Тараз қаласының орталығынан «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені ашылған болатын.
Бұл кешенде бірнеше мәдени нысандар орналасқан. Аталған мәдени нысандарды тиімді пайдалану бойынша Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жиын өткізіп, мұнда да бірқатар мәселелер талқыланды. Жиында аталған кешендегі Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркемсурет галереясы, қолөнер шеберлерінің орталығы, көрме павилондарының ағымдағы жылғы жоспарлары сараланып, олардың штаттық кестелері қаралды.
Асқар Мырзахметов өз сөзінде жаңадан бой көтерген нысандарды бос тұрғызбай, оларды мақсатты түрде дұрыс пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол жерлерде өтетін шаралардың тағылымдық мәніне аса мән беруді, науқандық емес күнделікті жұмыстарды жүргізіп отыру керектігін баса айтты. Мәселен, «Руханият және тарихтану» орталығында рухани құндылықтарды жинақтауды, жүйелеуді және зерттеуді, оны насихаттауды жүйелі жүзеге асыруды атап өтті. Сонымен қатар, әкім көне Тараздың тарихын зерделеу жұмыстарын жүйелей түсуге барынша көңіл бөліп, өңірдің тереңде жатқан құндылықтарын аршып алуға түпкілікті бет бұру керектігін айтты. Бұл орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Археология» факультетін ашу жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Тараз қаласындағы жаңа салынған мәдени нысандарды дұрыс пайдалану керек. Басқосу барысында тарихи дерекқор базасын құру, оны үнемі толықтыру жұмыстарын үйлестіру, ол бойынша аудандардан ұсыныстар жинақтау жайы сөз болды. Айта кетейік, аталған музей жаңа нысанда қайта ашылғаннан бері мұнда 89 мыңнан аса адам тамашалаған.
Жиында елімізде теңдесі жоқ көркемсурет галереясын барынша ұтымды ұқсату жайы да жан-жақты қозғалды.
Жамбыл облысы