Шілденің соңында Францияда қамауға алынған қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әбіләзов Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланып қалуы мүмкiн. Бұл туралы кеше өткізген баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiков мәлімдеді.
Шілденің соңында Францияда қамауға алынған қазақстандық экс-банкир Мұхтар Әбіләзов Украинаға немесе Ресейге экстрадицияланып қалуы мүмкiн. Бұл туралы кеше өткізген баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiков мәлімдеді.
«2 тамыз күні Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Әбіләзовті экстрадициялау туралы өтiнiш жолдады. Сондай-ақ, Украина мен Ресей құқық қорғау органдары француз билiгіне Әбіләзовті iздеп, экстрадициялау туралы ниет білдіргені аян. Бұл үдерістер бiр-бiрiне қатыссыз жүргізілді және басқа мемлекеттердiң құзыреттi органдары айып тағып отырған тұлғаларды iздеп, ұстап беруді сұрау ниетiне байланысты шешiмдер қабылдауға араласуға немесе ықпал етуге ешкiмнiң де құқығы жоқ», – дедi Сүйiндіков.
Бас прокуратураның ресми өкiлi күдiктi тұлғаларды экстрадициялау мәселелерi олар жасырынып жүрген елдердiң iшкi заңнамасымен және халықаралық келiсiмдермен реттелетiнiн сөз етті.
«Франция, Ресей және Украина 1957 жылғы 13 желтоқсанда Парижде жасалған Құқық бұзушыларды ұстап беру туралы еуропалық Конвенцияның қатысушылары болып табылады. Қазақстан Республикасы бұл Конвенцияға қатыспайды», – деді ол.
Нұрдәулет Сүйiндiков қазiргi таңда француз билiгі халықаралық мiндеттемелерге сәйкес Мұхтар Әбіләзовті Украинаға экстрадициялау мәселесiн қарастырып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған Конвенцияның негiзiнде ол Ресейге экстрадициялануы мүмкiндiгiн де жоққа шығармады.
Ресми өкiл Бас прокуратураның Әбіләзовті Қазақстанға қайтару мақсатына бар күшті жұмылдырып жатқанына назар аударды. «Бұған қажет мүмкiндiктердiң барлығын қолданамыз. Түпкiлiктi шешiмдi Франция қабылдайтын болады. Әбіләзов аса ауыр қылмыстарды Қазақстанда жасауына, оның үстiне ол Қазақстан азаматы болуына байланысты біз оның Қазақстанға экстрадициялануын талап етуге толық құқымыз бар», – деп атап өтті ол.
«БАҚ-та экстрадициялау мәселесi ұзаққа созылатыны туралы бiрнеше рет жазылды. Егер Әбіләзов Қазақстанға әкелінбейтін болса, оған байланысты елiмiздің қандай шаралар қабылдайтыны әзірге белгісіз. Бiз дәл қазiр оның Қазақстанға жеткізілуін қатаң түрде талап етудеміз», – деді ресми өкіл өз сөзінде.
Бұдан әрі: «1 тамызда Экс-ан-Прованс қаласының соты Францияның қылмыстық-процессуалдық заңнамасына сәйкес, Әбіләзовті 40 тәулiкке дейiн қамауда ұстауға санкция берді», – дедi Сүйiндiков.
Руслан ИГІЛІК.