“Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес осы жылдың 28 наурызында еліміздің 13 өңіріндегі 52 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткізілді. Нәтижесінде 11 облыстық, 7 қалалық және 34 аудандық мәслихаттар депутаттары сайланды.Бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік екі кандидаттан сәл жоғары болды. Кандидаттардың неғұрлым көп саны Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихаты депутатының мандатына №1 сайлау округі бойынша және Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихаты депутатының мандатына №4 сайлау округі бойынша 4 адамнан келді. Сайлау науқаны барысында 149 кандидат ұсынылды. Олардың 54-ін саяси партиялар, 2-уін қоғамдық бірлестіктер ұсынды және 93 үміткер өзін-өзі ұсынды. Ал “Нұр Отан” ХДП барлық 52 сайлау округінде өз кандидаттарын ұсынған еді.
Сайлау бюллетеньдеріне 120 кандидаттың аты-жөндері енгізілді. Олардың ішінде 54 кандидат саяси партиялардың мүшелері болып табылады, 51-і партияда жоқтар, тағы 15-і өздерінің партияға мүшелігін көрсетпеген. Дауыс беру 28 наурызда 316 сайлау учаскесінде жүргізілді. Алдын ала деректер бойынша, сайлаушылардың келуі 77,4 пайызды құраған.
Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін кандидаттардың жалпы саны 863 сенім білдірілген адамдары, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері бақылады. Ал сайланған 52 мәслихаттар депутаттарының барлығы “Нұр Отан” ХДП мүшелері болып табылады. Сайланған мәслихаттар депутаттарының 45-і ер адамдар, 7-уі әйелдер. Жалпы, сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларына сәйкес өткізілді. Орталық сайлау комиссиясына шағымдар мен өтініштер түскен жоқ.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.