«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған ғылым» деп аталатын НАТО бағдарламасының шеңберінде қазақстандық ғалым Лаура Кенжина арнайы грант жеңіп алды. Оның еңбегі «Радиациялық және ядролық төтенше жағдайлар кезінде сұрыптаудың жаңа биологиялық және физикалық әдістері» тақырыбын қамтыды.
Лаура Кенжина жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ядролық орталығындағы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының қызметкерлері үнемі өздерінің жетістігімен ерекшеленеді. Олардың биодозиметриялық және эпидемиологиялық зерттеулер тобы халықаралық деңгейде тәжірибелік ынтымақтастықты дамытып, іске асыруда. Сондай-ақ ғылыми технологиялар мен инновациялардың қауіпсіздігіне байланысты ғылыми әлеуетті құру арқылы НАТО елдері мен әріптес елдер арасындағы диалогты кеңейтуге ықпал етуде.
Гранттың тұсаукесері Брюссельдегі НАТО-ның штаб-пәтерінде өтті. Айта кету керек, НАТО-ның негізгі басым бағыты мен стратегиялық міндеттерінің бірі – химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық соғысты болдырмау. Ғылыми зерттеулер НАТО елдерінің бірнеше ғылыми-зерттеу мекемесімен, атап айтқанда, Италияның екі институтымен және Хорватия институтымен өзара әріптестікте жүзеге асырылатын болмақ.
Грант шеңберінде радиациялық оқыс оқиғаларға байланысты төтенше жағдайларға дайын болу мәселесі жоспарлануда. Адам денсаулығына зиян келтіретін салдардың алдын алу үшін ертерек және жылдам әрекет ету маңызды. Бұл іс-шаралар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен қауіпсіздік талаптарының ажырамас бөлігі болып табылады.
Жоспарланған гранттың іс-шараларына сәйкес 3 жыл бойы қазақстандық мамандар Еуропаның жетекші зерттеу орталықтарында оқытылатын болды.
Cемей-Курчатов