• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 31 Қаңтар, 2020

Абай жаққан бір сәуле сөнбеуі үшін

2055 рет
көрсетілді

Диалектикалық логика саласында қазақ ғылымының қазығын қаққан, Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин ой-таным, дүниеауи толғамдар мен ақыл-пайымдар әлеміндегі ірі тұлға. Ол Абайды танудың ұлтымыз үшін маңызды екенін ерте түсініп, осы салада да талмай тер төгіп келеді.

– Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де ұлы Абай тұлғасының аласармасы анық. Қайта уақыт озған сайын оның бай мұрасы асыл тастай ажарланып, туған елін, ұрпағын биік шыңдарға жетелей бере­ді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын еңбегін оқып шық­қаннан кейін мен осындай ойға берілдім. Аға, өзіңіз қандай әсер алдыңыз?

– Біріншіден, Мемлекет бас­шысының жұмысының қа­уырт­тығына қарамастан, уақыт тауып, Абай туралы ой-тол­ға­ныс­тарын қалың елге ұсын­ғанына қатты риза болдым. Те­рең мазмұнды, аса пайдалы, бағдарламалық мақсаты бар ең­бек, абайтануға қосылған сүбелі үлес деп санаймын. Президент өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды ХХІ ғасырда елі­міздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір дәттеп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары бар­шамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», – деуі өте орынды

Мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешудегі маңыздылығы жан-жақты ашып көрсетілген.

– Осыған дейін де Абай ту­ра­лы талай кітаптар шық­ты­ ғой. Мақалаларда сан жоқ.­ ­­­­Айтылмаған сөз қал­ма­ған сияқ­­ты. Кезінде өзі­ңіз де Абай­­дың өмірі мен шығар­ма­шы­­­лығына қатысты ойла­ры­­ңыз­бен бөліскен болатынсыз. Бер­тінде тағы бір кітап шы­ғар­дыңыз. «Абай гениальный мыс­литель и гуманист» деп ата­­­латын кітабыңызды айтып отыр­­мын. Осы тақырыпқа қай­та ора­луыңыздың себебі неде?

– Бұл еңбекті біз – қызым, белгілі ғалым, Қазақстан Респуб­ликасы ғылым академиясының мүшесі Раушан Әбділдинамен бірге жаздық. Негізгі мақсатымыз – Абайдың ұлылығын, әлемдік деңгейдегі айтулы тұлға екенін дәлелдеу.

– Сонда қалай? Абайдың ұлы екеніне күмәнданушылар бар ма?

– Ондай адамдар бірен-саран кездесетін де шығар. Бірақ біздің халқымыз Абайдың кемеңгерлігін әлдеқашан таныған. Абайтанумен бізге дейін айналысқан зерттеу­шілер де, қазір осы тақырыпқа қалам сілтеп жүрген ғалымдар мен әдебиетшілер де қазақтың бас ақынының ұлылығына, гений екеніне күмән келтірмейді. Абай Құнанбайұлы – қазақ қоға­мындағы дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған данышпан адам. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүние­танымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.

– Абайды ұлы дей отырып, гений дегенді қосып қойдыңыз. Бұл ұғым данышпан дегенді білдіре ме?

– Тура аударғанда, сөз арасында генийді данышпан десек, үлкен қателік болмайды. Бірақ философия ілімінде оның өз анықтамасы бар. Біз бұл ретте ХVIII ғасырда өмір сүрген неміс классикалық философиясының атасы саналатын Иммануил Кантқа жүгінеміз. Кант өзінің «Критика способности суждения» деген кітабында гений мен таланттың айырмашылығын мұқият, жан-жақты талдаған. Оның айтуынша, әрбір ұлтта бір ғана гений болады. Себебі гений – бағыт-бағдар беруші. Былайша айтқанда, тыңға түрен салушы адам. Ал таланттар, дарындылар – гений ұсынған жолмен жүріп, тамаша нәтижелерге қол жеткізе алған тұлғалар.

– Жұрттың бәрі философ емес қой, арамызда Канттың еңбектерімен таныспағандар да аз емес. Бірақ соңғы кезде ұлы деген сөзді жиі қолданатын бол­дық. Екінің-бірін ұлы деп шыға келеміз. Осыған не айтар едіңіз?

– Қай елде болмасын, қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген адамдар бар ғой. Тек олардың бәрін ұлы деуге келмейді. Көпшілік осыны түсіне алмай жүр. Ал шындығына келсек, біздің тарихымызда ұлы адамдар өте аз. Оларды тану үшін ұлылық пен таланттың, дарындылықтың ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Қайда болмасын өзі таңдаған салада жарқырай көрініп жүрген талантты адамдар аз емес. Солардың арасында тыңға түрен салып, айталық, рухани дүниеде немесе әдебиетте, ғылымда жаңа бағыт ашқандары саусақпен санарлықтай ғана. Әлемдік өлшеммен келетін бол­сақ, біз ұлы, гений деп жаңа ба­ғыт ашқандарды айтуымыз керек. Мысалы, олардың қатарына Уильям Шекспирді, Иоганн Ге­тені, Платонды (Аристокл) және басқаларын жатқызуға болады. Ағылшынның Фрэнсис Бэкон деген философы болған. Ол жаңа заманға сай келмейтін нәрселердің барлығын саралап, ағылшындардың санасындағы штамптарды идолдар деп беске бөліп көрсетіп берген, өз елінің, халқының өміріне үлкен өзгерістер әкелген ғалым. Сол сияқты, француздардың өмірін­дегі Шекспирдің де орны бөлек.

Қа­зақ қоғамының өмірін Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болады. Абайға дейінгі әдебиетіміз, ой-санамыз, философиямыз бір бөлек те, Абайдан кейін осы құн­ды­лықтарға көзқарасымыз мүлде өзгерді, жаңа түсінік қа­лыптасты. Мәселен, не жақсы, не жаман, не сұлу... осылардың барлығына Абай жаңа түр әкелді, жаңа мағына, жаңа бағыт берді. Демек, Абай Құнанбайұлы – шын мәніндегі гений.

– Данышпан дейсіз ғой...

– Философ болғандықтан ма­ған шынайы бағасы гений сияқ­ты. Әрине, халық Абайдың айтқандарын көзді жұмып бірден қабылдай қойған жоқ. Ескі мен жаңаның тартысы нақ осы кезден басталады. Ақыры, оң өзгерістерді көксеген Абай қазақтың өмірін­дегі кемшіліктерді сынауға мәж­бүр болады. Ол біздің қазақ хал­қының санасындағы жаңа заманға, жаңа үрдіске, жаңа жолға келмейтіндердің барлығын қатты сынаған адам. Өйткені ол осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өркениет көшіне ілесу үшін ұлтты жаңғырту, жаңа өмірге бейімдеу қажеттігін түсінген. Оның өз хал­қына жасаған ең керемет жақ­сылығы осы деп ойлаймын.

– Заманында Абайдың осы ізгі ниетін түсінбегендердің қа­тары қалың болғанын білеміз. Он­дайлар қазір де аз емес.

– Дұрыс айтасың. Мен бір жұмбақ адаммын дегендей, Абай – қазақ қоғамындағы құпиясы көп құбылыс. Оның қатпар-қатпар сырларын ашу, түсіну қиын. Біз үшін ол даналықтың сарқылмас қайнары іспетті. Алаш­­тың ардақтысы Жүсіпбек Ай­мауытов «Абай» журналында (1918) «Талабым, таяғым, жігерім, азығым, Маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым, – деп жазыпты. Осы сөздердің өзі-ақ көп жайдан сыр ұқтырып тұрған жоқ па?!

Кейбіреулер Абай қазақты қатты сынайды деп, тіпті ұлтын сүйетініне күмәнмен қарайды. Абай өзінің шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, тоғышарлық, жалқау­лық, екіжүзділік, мансапқорлық, мақтаншақтық сияқты ұлтының бойындағы кемшіліктерді сынады. Олардың толық адам болуына күш салды. Бұл нағыз өз халқына деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Заманында Николай Гаврилович Чернышевский де орыстарды сөзбен түйреген, «Все с ног до головы рабы» деген. Бірақ бұдан атақты жазушы орыстарды жек көрді деген ұғым тумайды. Абай да сол сияқты қазақты жақсы көргеннен, жаны ашығандықтан айтып отыр. Оны түсінгендер де болды. Мысалы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев:

Сөзіңе құлақ салып,

баға бермей,

Қисайып, қыңырайды

жұрт­тың иттес!

Бұртиып, теріс қарап:

«Аулақ жүр!» – деп,

Болды ғой жақын туған

бәрі кектес,

 – деп тебіренбей ме?!

Абай сынаса, ескі сананы сынады. «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүн­дей сабап» деп қоғамға сыни көз­бен қарауының себебі осында. Хакімнің «Қайран сөзім қор болды» немесе «көп пысыққа молықты» деген сөз­дерін де жеке тұлғаға емес, жал­пы­ жұрт­қа айтылған сын деп қабыл­да­ғанымыз жөн. «Бір кісі емес жаз­ғаным, жалпақ жұрт қой, Шам­данбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» деген сөздерінің астарында да үлкен ой жатқаны анық.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұл­тының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Оның айтқандарының тек қазақ үшін ғана емес, басқа ха­лықтар үшін де мәні өте зор. Абайдың ұлылығы сонда – одан кейін әдебиетке келгендердің барлығы да, айталық, Ахмет Бай­тұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев тағы басқалары Абайдың әсерімен, Абайдың жолымен жүрген, Абайға қарап ой түзеген. Абайдан кейінгі қазақ жазушыларының барлығын алып қарайтын бол­сақ, олардың барлығының ұлы оқытушысы, жаңа бағыт көрсе­тушісі – Абай.

Абай – заманынан озып туған дара тұлға. Ол қазақ хал­қын жа­ңалыққа, ғылым мен білім­ге ша­­қырды. Ол азаматтың қалып­та­суында, қазақтың бола­шағында білім мен ғылым ерекше рөл ат­қаратынына кәміл сенді.              

Ақын Жиырма бесінші қара с­өзінде өзге тілдің адамға не бе­ретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», дейді.

Бұл сөздер бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Жас­тарымыз неғұрлым көп тілді мең­герсе, соғұрлым олардың мүм­кіндігі де молая түсетінін өмір көр­сетіп отыр.

– Президент өз мақаласында Абай­дың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалып­тастыруға қызмет ететінін, әр­бір жастың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезім­ді орнық­ты­ра­тынын, сон­дық­тан хакім еңбектерінің нәрін өскелең ұр­пақтың санасына сіңіру, өмір­лік азы­ғына айналдыру – ұлт­ты жаң­ғыр­туға жол ашатын ма­ңыз­ды қадам­ның бірі болатынын атап көрсетті.

– Біз әлі Абайдың ақыл-ойла­рының тереңіне жете алған жоқпыз. Мәселен, еңбектің адам өміріндегі рөлі мен пайдасы туралы талай адамдар жазған. Бірақ Абайды оқып отырғанда, еңбек деген сөздің мағынасының өте тереңдігіне қаныға түсесіз. Тұлғаны еңбек сомдайды. Нағыз адам болу үшін еңбек көрігінде шыңдалу керек. Еңбектен қо­рықпайтын адамның алды әр­қашан ашық. Кісілігі де жоғары болады. Еңбекпен етене тұлға өз ісіне әрқашан сенімді, ешкімге жалтақтамайды, жағынуды біл­мейді, бір сөзбен айтқанда еркін. Біздің аңсап жүргеніміз осы емес пе? Осыны Абай жан-жақты ашып көрсеткен.

Абайдың шығармаларына зер салған әр адам оның үне­мі елдің өсіп-өркендеуіне мүд­делі болғанын аңғарады. Оның өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұ­мысы жоқ­тық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар біздің замандастарымызға да бағыт-бағдар сілтеп тұрған жоқ па?!

Абайдың кісілікке қатысты ойларын зерттеудің де маңызы зор. Батыс философтарының көпшілігі табиғатты, қоршаған ортаны, сананың қалыптасуын көп зерттеген. Ал Абай Сократ сияқ­ты адамның болмыс-біті­мін тануға көп көңіл бөлген. Адам­ның ең негізгі мәселесі оның адам­гершілігі, кісілігі деп санаған. Оған жан-жақты талдау жасаған. Айталық, әр адам дүниеге келгеннен кейін не істеймін, не істедім, не істеуім керек деп ойлануы мүм­кін. Өзінің еңбектерінде ұлы ақын осы сауалдарға жауап бе­реді, адам өмірінің мәні оның жа­сампаздығында, ақыл-ойы мен білімінің тереңдігінде екенін дәлелдейді. Байлық пен билік өткінші құбылыс. Олар әркез адамға берік тұғыр бола алмайды.

Абайды біз неге гений дейміз? Оның әлемдік философия іліміне қосқан үлесі қандай? Абай өзіне дейінгілердің ой-тұжырымдарын саралап, талдау арқылы көптеген мәселелердің басын ашады. Платон, Аристотель, Гегель, Тол­с­той сияқты ғұламалармен ой жарыс­тырады. Оның данышпан­дығы, міне, осында.

Абай адамзатты алға жылжытатын тетіктерді іздеді, ой тереңіне бойлады. Абай мұндай дәрежеге қалай көтерілді дегенге келсек, ол өз ұлтының мә­дениетін, руханиятын, өнерін, жырларын, жыраулардың тол­ғауларын, қазақ фольклорын керемет білген. Семейде оқыған кезінде Фирдоуси, әл-Фараби ойларына зер салған. Сонымен бірге кейін орыстың әдебиетін, философиясын, сол арқылы Пуш­кин, Лермонтов, Толстой сияқты бүкіл Еуропаның, тағы басқа ойшылдардың еңбектерімен өте мұқият танысқан. Содан кейін кереметтей қабілеті бар адам болғандықтан әр нәрсенің әрқайсысына терең бойлаған. Қазақ ақыл-ойының заңғар биігі Абайдың заман ауысып жатса да жұлдызының биік тұруының бір себебі міне, осында.

– Зерттеушілер, ғалымдар Абайдың философиялық, эстетикалык, әдеби көзқарастардың тұтас бір жүйесін жасаған ұлы ойшыл, тереңдігіне кемелдігі сай ренессанстық тұлға екенін айтады. Осыған сіз қалай қарай­­сыз?

– Оған ешкім таласа қой­мас. Шығыстың мәңгілік шоқжұл­дыздары Науаи, Рудаки, Хафиз, Низами сияқты Абай ХХІ ға­сыр­да да қол жетпес биікте тұр. Біздің озық ойлы деген заман­дастарымыздың арасында да ол көтерген мәселелердің байы­бы­на бара алмай жүргендер аз емес. Философияда «адалау – отчуждение» деген ұғым бар. Абай соны жақсы білген. Осыған біздің де, Батыс философтарының да әлі күнге тісі батпай келеді десем, қателесе қоймаспын. Абай сол ұғымға нақты талдау­ жасаған. Мысалы, Абайдың «Ин­тернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңі бар. Оқыр­ман алғашында ақынның сүйінішінен туған шығарма екен деп қабылдайды. Ал Абай болса, оларды мақтаудың орнына қатты сынайды. Неге? Абайдың ойынша, нағыз ғылым жолын таңдаған адам ой-санасын шың­дап, терең білім алуды, сөйтіп халқына пайдасын тигізуді ойлайды, мақсат етеді. Бұл нағыз ғылымның мұраты. Ал интернатта оқып жүргендер инемен құдық қазғандай тер төгіп, білімімді тереңдетейін, халқыма пайдамды тигізейін демейді, олар орыстың тілін біліп алып, аудармашы болуды, биліктегілерге қосылып, сорлы қазақты сүлікше сору арқылы баюды армандайды. Міне, «отчуждение» дегеніміз осы. Оның мағынасы басқа. Мысалға алтынды алайық, басқа заттардан оның еш айырмашылығы жоқ, ол небәрі тауарлардың эквиваленті ғана. Шынтуайтына келгенде алтынды туғызатын нағыз тауарлар, бірақ бізге алтын олардың барлығынан жоғары тұрған сияқты көрінеді. Содан да жұртшылықтың оған деген көзқарасы басқа. Махамбет «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай» деп жырламай ма, өзің туған ұлдың сені танымай кетуі, саған жоғарыдан қарауы – мұнда да «отчуждениенің» ағысы бар. Билікте де солай. Халық бол­маса, билік те болмас еді. Бірақ кейбіреулер соны ұмытып кетіп, өзін халықтан жоғары қою­­ға ұмтылады. Абай осының бәрін түсінген, ғылыми тұрғыдан талдаған.

– Абай – мәңгілік зерттеу нысаны. Абай туралы біраз дү­ние жазылды деп отырмыз. Осы ретте назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер бар ма?

– Болғанда қандай. Ой-санамыз тереңдеген сайын біз қайта-қайта Абайға жүгінеміз, Абаймен сырласамыз, Абаймен ақылдасамыз. Оның ұлылығын мойындаймыз, бас иеміз. Мақтанамыз. Өйткені Абай – Кант, Платондар сияқты әлемдік деңгейдегі тұлға! Бұл сөздерді текке қайталап отырған жоқпын. Ол – шын мәнінде ұлы адам! Кант жөнінде қаншама кітап жазылды. Әлі де жазыла береді. Абай да сол сияқты. Қазақ халқы қанша уақыт өмір сүрсе, соншалықты Абайдан тағылым алады. Абайды соншалықты терең түсінуге ұмтылады. Абай әлемі шетсіз-шексіз, түпсіз терең-тұңғиық. Ақынның өмірі мен шығармашылығы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау» мүмкін емес.

Абайдың керемет бір өсиеті бар. Дала данышпаны: «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!» дейді. Осы ұлы сөзді көпшілік өз мағынасында түсі­ніп жүрген жоқ. Кейбіреулер «адамзаттың баласы бол» деді деп жүр. Анығы Абай бұл арада сен әкеңнің ғана баласы емессің, адамның баласысың дегенді айтып отыр. Адам деген ол – түр (вид). Біз – қай ұлтқа, қай ұлысқа жатсақ та, адамбыз. Сондықтан барлығымыз бір-бірімізді ба­уыр санауымыз керек. Абайдың ойынша, жер де адамға ортақ. Демек, Арал теңізі тартылса, бұл қазақтың ғана трагедиясы емес, бүкіл адамзаттың қайғы-қасіреті. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан экологиялық проб­лемалар да сол елдің азаматтарын ғана емес, баршаны алаң­датуы тиіс. Өз заманында бұл мәселелерді Марк Аврелий, Се­нека сияқты ойшылдар да көтер­­ген. Абай да өз ортасына бар­лы­ғымыздың адамның баласы екенімізді түсіндіруге тырысқан.

Абайдың:       «Өлсе өлер табиғат,

адам өлмес,

Ол бірақ қайтіп келіп,

ойнап – күлмес,

«Мені» мен «менікінің»

 айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты

өң­кей білмес»,

деген сөздері де бізге жақсы таныс. Бұл арада Абай қандай ойды қозғап отыр? Жеке тұлға көп болса 100 жасайды. Жүзден аз немесе көбірек жасауы мүмкін. Бірақ ол бұл дүниеден кетеді, өледі. Ал адамның бәрі бірдей өлмейді. Егер сен артыңа іс қалдырсаң, ой қалдырсаң, өлмейтұғын сөз қалдырсаң халықтың жадында мәңгі сақталасың. Міне, Абайдың туғанына 175 жыл толғалы отыр. Өмірден озғанына да көп уақыт болды. Бірақ Абай өлген жоқ. Өйткені оның артында өлмейтін сөзі мен ойлары қалды.

– Абай мұрасы әлем жұрт­шылығы тарапынан өзінің лайықты бағасын алды деуге бола ма?

– Қасым-Жомарт Кемел­ұлы қазіргі өркениетті мемлекет­тердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақ­танатынын, қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес екенін, Абай мұраларын тек бір халықтың, тек бір мем­лекет­тің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өркениет ауқымын­да қарастыру қажеттігін айрықша айтты. «Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», деді.

Ақын шығармаларының те­реңіне үңілген зерттеушілердің ортақ ойы – Абай күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Міне, сондықтан да Абайды қалай мақтасақ та ар­тық емес. Ұлтымыздың бү­кіл озық қасиетін бір бойы­на сі­ңірген Абай өмірі мен шығар­машылығы халқымыздың сар­қылмас қазынасы. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өт­се де маңызын жоғалтпайды. Абайдың өлеңдерін жатқа айтамыз, көптеген шығармаларымен таныспыз. Десек те, біз Абайды өз деңгейінде әлемге таныта алмай келеміз. Ол ол ма, Абайдың өзін әлі тани алмай отырмыз. Биылғы мерейтойға әзірлік барысында осы ретте біраз іс тындырылатынына сенгім келеді.

 

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

журналист