• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2013

Тұлғаға тағзым

430 рет
көрсетілді

Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылында әнші, ақын, халық композиторы, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығы аталып өтті.

Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылында әнші, ақын, халық композиторы, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығы аталып өтті.

Салтанат қаладағы ақын атындағы спорт сарайының алдына қойылған айтулы тұлғаның бюстін ашумен басталды. Мүсінді облыс әкімі Ерлан Арын мен ақынның немересі философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Көшенова ашты. Осы арада облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері Иманжүсіптің өмірінен сахналық көріністер ұсынды. Жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, палуан атанған Иманжүсіп – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші.

Иманжүсіп Құтпанұлы 1863 жылы Ар­қа өңірінде дүниеге келген екен. 53 жасы­на дейін Сарыарқа, кейін Сыр өңі­рін­де өмір сүрген. 1930 жылы Тараздағы Мо­йын­­құм көтерілісін бас­тады деген желеумен тұт­қындалады. 1931 жылы жалған жаламен атылған.

– Біз Иманжүсіптей тарихи тұлғалардың өмірін зерттеп, зерделеу арқылы қазақ тарихының тағы бір қатпарына көз жүгірте аламыз. Мұрасы бүкіл қазаққа қажет, құнды. Тарихты білуіміз керек, сыйлауымыз қажет және ұрпаққа насихаттауға тиіспіз, – деді облыс әкімі Ерлан Арын өз сөзінде.

Жиынға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, Қызылорда облысындағы «Мирас» қорының төрағасы Мұхит Смайылов, Қарағанды облысынан келген Иманжүсіп Құтпанұлының туысы Қамбар Сейітқамалов, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қажымұқан» қорының директоры Нұрлан Қажымұқанов қатысты. Ақынның ұрпағы Раушан Қошенованың айтуынша, жалпы, Құтпановтардың әулеті ел, ұлт үшін күрескен жандар. Иманжүсіптің 20-ға жуық әні бар екен. Мұхтар Әуезов 1936 жылы өзінің бір еңбегінде «Ерейментау» әні туралы айтқан. Ендігі кезекте оның барлық әндерін зерттеп, таратуымыз керек. Ал, ақын Қасымхан Бегман «Ақын ағаға сыр» деген өлеңінде «Сарыарқаға сыймай бір өткен Иманжүсіптей қайраттым...» деп жырлайды.

Өткен тарихқа тағзым ету – ұрпақ парызы. Ауыл маңына киіз үйлер тігілді. Ұлттық спорт түр­лерінен жарыстар өткізілді. Ауылдағы мәде­ниет үйінде екі күн бойы айтыс өтіп, ауылдықтар риза болып қалды. Айтыскер ақын Аманжол Әлтаев:

Сарыарқа, атамекен құба белсің,

Сырымды ұлы алаш ұға берсін,

Осындай асыл мекен Керекуде

Имекеңдей алыптар туа берсін, – деп тілек айтты.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.

Соңғы жаңалықтар