Дархан табиғаттың дара сыйы дарақылықты көтере бермейді. Міне, сондықтан да, аялау да, қамқор болу да керек. Жанашырлық тілейтін өңірдегі тамаша табиғаттың тартуының бірі – Көкшетау қаласының бауырындағы Қопа көлі.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бір кезде балығы тайдай тулаған, тананың көзіндей жарқыраған Қопа көлінің суы көз жасындай мөп-мөлдір болған екен. Кейін өңезденіп, балдыр басып кетті. Көлдің қорыстануының әуелгі себебі, кеңес заманында Зеренді ауданындағы мал фермалары Шағалалы өзенінің жағасына тым жақын салынуынан болды. Көктемгі қызыл су жүрген шақта мал фермаларындағы бар қоқыс ысырыла жылжып, қарғын суға еріп өзенге құйылатын. Өзен арнасымен жеткен лай су Қопа көлін тұншықтырды. Бағзыдағы бағы қайтқан, мөлдір суының лайланған кезі де осы. Кейін сан мәрте көл табанын тазалауға әрекет жасалды. Бұл іске жергілікті басқарушы органдар да, бизнес өкілдері де бел буып кірісіп көрді. Бірақ, түпкілікті нәтиже шыға қоймады.
Жалғыз Шағалалы ғана емес, Қопаға құятын Қылшақты өзенінің арнасымен ағып келетін қоқыс та көл табанының шамадан тыс ластануына әсер етіп жатыр. Қазір мамандар өзен арналарын суасты өсімдіктерінен тазартуға айрықша көңіл бөліп отыр. Мұз мықтап қатып тұрған алдағы бір айдың ішінде табиғат жанашырлары мұз үстіндегі қамысты орып, қала сыртына шығарып тастамақ. Есесіне бұл игілікті шара көлдегі балдырды азайтып, айдынның сәл де болса тазаруына мүмкіндік бермек. Қазір өзен жағалауында қаулап өскен қалың қамыстың биіктігі әсірелеп айтқанда, атты адамның бойындай. Мамандардың пайымдауынша, қамыс мөлшері жағалаудың жалпы аумағының 18 пайызынан аспауы керек екен.
Дүние жаралғалы ешкім назар аудармаған қалың қамыстың бей-берекет қаулап өскені соншалық, өзен арнасын тұмшалап жауып қалған. Тіпті, өзен табанындағы мұздың өзі көрінбейді.
– Бүгінде Қылшақтының Қопаға құяр сағасынан бастап ну қамысты орып, қала сыртындағы тиісті орынға шығару жұмыстарын бастап кеттік, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев, – ұзын-ырғасы бес шақырым. Қолға алып отырған бұл жұмыс мелиорацияны және су тасқынына қарсы қауіпсіздікті де қамтиды. Соңғы екі жылда басқарма Қопа көлін биологиялық тәсілмен тазартуды қолға алған. Бұл дегеніңіз, балдырға бөккен көлге шөпқоректі балық жіберу. Екі жыл ішінде су айдынына 40 мыңнан астам шабақ жіберілді.
Осы істің нәтижесін сараптаған зертханалық зерттеу ұзақ жылдан бері тұрғылықты елдің бас ауруына айналған су айдынының едәуір тазарып қалғанын көрсетіп отыр. Ал мына жаңалық тіпті елді елең еткізер жанашырлық десе де болғандай. Енді бұл бастаманы облыс орталығындағы бірқатар мекемелер де жалғастырмақ. Қазір Қопа көліндегі оттегінің мөлшері 8,5 пайызға дейін көтеріліпті. Бұл дегеніңіз көл акваториясының тазара бастағанын аңғартады. Қамысынан арылған жерге өзен жағалап, таза ауа жұтып дем алғанды қалайтындар да із сала бастаған. Табиғат қорғаушылар жазда да бей-берекет өскен қамысты тағы бір орып шықсақ дейді.
Биыл – еріктілер жылы. Сөз соңында олардың да назарын осы мәселеге бір аударып қойсақ. Туған жердің тамылжыған табиғатына көңіл бөлетін жас толқын бел буып кіріссе, қамыс орған деген не тәйірі?! Оған қоса үстіміздегі жылы Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарының экономикалық форумы өтпек. Көршінің көзі үрпиіп өскен қамысқа, балдырға бөккен көлге түссе, ұят-тағы.
КӨКШЕТАУ