«Абай-175» ән эстафетасын «Интеллектум» лицейінен қабылдаған Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 700 оқушысы қазақтың ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.
– «Көзімнің қарасы» әнін кез келген қазақстандық біледі деген ойдамыз. Эстафетаның шарттарын орындау мақсатында арнайы дайындық жүргізген жоқпыз. Бізге мектеп алдына шығып ән айтатындығымыз хабарланды. Үзіліс кезінде өлеңді бір емес, үш рет айтып шықтық, – дейді мектептегі Өзін-өзі басқару ұйымының президенті Рауан Ибрагим.
Оқушылар эстафетаны Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне, Қарақия ауданы, Жетібай кентіндегі №8 жалпы білім беру орта мектебі мен Форт-Шевченкодағы М.Горький атындағы мектеп-лицейіне жолдады.
– Ал Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында бірнеше шараны өткізуді жоспарлап отыр.
– Білім ордасында Абай атамыздың 175 жылдығын тойлау мақсатында өткізілетін шараларды өткен оқу жылынан бері өткізіп келеміз. Биыл «Адамның бір қызығы бала деген» атты сахналық қойылымдарымызды отбасы мүшелерін қатыстырып өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз баламен жұмыс жасап қана қоймай, оның отбасы мүшелеріне де ойшылдың шығармаларын насихаттауды көздейміз, – дейді мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Бұған дейін өңірдегі айтулы шаралардан тыс қалмай, әсерлі қойылымдарын, әдемі өнерлерін ортаға салып жүрген зияткерлер Абай ақынның мерейтойында белсенділік танытатыны анық.
Маңғыстау облысы