• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Қаңтар, 2020

Романтика

374 рет
көрсетілді

– Білесіз бе, менің кейіп­керлерім мынау аппақ орманда өмір сүреді, – деді ол кешегі жауған қалың қар­ға кө­міліп, мүлгіп қалған ағаш­тарға қарап.

Оның күлімдеген көзіндегі қуа­ныш ұшқыны тап осы сәтте айналаны нұрға бөлеп жібер­гендей болды.

– Иә, – дедім мен басымды шұл­ғып. – Сіз бір тамаша ертегі жа­затын сияқтысыз.

Ол ойланып қалды. Үстін­дегі үлпіл­деген ақ тоны қа­сы-көзі қиылған сұлу бой­жет­кенді, расында да, таң-та­маша ертегі әлемінен шығып келе жатқан ханшайым секіл­ді елестетеді.

– Жоқ, – деді ол кенет б­а­­­сын паңдана шайқап. – Мен кәдімгі сын­шыл реализм бағытындағы шы­ғарма жазбақпын.

– Оу, – дедім мен оның паң­дана қалған кейпін ұна­тыңқырамай. – Егер сіздің сюжетіңіз мынау орманмен ғана шектелетін бол­са, он­да ана-а-ау қаланың шын­ды­ғынан шет қалмай ма?..

– Неге? – деді ол таңғал­ғандай қа­сын керіп. – Мен олар­дан ашық аспанның, ап­пақ қардың, саф таза ауаның бірте-бірте жылыстап, тау бөк­­теріне қашып тығылғанын айт­­пақпын. Енді түсіндіңіз бе? Одан өткір қандай сын, қандай шындық болуы мүмкін?..

Алатаудың етегіндегі тұ­нық таби­ғатты алғаш рет көріп тұр­ған­дай айналаға таңдана қарад­ым. Ойым тазарып, санам сергіп, өзімді өзім құстай жеңіл сезіне бас­тағандаймын.

– Біз банктен несие алу үшін емес, мы­нау дүниеден ләззат алу үшін келдік емес пе! – деді ол шаттанып.

– Солайы... солай-ау!.. – деп кү­мілжідім мен жақында ғана несиеге ал­ған жаңа машинама жалтақтай қа­рап... – Бірақ мына тіршіліктің қа­рама-қайшылығы көп.

– Жо-жоқ, – деді ол ақ көр­пеге оран­ған биік ағаштың бір бұтағын сілкіп қалып. – Оны еш­кім түсіне алмайтындай қым-қиғаш, қарама-қайшы етіп жібер­ген өзіміз...

Осы сәтте ағаштың ұшар басынан сау етіп төгілген ақ ұлпа оны көмді де қалды.