• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2013

Цемент Шетпеден шығады

461 рет
көрсетілді

Осыдан 10-15 жыл бұрын бір ауылдастың «өзімізден бір түйме де шықпайды, кез келген нәрсені өзге елдерден сатып аламыз» деп, күйінгені бар еді. Одан беріректе жұмыстас апай «базар біткенді қырғыз бен қытай киімдері жаулап алыпты. Қырғыз әйелдері тіккен көйлек-көншекті біздің елдің ақ жаулықтылары тіге алмай ма сонда?» деген еді әзіл-шыны аралас. Құдайға шүкір, қазір еліміз алып құрылыс алаңына айналды. Республикамыздың төрт тарабынан сан түрлі құрылыстардың, әр алуан өнімдерін шығаратын зауыттар мен цехтардың, түрлі өндіріс орындарының жарыса салынуы – тек жақсылықтың белгісі, жарқын ертеңнің дайындығы.

Осыдан 10-15 жыл бұрын бір ауылдастың «өзімізден бір түйме де шықпайды, кез келген нәрсені өзге елдерден сатып аламыз» деп, күйінгені бар еді. Одан беріректе жұмыстас апай «базар біткенді қырғыз бен қытай киімдері жаулап алыпты. Қырғыз әйелдері тіккен көйлек-көншекті біздің елдің ақ жаулықтылары тіге алмай ма сонда?» деген еді әзіл-шыны аралас. Құдайға шүкір, қазір еліміз алып құрылыс алаңына айналды. Республикамыздың төрт тарабынан сан түрлі құрылыстардың, әр алуан өнімдерін шығаратын зауыттар мен цехтардың, түрлі өндіріс орындарының жарыса салынуы – тек жақсылықтың белгісі, жарқын ертеңнің дайындығы.

Кезінде маң даласынан мұнай табылып, төсі жаңғырыққа тол­ған сәтте «ұйқыдан оянған арудай» боп маңғаздана еңсе көтерген киелі Маңғыстау өңірі қазір де игі істердің ордасы. Теңіз жағалауын жандандырып, тулаған толқындармен жарыса жеткен кемелер маңдайын тірер порттан, құба далада «менмұн­далай» мұнаралары қалқиған мұнай өндірісінен басқа өңір­де өндіріске, күнделікті тұр­мысқа қажетті ірілі-ұсақты бұ­йымдарды жасайтын, сондай-ақ бұзылса жөндейтін бірнеше орындар ашылу үстінде.

Облыстағы іргелі аудандар­дың бірі – Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінде салынып жатқан цемент зауыты – осы жаңалықтардың бір дәлелі. Өңірдегі индустриялық-инновациялық жобалар санатына кіретін зауыт Шетпедегі алғашқы ең ірі кәсіпорын болғалы тұр. «Каспий Цемент» ЖШС-ның жетекшілігімен жүргізілу үстіндегі зауыт құры­лысы қазір межеге жақын­дап қалды. Әу бас­тан жұмыс жүргізуге қолайлы орынды таңдап қазығын қаққан зауыт оңтүстік Шетпе, Аусар кен орындарының шикізаттарын пайдаланатын болады. Кен орындарынан шикі өнімді алу үшін жол салынып, жобалау-іздестіру жұмыстары жүруде. Бұл үшін тау-тасты талғамай жүретін 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.

Қолбайлау болмау үшін зауыт маңының инфрақұрылымы ал­дың­ғы кезекте жүзеге асы­рылған. 6 ша­қы­рымдық темір жол төселіп, станса бет­тегі те­мір ­жол желісі жөндеуден өтті, электрмен жабдықтау орта­лығы­ның құрылысы салынуда. 7 ұң­ғыма қазылып, артық су қоры шамаланып, су дайындау нысанының құрылысы қолға алынбақ. Жұмысшылар үшін салынған 150 орындық вахталық кенттің негізгі жұмыстары ең­серіліп, ішкі шаруалары реттелуде. «Елде болса ерінге тиеді» деген, бұл жаңарту, жаңғырту жұмыстарының Шетпе кенті үшін де зияны болмасы белгілі. 100 млн. еуро салынған алып зауыттың құрылыс жұмыстары 800 адамды жұмыспен қамтып отыр, ал өз күшіне енген сәтте 300 жанның жұмыс орнына айналмақ. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталады деп күтілуде, бұл өз кезегінде цемент өндірісіне қуат көзінің әдеттегіден аз жұмсалуына мүм­кіндік береді екен. Құрылыс жұмыстарына арналған це­мент­тің жылына 1 млн. тоннасын өндіруді жоспарлап отыр­­ған «Каспий Цемент» ЖШС басшылығы оны Ақтау халықаралық теңіз сау­да порты арқылы Әзербайжан, Ресей елдеріне экспорттамақ. Құрал-жабдықтардың құлағында ойнап, көк цементтің құрамын қырағы бақылап, сапалы өнім алу үшін мамандар да алдын ала дайындалуда. Маңғыстау ауданы әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлесуімен германиялық ма­мандар болашақ зауыт ше­бер­лерін Шетпе кентіндегі техникалық колледж базасында оқытуға арнайы бағдарлама жасады. «Каспий Цемент» ЖШС-ның қызметкерлері өткен жылдан бастап Ресейдің Белгород, Тула, Стерлитамак, Брянск қала­ларындағы зауыттарда, тех­ни­калық жоғары оқу орында­рында, өзіміздің Өскемен қала­сындағы цемент компаниясы базасында түрлі тақырыптарда тәжірибе жинақтап, білім алуды тұрақты дәстүрге айналдырған. Олардың арасында жергілікті Шетпе кентінің тұрғындары да бар. Алдағы уақытта өз ісінің «жілі­гін шағып, майын сора­тын» мамандарға тарығып қалмау үшін «Каспий Цемент» ЖШС Маңғыстау облыстық білім басқармасымен және Х.Өз­бекқалиев атындағы Маң­­ғыс­­тау политехникалық кол­лед­жімен кәсіби маман дайындау ба­ғытында келісім-шартқа отырып қоюды да ұмыт қалдырған жоқ.

Цемент зауыты қолданысқа 2013 жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс. ЖШС-ның бас директоры Абдурахман Зурабовтың ұйым­­­­­дастырушылығы, бас­шы­­лығымен бүгіні мен ертеңі қатар ойластырылып, жасалуы тиісті жұмыстар жан-жақты қам­тыла қолға алынғандықтан жаңа зауыттың өз уақытында ашылатынына еш күмән жоқ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар