Мәдениет және спорт министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде Нұрғиса Дәуешов тарихи-мәдени мұрамызды насихаттау мақсатында музейлердің елімізде және шетелде өткізген көрмелерінің саны соңғы 3 жылда 29,4 %-ға өскенін жеткізді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жалпы өткен жылы 100-ден аса ірі жобалар іске асырылды. Бұл қатарда белгілі этнограф, музыкатану мен композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Александр Затаевич 150 жылдық мерейтойы, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың 90 жылдығына арналған жыл бойы «Опералия» халықаралық фестивалі аясында бірқатар іс-шаралар, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 95 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық концерті, Тұнғыш Президент күніне арналған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты мерекелік концерт, Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндері, жас әнші Ержан Максимнің концерті, «Voice of Nur-Sultan» эстрадалық орындаушылардың халықаралық фестивалі, «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауы т.б. бар. 2019 жылы «Алтын адамның шеруі» жобасы Татарстан, Өзбекстан, Малайзия, Грекия, Түркия, Польшада ұйымдастырылса, 2020-2021 жылдары Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Грузия, Италия, Франция, Австрия елдерінде өтеді» деді Нұрғиса Дәуешов.
Сонымен қатар Вице-министр бүгінде Қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасының контенті 60 мың данаға жеткендігін айтты.
«Сондай-ақ 2019 жылы электрондық кітапхана қызметін әлемнің 115 елінен 200 мыңға жуық адам пайдаланған. Әл-Фарабидің 1150 жылдығын тойлау қарсаңында ғұлама ойшылдың еңбектері қазақ тілінде 7 том, орыс тілінде 7 том және ағылшын тіліндегі аудармасы бір том болып басылып шықты. Сонымен қатар 2019 жылы 144 аталым кітап жалпы таралымы 647 500 мың данамен республика кітапханаларына қайтарымсыз таратылды» деді ол.