Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі отырыс өткізді.
Жыл басындағы жиында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалардың сақталуы, Әдеп кодексіне кереғар келетін жайларды болдырмау бағытындағы шаралар жөнінде облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова мен жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жетекшісі Қайрат Тоғызбаев есеп берді. Облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Хамит Тарбақовтың хабарламасынан кейін кеңес төрағасы Нұрман Талқанбаев мемлекеттің қызметшілердің етекбасты ескі әдеттен әлі де арыла алмай келе жатқанын баса айтты.
Отырыста облыстық әкімдік тарапынан қызметтік көліктер қозғалысына мониторинг жасалмайтыны сөз болды. Қызметтік көліктер жұмыстан тыс уақытта, тіпті демалыс күндері де көшеде жүйткіп жүреді. Қазір екінің бірі кез келген мәселені әлеуметтік желіге жүктейтіні белгілі ғой. Мысалы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жергілікті тұрғынның 2019 жылдың 30 желтоқсанында Фейсбук желісіне салған осындай жазбасына дәйекті пікір-жауап білдіру жөнінде облыс әкімі аппаратына ұсыныс жолдаған. Бірақ, араға ай өтсе де әкім аппараты әлі үнсіз отыр.
Осыған дейін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытын реттеу туралы біршама жақсы бастама қолға алынғаны белгілі. Бірақ солардың өзі жеткілікті дәрежеде жүзеге аспай жатыр. Осыған байланысты Әдеп жөніндегі уәкілге түрлі ұсыныс айтылды.
Облыс әкімдігінің іс басқармасының мәліметтерінде өткен жылғы желтоқсан, биылғы қаңтар айларында басқармалар тарапынан қызметтік автокөліктерді сенбі-жексенбі, мереке күндері қызметтік қажеттілікке байланысты жұмысқа шығару туралы 142 өтінім түскендігі көрсетілген. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің демалыс күндері артық жұмыс істейтіндігінің дәлелі. Мұндай жағдайда қызметкерлерге тиісінше жалақысы төленуі тиіс. Сондай-ақ, басқармалардың бас-басына автокөлік бөлмей, барлығы пайдаланатын кезекші бір-екі көлік бекітуді ұсынамын. Осы жұмыстарды Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде бақылауыңызға алуыңызды сұраймын, - деді кеңес төрағасы Н. Талқанбаев.
Сонымен бірге, облыстық басқармалардың басым көпшілігінде мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа кіріп-шығуын бақылайтын жүйе орнатылған. Бірақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және еңбек саласындағы бақылау басқармаларында орнатылған осындай жүйе іске қосылмай тұр. Жүргізілген мониторинг өткен жылдың қараша айында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері 38 сағат артық жұмыс істегенін көрсеткен. Ал желтоқсан айында ол 46 сағатқа жеткен.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі аппаратына талқыланған мәселелерді реттеу, заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу секілді фактілерді болдырмау, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне қатысты әлеуметтік желілерде жарияланған жағымсыз сипаттағы жарияланымдарға мониторинг жүргізіп, дер кезінде тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.