Ел Президентінің Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы Жарлығына сәйкес ұлттың ұлылығын ұлықтаған дана Абайдың шығармашылық мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша дамытып, болашаққа саф алтындай құнды күйінде жеткізуді мақсат-мұраты етіп ұстанған ІІ республикалық «Абайтану» олимпиадасы жуырда облыстық кезеңнің жеңімпаздары атанған қазақ тілінде жалпы білім беретін ұйымдардың 9-11 сынып оқушылары арасында өтті.
Олимпиадаға барлық өңір мен республикалық білім беру ұйымдары бойынша жалпы саны 122 оқушы қатысты. Ұлы ақынның бай мұрасын жас ұрпақ санасына терең әрі жан-жақты сіңіріп, өнеге мен тәрбиенің алтын қазығына айналдыруды көздеген олимпиаданың негізгі мақсаты М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға жол сілтеу зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Олимпиаданың негізгі міндеті – Абай өлеңдерінің мән-маңызы мен қадір-қасиетін түсінуге бейімдеу, хакім қара сөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызын меңгеру, Абайша ойлауға ұмтылу, сөйлеу мәдениетін үйренуге, тіл тазалығын сақтауға дағдылану және күнделікті өмірде қолдану.
Олимпиада екі айналымда өтті. Бірінші айналымда қатысушы Абай қара сөздері мен поэзиясы негізінде дайындалған тақырыптардың біріне эссе жазса, екінші айналымда қатысушы М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан берілген үзіндінің қай тарау, бөлімнен алынғанын айтып, мазмұнын жалғастырды және роман мазмұнынан «сократтық» сұрақтар беріліп, логикалық деңгейі тексерілді. Сондай-ақ Абай шығармашылығы бойынша дайындалған тапсырмаларға жауап берді. Оның ішінде өлеңнің адам өміріндегі орнын, ақынның шығармашылықтағы мақсатын Абай өлеңдерімен дәлелдеді. Ал Абай поэзиясын қалай меңгергенін байқау барысында ақын өлеңдерінің құрылысындағы ерекшеліктерді анықтап, қазақ поэзиясына қосқан жаңалығын дәлелдеді. Сонымен бірге Абай іліміне оқушы өз көзқарасын білдірді. Мысалы, Абай айтқан «бес асыл істің» бүгінгі өзектілігі туралы, хакімнің халқына қандай жол ұсынғаны туралы өз ой-пікірлерін айтты. Және абайтанушылар жайлы жалпы білімін көрсетіп, «Абай жолы» романынан алынған сөйлемге кешенді талдау жасау арқылы грамматикалық сауаттылығын көрсетті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Абай атындағы республикалық мектеп-интернат директоры Р.Сексенова ІІ республикалық Абайтану олимпиадасының басталуымен қатысушыларды құттықтап, оларға ақ жол тіледі. Байқауға «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығынан келген Гаждембек Тұрсынов төрағалық етті. Оқушылар білім сайысына қатысып жатқанда мектеп ұстаздары, «Үздік педагог-2019» республикалық байқауының жеңімпаздары Жанар Абитова және Динара Орынбаева қатысушылардың жетекшілеріне «Абай шығармалары арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» атты коучинг-семинар өткізіп, арнайы сертификат берілді. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебінің сарапшы-мұғалімі Н.Нұрғалиев жаңартылған бағдарлама аясында «Формативті бағалау» тақырыбында квест-семинар өткізді. Кешке білім сайысының қатысушылары мен жетекшілері М.Әуезов атындағы драма театрына «Олжа» премьерасын тамашалауға барды. Сондай-ақ мектеп-интернаттың Абайтану бөлмесінде «Абай мұрасы» көрмесі ұйымдастырылды.
Осы іспетті мазмұнды іс-шараларымен ерекшеленген олимпиаданың қорытындысы бойынша бағын сынаған 122 оқушының ішінен 63 қатысушы жүлделі орын иеленді. І орын иегерлеріне сыйлыққа планшет, ІІ орын иегерлеріне Smart сағат және ІІІ орын иегерлеріне дыбыс ұлғайтқыш берілді. ІІ республикалық Абайтану олимпиадасында ерекше белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хат, грамота және кітаптар табысталды. Олимпиаданың өткізілуіне демеушілік көрсеткен Қанат Боранқұлов, Аманжол Рысмендиев мектеп түлектері екенін айта кеткен ләзім.
Республика көлемінде өткен білім жарысының қатысушылары олимпиада барысында ұлы ақынның мол мұрасымен сусындап, Абай қара сөздерінің тәрбиелік-тағылымдық маңызын меңгеріп, Абай мұрасын насихаттауға өз үлестерін қосқандарына ризашылығын білдіріп қайтты.