• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Технология 04 Ақпан, 2020

Мектептердің 93%-ы интернет желісіне қосылған - Асқар Жұмағалиев

312 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Цифрық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Білім беруді цифрландыру» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бірінші бағыты — адами капиталды дамыту бойынша бүгінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілген. 

Еліміздің барлық мектептері компьютермен жабдықталған. Мектептердің 93%-ы интернет желісіне қосылған.

Жоғары білім беруде 2019-2020 оқу жылына АКТ бағыты бойынша 19 мыңға жуық грант бөлінді.

Бұдан өзге, 2019 жылы Astana Hub базасында Аlem-i бағдарламалау мектебі және Astana IT Университеті ашылды. Ол жерде жаңа буын мамандары дайындалады.

Сондай-ақ халықтың цифрлық сауатын ашу курстары тұрақты түрде өткізілуде. Соның нәтижесінде цифрлық сауаттылық деңгейі 79%-дан асты.

2020 жылдан бастап бағдарламалау негіздерін оқыту 1-сыныптан бастап енгізіледі. Алматы қаласында екінші Аlem-i бағдарламалау мектебін және АХҚО базасында Нұр-Сұлтанда QWASAR бағдарламалау мектебін ашу жоспарланған. Осылайша, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80%-ға дейін жеткізу көзделген.

Сондай-ақ А. Жұмағалиев атап өткендей, денсаулық сақтауды цифрландыру саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда, оң нәтижелер бар. Бүгінгі таңда емделушілер және дәрігерлердің уақыты 50%-ға үнемделді.

Жалпы, дәрі-дәрмек саласында цифрландыру есебінен 23 млрд теңгеге жуық тиімділік белгіленген. 

Осы жылы аудандық деңгейге дейін емханаларды компьютермен 100% қамту жоспарда бар. Ал медициналық мекемелерді ақпараттық жүйелерге қосу 93%-ға жетеді.