Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялауына байланысты еліміз бойынша еріктілер қозғалысы қарқын ала бастады. Бұл ізгі бастамаға Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастары да белсенді атсалысуда. Жуырда университеттегі «Еріктілер» клубының мүшелері Алматы хайуанаттар бағына қолғабыс жасап, қоқыстарды жинап, вольерлерді тазалап, жануарларды азықтандыруға көмектесті.
Алматы зообағы мен ҚазҰАУ-дың Тәрбие жұмыстары департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға университеттің Су, жер және орман ресурстары факультетінен «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығында, Технология және биоресурстар факультетінен «Ара, құс және балық шаруашылығы» мамандығында білім алатын студенттер қатысты.
Еңбектен тартынбайтын еріктілерді Алматы хайуанаттар бағы тарапынан директордың орынбасары Ағыбай Әжібаев, Стратегиялық даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимова және шаруашылық қызметкерлері мен секция жетекшілері қарсы алып, арнайы нұқсаулар берді. Зообақ мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастармен пікір алмасты. Оқу орнының Тәрбие жұмыстары департаментінің директоры Бану Дүйсебайқызы, Су, жер және орман ресурстары факультеті деканының тәрбие жөніндегі орынбасары Майя Викторовна, Технология және биоресурстар факультеті деканының тәрбие жөніндегі орынбасары Ұлжан Нұралиева және Әндия Серікбаева, Таңатар Қыдыров, Әлібек Әбдібек сынды ұстаз-ғалымдар да білек сыбана жұмыс атқарып, жастарға үлгі көрсетті.
Алматы хайуанаттар бағы мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Білікті мамандар мен оқытушы-ғалымдар ҚазҰАУ студенттерінің тәжірибелік сабақтарын ұйымдастырып, олардың ғылыми ізденістеріне бағыт-бағдар береді. Білім алушылар дипломдық жұмыстарына қажетті мәліметтерді осы зообақ мамандарынан ала алады. Алматы хайуанаттар бағы жануарлардың түрлерін сақтау және оларды зерттеу жөніндегі халықаралық бағдарламалардың қатысушысы ретінде ERAZA, WAZA, SEAZA сияқты зообақтар мен аквариумдардың әлемдік ассоциацияларына мүше. Қазіргі кезде зообақ заман талабына сай жаңару үстінде.
Волонтер жылына орай мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Мұхтар БАЙБАТШАНОВ,
ҚазҰАУ-дың «Орман ресурстары және аңшылықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты