Қазақстан Әлиевтің туыстарымен болған сот процесінде тағы жеңіп шықты
Қазақта: «Жығылған күреске тоймайды», деген мақал бар. Аты атышулы Рахат Әлиев туғандарының шегі де, шеті де көрінбейтін сот даулары мен олардағы ұдайы жеңілістері туралы естігенде, осы нақыл сөз есіңе еріксіз түседі екен.
Қазақстан Әлиевтің туыстарымен болған сот процесінде тағы жеңіп шықты
Қазақта: «Жығылған күреске тоймайды», деген мақал бар. Аты атышулы Рахат Әлиев туғандарының шегі де, шеті де көрінбейтін сот даулары мен олардағы ұдайы жеңілістері туралы естігенде, осы нақыл сөз есіңе еріксіз түседі екен.
Арбитражды трибунал бұл жолы Әлиев-Шораз туыстарының Қазақстанға қарсы берген талап-арызды қарау қорытындысында жауапкердің пайдасына шешім шығарды. Бұл туралы кеше Globalarbitrationreview.com заңгерлік сайты хабарлады. Талап-арызды Алматы облысында құс өсірумен және оның өнімдерін өңдеумен айналысатын «Руби Роз Агрикол» ЖШС беріпті. Ал оның иесі Рахат Әлиевтің жездесі Иссам Хуранидің бизнес бойынша әріптесі Кассем Омар Абдаллах болып шықты. Компания 2010 жылғы қазанда Қазақстаннан 2014 млн. доллар мөлшеріндегі ақша талап етіпті. Олар Рахат Әлиевтің басындағы жағдайға байланысты мемлекеттік органдардың саяси астармен өз активтерін алып қойғанына шағым білдірді. Шағым берушілер талап-арыз беруге негіз ретінде Қазақстан мен кәсіпорын арасында 1999 жылы қол қойылған инвестициялық келісімшартты, сондай-ақ «Шетел инвестициялары туралы» заңды алға тартты. Ал Қазақстан жағы бұған өзінің қарсы тұжырымдарын ұсынды. Содан кейін талап-арыз беруші компания жоғарыдағы аталған соманы 63 млн. долларға дейін төмен түсірді.
Арбитражды сот аталмыш істі қарап, талап-арыз берушінің заңды және инвестициялық келісімшарт ережелерін қолдануға қатысты негізгі тұжырымдарының бәрін жоққа шығарды. Трибунал сот және басқа да шығындарды өтеу мәселесін қосымша қарауға қалдырды.
Бұдан бұрын Қазақстан Рахат Әлиевтің тағы бір туысы Девинчи Хуранимен арада болған арбитражды істі де ұтып алған болатын. Сол жолы Хурани Қаратөбе кен орнына өзі жұмсаған мыс инвестицияны қайтарып алмақ болған екен. Тағы төрт жыл бұрын Хурани басқаратын Caratube International Oil Company LLP (CIOC) компаниясы Қазақстаннан 1,2 млрд. доллар ақша өндіріп алмақ болып, арбитражды трибуналға шағым түсірген еді. Бірақ онда да ештеңе өндіре алмай қойған болатын.
Осыдан кейін жоғарыда мақалды есіңе алмай көр! Әлде бұл: «Атың шықпаса, жер өртенің кері» ме? Осындай тірліктері арқылы өздерінің әлі де күресетін қауқарлары бар екенін білдіріп қойғылары келе ме екен?
Құрыш НҰРЫМБЕТ.