• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2020

Қаруды сақтау мен тіркеу – үлкен мәселе

495 рет
көрсетілді

Солтүстік қазақстандық полицейлер жеке адамдардың иелігіндегі қаруларды сақтау мен қайта тіркеу режімін бұзған 92 жағдайды анықтады.

Мұндай жағдайда қару иелері «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңға сәйкес қару ұстау құқығынан үш жыл мерзімінде айырылады.

Қаруынан айрылғандар арасында Петропавл қаласының 36 жасар тұрғыны болды. Өз тарапынан ол екі бірдей бұзушылыққа жол берген. Біріншіден, өзіне тиесілі үш аңшы мылтығының қайта тіркеу мерзімін өткізіп алған. Екіншіден қарудың сақталуын тексеру кезінде сейф дабылының істемейтіні анықталған. Сөйтіп ол тегіс ұңғылы 12 калибрлі ИЖ-54 және «Ata Arms», сондай-ақ 7,62 мм калибрлі «Вепрь 308» ойықты аңшы карабинінен айрылды.

«Қайта тіркеу мерзімін өткізіп алу – аңшылардың тарапынан жиі жіберілетін бұзушылықтардың бірі», - деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Құрман Мусин.

– «Азаматтық қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсат бес жылға беріледі. Бұл мерзім өтіп кетпей тұрып, жаңа рұқсат рәсімдеу қажет. Адамдарға ыңғайлы болу үшін және сыбайлас жемқорлық тудыратын факторларды жою мақсатында аталған мемлекеттік қызмет «электрондық үкімет» порталы арқылы электронды түрде көрсетіледі. Алайда, адамдардың көбі түрлі себептермен бұл қызметке уақтылы жүгінуді ұмытып жатады», - деді ол.

Қару иелерінің тұрғылықты мекен-жайын ауыстырғаны жайында полицияны хабардар етпейтін жағдайлар да кездесіп тұрады екен. Ал бұл міндетті талап. Сонымен қатар қаруды сақтау мен тіркеу режімі қару иесінің қайтыс болғанында жиі бұзылады екен. Мұндай жағдайда мұрагерлері бір ай мерзім ішінде қаруды аумақтық полиция бөліміне тапсыруы немесе оны қайта тіркетіп, комиссиялық сату туралы шешім қабылдауы қажет. Бұл талап орындалмаса қару тәркіленетін көрінеді.

Сондай-ақ тіркелген қаруды сақтау ережелерінің бұзушылықтары да жоқ емес. Қаңтар айында ғана осындай 49 фактіге жол берілген. Сейфті қаруымен  қоса ұрлауды болдырмас үшін полицейлер қару салынған сейфті еденге немесе қабырғаға бекіту қажеттігін, сонымен қатар сейф қабырғасының қалыңдығы 3 мм кем болмауы тиіс екендігін, қала тұрғындары үшін сейфте, не пәтерде дабыл орнатылуы қажеттігін ескертіп отырады. Қару ұстаудың осындай машақаттары барын ұмытпаған жөн. Облыста бір ай ішінде полицейлер 624 қару иесін тексеріп, нәтижесінде 92 бұзушылықты анықтады.

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы