Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында өткен қаңтар айында «Batys Alga» атты жанармай құю бекеті ашылған болатын. Жаңа бекеттің талондарынан биыл мерейтойы тойланатын тарихи тұлғалардың суретін көріп, сүйсініп қалдық.
- Бұл идеяны Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Исқақовпен ақылдасып, дизаинын келісіп жасадық. Ең соңынан өз атам - «Batys Alga» жеке кәсіпкерлігінің иесі Темірхан Әліпқалиевке ұнаған нұсқаға тоқтап, басып шығардық, - дейді кәсіпкердің немересі Элдар Оралханұлы.
Жәнібектегі жаңа жанармай бекеті талонымен ғана емес, тауар бағасымен де елдің көңілінен шығып тұр. Өйткені облыс орталығынан 600 шақырымдай қашықта жатқан бұл өңірде кез келген қызмет те, тауар бағасы да аспандап кететіні белгілі.
- Бұрын біздің ауылда көп жылдар бойы жалғыз жанармай бекеті жұмыс істеді. Баламасыз болған соң, ондағы бензин бағасы да қымбат болатын. «Batys Alga» ашылғалы ауылда АИ-92 бензинінің бағасы литріне 185 теңгеден 160 теңгеге түсті. Әр литрге 25 теңге арзандады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін үлкен көмек қой, - дейді Арман Исқақов.
Батыс Қазақстан