• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2010

МҮДДЕЛЕР ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ ЖОЛЫНДА

601 рет
көрсетілді

Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың қатысуымен журналис­тер­ге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. І.Омаровтың сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен 29-31 наурыз аралығында Словакия Республикасының президенті Иван Гашпарович елімізде мемлекеттік сапармен болмақ. Бұл мемлекеттік сапар кезінде қос тарап халықаралық Ұйым шеңберіндегі өзара екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайтын болады. “Бұл сапар барысында, сондай-ақ, екі елдің іскерлік топ өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, бірқатар маңызды құжаттарға  қол қойылмақ”, деді І. Омаров. Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық байланыс жолға қойыл­ғаннан кейін екі елдің жоғары деңгейде саяси үнқатысуына да мейлінше жол ашылған. Мәселен, Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 2007 жылдың қараша айында Словакияға жасаған мемлекеттік сапары осының айғағы дер едік. Бұл сапар қос мемлекеттің саяси ынтымақтастық тетіктерінің нығаюына сеп болған еді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Словакияның үкіметаралық және ведомствоара­лық байланыстары жанданып келеді. Екі елдің парламентінде әріптестік үдерістерін нығайтатын парламентаралық топтың жұмысы жолға қойылған. Баспасөз мәслихаты барысында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріне жасайтын ресми сапары да атап өтілді. “30 наурыз бен 1 сәуір аралығында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Минск, Киев және Кишинев қалаларында болып, кездесулер өткізеді. Бұл сапар барысында Қанат Саудабаев Беларусь, Украина және Молдова елдерінің парламент және сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен, сондай-ақ, саяси партиялар жетекшілерімен беделді Ұйым төңірегіндегі маңызды мәселелерді кеңінен талқылайтын болады”, деді баспасөз хатшысы.