• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Тамыз, 2013

ҮКІМЕТ

255 рет
көрсетілді

Мүлік веб-портал арқылы ресімделмек

Құжат әзірлеуде бюрократия мен қағазбастылықтан халықтың мезі болғаны белгілі. Сондықтан, елдегі тиісті мекемелер қызметінің мөлдірлігін арттырып, жүйедегі жемқорлықтың жолын кесу шаралары қолға алынуда.

Мүлік веб-портал арқылы ресімделмек

Құжат әзірлеуде бюрократия мен қағазбастылықтан халықтың мезі болғаны белгілі. Сондықтан, елдегі тиісті мекемелер қызметінің мөлдірлігін арттырып, жүйедегі жемқорлықтың жолын кесу шаралары қолға алынуда.

Осыдан 9 жыл бұрын елімізде электронды үкімет құру ісі басталды. Соған орай жасалған бағдарламаның басты мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсету болатын. Негізі, электронды үкімет енгізу – бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейтін әкімшілік реформаның маңызды элементі. Ол мемлекеттік процедуралардың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге мүмкіндік тудырады. Екінші, мемлекеттік аппаратты ұстау бойынша шығындарды қысқартады. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын да түзейді. Үшіншіден, қызметінің кәсібилігі мен қызмет көрсетуді жақсартады. Төртін­ші­ден, салықтарды төлеу мен әртүрлі құжаттарды ресімдеу процедураларына көп уақыт кетірмейді, деді «Астана қаласы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК директорының орынбасары Байтақ Әдепханұлы.

Бүгінге дейін «Электронды үкімет» қалыптасу мен дамудың төрт кезеңінен өтті. Бірінші, «Электронды үкімет» порталы іске қосылып, ақпараттармен толықтырылды. Екінші, интерактивті кезеңде электронды қызметтер ұсынылды. Кезекке тұрмай-ақ кез келген органға сұраныс жіберіп, қажетті құжат тауып алатын мүмкіндік туды. Үшінші, транзакциялық кезеңде салық пен айыппұлды, коммуналдық қызмет ақысын онлайн жүйесінде төлеуге жағдай жасалды. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін оның пайдасы зор болды. Электронды мемлекеттік сатып алулар арқылы тендерлер мен бай­қау­лардың әділдігі мен ашықтығы айқын­далды. Төртінші, түрлендірмелі мезет. Мұның басты мақсаты, халыққа қызмет көрсетуді мейлінше жылдамдату. Әлеуметтік маңызы бар қызметтерге көңіл бөлініп, барлығы электронды үлгіге ауыстырылды. Осыған орай, орталық «E-gov» бұрышын ұйымдастырып, ғаламторға кіру үшін бөлінген VPN байланыс арнасын іске қосты. Сөйтіп, азаматтарға техникалық төлқұжатты портал арқылы алуды түсіндірді.

Көлік және коммуникация мен Әділет министрлігі Ас­та­на және Алматы қалаларында жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық төлқұжаттары мен оның көшірмесін беруді «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы ұйымдастыруды қолға алды. Қанатқақты режімде үш айға ұласқан шара өз нәтижесін берді. Аталған мекеме «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірге техникалық төлқұжат беруді портал арқылы электронды жүйемен ресім­деуді бастады. Алғашында түрлі қиындық, кедергілер болды. Десе де, бүгінде бұл іс өз жүйесін тапқан. Сондықтан, елорда­ның барлық тұрғындарын жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжат пен оның көшірмесін алуда электронды жүйені пайдалануға шақырамыз. Сөйтіп, ақпараттық-коммуникативтік технология дамыған заманда «Электронды үкіметтің» жетістіктерін өз игіліктеріне жаратсын дегіміз келеді.

Ол қиын емес. Әуелі, жеке куәлігіңізді жаңасына алмастырыңыз. Онда чип, оның ішінде кодтар белгіленеді. Сол кодтар бойынша сізге қолтаңба беріледі. Қолтаңбамен «Электронды үкіметтің» веб-порталына кіріп, қажетті құжатқа сұрау салуға болады. Электронды қолтаңбаны «E-gov» бұрышынан немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарынан ала аласыз. Бұл қолайлылықтар халыққа қызмет көрсетуді жеңілдетумен қатар, ықтимал парақорлықтың жолын кеседі. Электронды қолтаңбамен құжат ісіндегі барлық шаруаны үйде отырып-ақ, тәуліктің кез келген уақытында атқаруға мүмкіндік ту­ған. Орталыққа «E-gov» порталы арқы­лы жіберген құжаттарыңыз сол замат­та әзірленіп, орындауға жіберіледі. Таяу бола­шақта, орталық қызметі толық бірізділікке түсіп болған соң, құжат дайындау уақытын бір тәулікке дейін қысқарту көзделген.

Байтақ Әдепханұлының айтуынша, Астана мен Алматы қалаларында қанатқақты режімде жүзеге асырылған бағдарламада әрине, кемшіліктер мен олқы тұстар болған. Бүгінде сол кемшіліктер толықтырылып, бағдарлама жетілдіріліп жатыр. Жыл соңына қарай толық жасақталған бағдарлама республиканың барлық аймақтарына жіберілетін болады.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».