Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының нәтижесіне арналды.
Шараға Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспанқұлов, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Ұлттық комиссия мүшесі Ұлықбек Есдәулет қатысты.
Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Абзал Мұхимов қазақстандықтар үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын айта келіп, қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша арнайы 13 жоба қолға алынғанын баяндады. «Бағдарлама заманауи қазақстандық білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың дамуына, ауылға қатысты мәселелердің шешілуіне және басқа да бағыттардың дамуына серпін береді. Қазіргі таңда 13 арнайы жоба іске асырылуда. Жобалардың басым көпшілігі өте табысты. Қазақстандық бизнес өкілдерінің бағдарламаға қатысу деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе меценаттардың тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемдесуі, туған ауылдарына қарайласуы – қазақстандық бизнес өкілдердің әлеуметтік жауапкершілігі артқанының бір куәсі. Отырыста комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бағдарламаны жаңа деңгейге көтеру, оның мазмұны мен сапасын арттыру туралы жаңа міндеттер қойды», деді А.Мұхимов. Ол қазіргі таңда ұлттық прагматизм мәселесінің өте өткір тұрғанын әрі бұл бағыттағы жұмыстарды тереңнен қарастыру керектігін атап көрсетті. Осыған байланысты Ұлттық комиссия отырысына қатысқан зиялы қауым өкілдерінің Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың баса назар аударып отырған прагматизммен қабыспайтын ысырапшылдық, даңғазалық, орынсыз сән-салтанатқа жариялаған мораторийін есепке алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да прагматизмдік бағыттағы кешенді шаралар ұсынғанын айтты. «Халық арасында құқықтық, қаржылық, экологиялық сауаттылықты арттыру, білімді, мәдениетті насихаттау мен тарату туралы шешімдер қабылданды. Ұлттық комиссия атынан Үкіметке, атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді. Комиссияда қаралған жұмыс жоспары үш бағыт бойынша жіктеліп отыр. Бірінші, тұлғалық даму бағыты. Бұл бағыт бойынша білімнің салтанат құруы, прагматикалық құндылықтарды сіңіру, бәсекеге қабілеттілік сияқты құндылықтарды жинақтап, адами капиталды дамыту алға қойылған. Екінші, ұлттық бірегейлікті сақтау. Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, сақтау, халықаралық деңгейде көрсету сияқты кешенді шараларды қамтитын болады. Үшінші бағыт – мемлекет пен қоғамның даму бағыты. Бұл бағыт еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар бағдарламаны жүзеге асыруда науқаншылық, формалдық шараларға жол бермеуге қатаң тыйым салынды», деді А.Мұхимов.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орындалған жоспарлар туралы айтып берді. «Өткен жылдағы іс-шараларды бақылайтын болсақ, 12 миллион азаматты қамтыған 30 мыңдай іс-шара өткізілген. Олар жалпы 209 тармақтан тұрады. Биылғы ерекшелік – бұл тармақтар екі есеге қысқарды. Жүйелілікке назар аударылды. Әртүрлі шараларды көпшілік арасында талқылауға мән берілді. Ел арасында түрлі акция өткізіледі. Екінші бір ерекшелік – бағдарламаның ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде іске асырылуына мән беріліп отыр. Осы арқылы қоғамда қандай сұрақтар бар екені белгілі болады. Біз қандай жағдайды сақтау арқылы ең жоғарғы деңгейге жетеміз? Қоғамымызда қандай дерттер бар? Қандай құндылықтарға мән береміз? Тәуелсіздік жылдарында түрлі реформа жүргізілді. Соның ішінде сананың жаңғыруы – бөлек бағыт. Бұл үнемі жүргізіліп отыруы керек. Қоғам дамуы әр салада біркелкі болуы қажет. Осы мәселелер бағдарламаның әр тармағына енгізілді», деді вице-министр.
Ал «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев институттың атқарған істері жөнінде айтып берді. Түрлі бағытта жүргізілген зерттеулер мен сараптамалар барысында бағдарламадағы кемшін тұстар анықталған. К.Ойшыбаев осы бойынша институттың Ұлттық комиссияға ұсыныстар айтқанын, бұл ұсыныстардың өз кезегінде 2020 жылға арнап жасалған бағдарламада көрініс тапқанын жеткізді. «Бағдарлама бойынша өткізілген барлық іс-шараларға талдау жасай келе, проблемалық нүктелерді анықтадық. Өте көп іс-шара өткізіледі. Бірақ оған халық көп тартыла бермейді. Екінші бір маңызды мәселе – бағдарлама аясында іс-шараларды атқарумен Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктері ғана айналысқанын атауға болады. Осыдан қорытынды шығарып, бағдарламаға еліміздегі барлық министрліктер мен қоғамдық ұйымдарды тарту керек деген ұсыныс жасадық.
Сананың жаңғыруы белгілі бір салаларда ғана жүргізілмеуі керек. Ол бүкіл Қазақстанды, қоғам өмірінің бүкіл саласын қамтуы қажет», деді К.Ойшыбаев. Ол өзі басқаратын институт пен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірігіп ұйымдастырып жатқан «Азаматтық алаңы» жобасы туралы да құлағдар етті. Білгеніміз – бұл жобаға кез келген ел азаматы өтініш беріп, қатысып, өзін қызықтырған сұрақтарға жауап алады.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет «Рухани жаңғыру» аясында алты тілде жарық көрген әдеби антология туралы баяндады. Еліміздің ең таңдамалы туындылары біріктірілген алты томдық антология БҰҰ-ның жетекші алты тіліне аударылған және сапасы да нашар емес. «Біз оны компьютермен немесе басқалай жолдармен емес, ең танымал ақын-жазушыларды, аудармашыларды қатыстыра отырып аудардық. Бес мемлекетте тұсаукесері өтті. Өзге елдердің қаламгерлері жақсы бағалады», деді Ұ.Есдәулет. Жазушылар одағының төрағасы «100 жаңа оқулықты» аударып жатқан Ұлттық аударма бюросының Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жұмысын бастап кеткенін де атап өтті. Сондай-ақ «Әдеби өлкетану» жобасы бойынша жүзден аса шығарма жазылғанын, жуық арада сарапшылардан өтіп, оқырмандардың қолына тиетінін, жоба тағы да жалғасатынын мәлімдеді.