Жамбыл облысы өткен жылы өзінің 80 жылдық торқалы тойын атап өтті. Осы мерейтойға орайластырылып киелі Жамбыл жерінде бірқатар жаңа нысан бой көтерді. Солардың бірі әрі бірегейі «Шахристан» этно-кешені жуықта пайдалануға беріліп, мұндағы «Көркемдік бейнелеу өнері» галереясы, «Руханият» орталығы, облыстық өлкетану мұражайы, сағат стеллалары алыстан менмұндалап, көпшіліктің сүйікті мәдени демалыс орнына айналып отыр.
Көрсе көз қызығатын осынау нысандарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері мен Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия оқушылары арнайы барып, экскурсия жасады.
Біз үшін мұндағы ғасырлар тарихынан сыр шертетін, 65 мыңнан астам жәдігері бар Жамбыл облыстық музей үйі ерекше әсер қалдырды.
Мұражайдағы тарихи жәдігерлер «Тарихқа дейінгі кезең», «Тараз қаласының тарихы», «Қазақ халқының этнографиясы», «Әулие ата кезеңі» сынды залдарда топтастырылып қойылған екен. Өңіріміздің өткен өмірінен сыр шертетін осынау тарихи құндылықтардың дерегімен бізді облыстық музейдің қызметкері Гүлназ Көлбаева таныстырып, жастардың қызықтырған сауалдарына жауап берді.
Осы ретте аудандағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның тәлімгері Анар Байсұлтанова: «Киелі Жамбыл жері күннен-күнге көркейіп келеді. Әсіресе облысымыз соңғы кездері тарихи орындармен толыға түсуде. «Шахристан» этно-кешенін көру көптен бері ойымызда жүрген. Оқушыларымыз музей үйін аралап көріп, өткен тарихымыз туралы толық мағұлмат алды», дейді.
Шындығында да шығыс үлгісінде салынған кешеннің көркі айрықша қызығарлықтай. Әсіресе екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз топырағынан табылған қазба байлықтар көне дәуірімізден сыр шертіп, жас ұрпаққа ата-баба мұрасын ұғындыруға себепкер болуда.
Айнагүл МАМЫТБЕКОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Жамбыл облысы