• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 07 Ақпан, 2020

Елбасының еңселі жолы

517 рет
көрсетілді

6 ақпан күні Елбасы кітап­хана­сында Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың жасам­паз идея­лары мен жаһандық бас­­та­маларына арналған бес ба­­сылымның тұсаукесері өтті.

Оқырман назарына ұсынылған тарихи маңызы зор журналдар мен кітап мазмұны тәуелсіз Қа­зақ­станның қалыптасуымен қатар келген Елбасының саяси өмі­рі мен рөліне арналған. Ел­ба­сы кітапханасының ди­ректо­ры, профессор Әмір­хан Ра­хым­жановтың мо­де­ра­тор­лы­ғымен өткен шараға Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың заман­дастары мен депутаттар, кітап­ханашылар мен елорда жастары қатысты.

– Тарихи мазмұндық тұрғыдан құнды болып табылатын бұл кі­таптардың барлығы да бір арнаға тоғысады. Бұл кітаптар Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, көпұлтты Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі, қоғам­дағы тұрақтылық пен елдің рухани гүлденуі, дүние жүзінің ал­дыңғы қатарлы державаларымен әріптестік пен ынтымақтастық орнату және бейбіт ғалам жолын­дағы көпқырлы саяси қызме­тінің аса бай тәжірибесін көр­се­туге арналған. Бұл басылым­дар Тұңғыш Президенттің серіктесі, Елбасы Кеңсесінің бас­шысы, сая­­си ғылымдар докторы, про­фес­сор Махмұт Базар­құл­ұлы Қа­сым­бе­ковтің идеясымен және же­тек­­­ші­лігімен «Қазақ­стан Респуб­­ли­­касының Тұңғыш Прези­денті – Ел­басы Н.Ә.Назар­баев: мем­лекеттік басқару стратегиясы жә­не көш­бас­шы феномені» ғылы­ми бағдар­ламасы аясында дайындалды, – деп атап өтті Әмірхан Мұ­ратбекұлы.

Сөз кезегін алған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Қуаныш Сұл­танов «Нұрсұлтан Назарбаев: көш­басшылық стратегиясы» атты екі бөлімнен тұратын кітап тура­лы өз ойын ортаға салды. «Жас­тар­дың алдыңғы ұрпақтың көрген қиын­дығын басынан өткізуі  міндетті емес. Кеңес Одағы құрамында Мәс­кеуге бағынышты болған кезең­ді ендігі ұрпақ көрмесін. Жас­тар тек бостандықта өмір сүрсін. Жастарымыздың мемлекетшіл болып өсуі, елімізді қорғау мен сақтаудың, ұлттық қауіпсіздіктің мағынасын түсінуі – мемлекеттің тұлғасына байланысты. Бүгін оқырмандарына жол тартқалы отырған кітаптардағы деректер тәуелсіздіктің қасиеттілігін көрсетіп, оның бағасы мен қаді­рін білдіреді. Бұл жинақтарға ен­ген барлық шығармада Елба­сының естеліктері мен сөздері мемле­кет­шіл­дік қасиетті жоғары көтереді. Сон­дық­тан бүгін біздің рухани өмі­рімізде үлкен жаңалық болды деп есептеймін. Осындай шығар­маларды кеңінен насихаттау – баршамыздың міндетіміз», деді Мәжіліс депутаты.

Тұсауы кесілген жинақтардың бірі – «Н.Ә.Назарбаевтың еура­зия­лық бастамалары: тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» – еуразиялық интеграция идея­сы­ның 25 жылдығына және Еура­зиялық Экономикалық Одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналған. Мәскеу мем­лекеттік университетінің қазақ­стандық филиалының директоры, экономика ғылымдарының докто­ры Александр Сидорович Еура­зия­лық одақ шеңберінде барлық елдердің бекітілген міндетте­месінің құндылығы келісілген сая­сатта екенін айтты.

«Еуразиялық қағидаттарды жариялау, бұл – тәуелсіз мемлекет Қазақстанның жаңа әлемге ену концепциясы. Н.Ә.Назарбаев кон­фронтация емес, өзара түсі­ністіктің және өз елінің ұлттық құндылықтарына деген құрметі мен сыйластықтың жаңа қағи­да­лары негізінде ашықтық жолын таңдады. Н.Ә.Назарбаевтың аса көрнекті ақылымен құрылған Еуразиялық идея мағынасы мен мүмкіндігі жағынан осындай тәсілмен үндеседі», деп атап өтті А.Сидорович.

«Біз білетін Елбасы» – тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында егемен мемлекетті дамытудың жаңа жолы мен үлгісін іздеген тұс­та Тұңғыш Президенттің жаны­нан табылған, қол жеткізген әр же­тістігіне бірге қуанып, қолдау көрсеткен Елбасының замандас­тарының естеліктер жинағы. 1960 жылдары Теміртау қаласында қызмет еткен Елбасының еңбек жолы туралы естеліктерімен Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі, академик Төлеутай Сүлейменов ой бөлісті:

«Бүкілодақтық «Правда» газе­тінде еңбек жолын металлур­гиялық комбинатта горновойдан бастаған, партком хатшысы бол­ған Нұрсұлтан Назарбаевтың сы­­нап айтылған отты мақаласы жарық көрді. Ол газет бетінен ком­­бинаттың қызметі, металлург­тердің, Теміртау қаласы тұрғын­дары­­ның қажеттіліктер туралы айт­ты.  Кеңес кезеңінде бұлай жасау өте қиын еді, осындай қадам жа­сау үшін аса батыл болу керек еді».

Сонымен қатар жаңа басылымдар қатарында «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бітімгерлік баста­маларына және оның барша адамзаттың мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған жинақ және  «Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» атты ұжымдық монография бар.