• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 07 Ақпан, 2020

Шекара инфрақұрылымын жаңғырту – Үкімет жұмысының негізгі бағыты

252 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында депутаттар бірқатар конвенцияны ратификациялады.

 Бірқатар құжат ратификацияланды

Алқалы жиынның күн тәртібінде алдымен «Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау мақ­сатында салықтық келісімдерге қатыс­ты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификация­лау» туралы заң жобасы қаралып, ол мақұлданды.

Аталған құжатты депутаттар назарына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ұсынды. Оның айтуынша, бұл конвенция барлық екіжақты салықтық конвенцияларға салық салудан жалтаруға қарсы іс-қимылға бағытталған өзгерістер енгізеді. Біріншіден, заңды тұлғалардың қос резиденттік мәселесін шешу тәртібі анықталған. Екіншіден, кіріспе мәтіні екі мемлекетте де, атап айтқанда кіріс көзі болатын мемлекетте және кіріс алушының резиденттігі болатын мемлекетте кірістерді салық салудан босату мүмкіндігін болдырмау бөлігінде толықтырылды. Үшіншіден, егер мәміленің мақсаты тек осындай жеңілдіктерді алу болған жағдайда жеңілдіктерді қолдануды шектейтін ереже көзделген. Төртіншіден, дивидендтер бойынша кіріс туындағанға дейін бір жыл ішінде жеңілдіктерді алу үшін белгіленген шарттардың сәйкес болу қажеттілігі туралы талап белгіленді.

Қосымша баяндама жасаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев конвенция елдерге ұлттық фискалдық саясатты жүргізуде икемді болу үшін келісілген ең аз стандарттарды белгілі бір ескертпелермен қолдану арқылы қазіргі халықаралық салықтық келісімдерге BEPS бастамасының негізгі ережелерін енгізуді көздейтінін атап өтті.

Жоғарғы палатаның жалпы отыры­сында сенаторлар Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын да ратификациялады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төр­аға­­сының орынбасары Нұрғали Біліс­беков аталған конвенцияға Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мемле­кет­тердің басшылары 2017 жылғы 9 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойғанын, құжаттың мақсаты ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру екенін атап өтті.

Бұдан кейін сенаторлардың сауалына орай Нұрғали Білісбеков ШЫҰ елдері аумағында іздеу салынған қазақ­стан­дықтар туралы мағлұмат берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде экстре­мизм бойынша ұйымға мүше мемле­кеттерде біздің елдің тарапынан еш­кім іздестіріліп жатқан жоқ. Бірақ соңғы бес жылда ШЫҰ елдері ау­мағында Қазақстанның 30 азаматы іздес­тіріліп, елге қайтарылған, қылмыстық жауап­кершілікке тартылған. Сондай-ақ соңғы бес жылда 200-ден аса адам Қазақстан аумағында іздестіріліп, ұсталған. Кейіннен олар ШЫҰ елдерінің құзыретті органдарына тапсырылды.

Бұған қоса ШЫҰ аясында лаңкестік немесе экстремистік әрекеттерге қатыс­ты адамдардың бірыңғай тізбесі жүргі­зілетіні сөз болды. Ондай адамдардың жалпы саны 7 мыңнан асады екен. Оның ішінде 700-ге жуығы – Қазақстан азаматы. Олар – негізінен қақтығыс аймақтарына барғандар, яғни Таяу Шығысқа шыққандар.

Сонымен қатар жиында Тұншық­тыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттама да ратификацияланды.

Осы заң жобасын таныстырған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов құжаттың мақсаты соғыста тұн­шық­тыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдарды, кез келген сол тектес сұйықтықтарды, заттар мен процес­терді, сондай-ақ соғыс кезінде бактерио­логиялық құралдарды қолдануға тыйым салуды бекіту екенін хабарлады.

– Қазақстан 2007 жылы бактерио­ло­гиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде сол жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланыс­ты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталған  хаттама ХХ ғасырдың басында қабылданса да, бүгінге дейін химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр. Қазіргі кезде 1925 жылғы аталған хаттамаға қатысушы мемлекеттер саны 140-тан асып кетті, – деді Асхат Аймағамбетов.

 Шекара инфрақұрылымын жақсарту барыс-келісті арттырады

Сенат отырысының соңына қарай құ­зыретті органдардың назарына 14 де­путаттық сауал жолданды. Депутат­тар инфрақұрылымдық жобаларды қар­жы­ландыру мәселелеріне баса назар аударды. Айталық, сенатор Нұржан Нұр­сипатов бір топ депутатпен бірігіп, еліміздің мемлекеттік шекарасын­дағы көптеген өткізу пунктінің инфра­құрылымын дамыту мәселесін көтерді.

– Көптеген өткізу пунктінің орнатылып, жабдықталғанына 20 жыл болған. Бүгінде олардың инфрақұрылымы белгіленген талаптарға сәйкес кел­мейді және транзиттік ағынның қарқын­ды­лығын ескермейді. Жекелеген пункт­тердің өткізу қабілеті төмен болған­дықтан, шекарадан өтетін жолда адамдар мен көлік құралдарының кепте­лісіне әкеліп соғады. Бұл еліміздің көлік-логистикалық мүмкіндігінің дамуына, халықаралық және аймақтық сауданың кеңеюіне теріс әсер етеді, сондай-ақ туристік әлеуетті іске асыру­ға кедергі жасайды. Әртүрлі алаңдар­да, президенттердің, шекаралас мем­ле­кеттердің үкіметтер басшылары­ның сапарлары мен ресми кездесулерін­де мемлекеттік шекарадағы өткізу пункт­терінің инфрақұрылымын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдау туралы бірнеше рет айтылды, – деді депутат.

Сонымен қатар бұл бағытта аздап ілгерілеушілік те бар екен. Бірақ жалпы жағдай көңіл көншітпейді. Мемлекеттік шекара арқылы өтетін 27 темір жол өт­кізу пунктінің тек төртеуі ғана белгілен­ген талаптарға сайкес келеді. Ресей­мен шекарадағы 20 темір жол өткізу пунк­тінің инфрақұрылымы әлі де жөндеуді қажет етеді.

Депутаттар аталған мәселе бойын­ша Үкімет басшысы Асқар Мамин­нен Ба­қылау-өткізу пункттерінің инфрақұ­ры­лымын құруды, ұстау және дамыту функцияларын бір мемлекеттік органға жүктеуді, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжат­тарына жататын Мемлекеттік шека­ра саясатының тұжырымдамасын әзір­леуді сұрады.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын өсіруді қамтамасыз ету тұр­ғы­сында аса маңызды екенін атап өтті.

– Көнерген инфрақұрылым: су, коммуникация, электр желілері, жолдар, көпірлер – аса маңызды мәселелердің бірі. Үкіметке инфрақұрылымды жаңғырту проблемаларын қарауды әрі оны жұмыстың басты мәселесі етуді ұсыну қажет. Инфрақұрылым нысандары жағдайының нашарлығына байланысты біз суды, электр қуатын және басқа да ресурстарды жоғалта бастадық. Өңірлер арасындағы байланыс әлсіз дамуда. Өйткені тиісті инфрақұрылым жетіспейді. Депутаттар осы мәселемен тығыз айналысу керек деп ойлаймын, – деді Дариға Назарбаева.