Kaznex Invest ұлттық агенттігі Ресейдің Түмен қаласында азық-түлік, машина жасау, құрылыс салаларындағы тоғыз отандық өндірісшілер өнімдерінің тұсаукесерін өткізді.
Kaznex Invest ұлттық агенттігі Ресейдің Түмен қаласында азық-түлік, машина жасау, құрылыс салаларындағы тоғыз отандық өндірісшілер өнімдерінің тұсаукесерін өткізді.
Онда «Цесна-Астық» концерні» АҚ, «Сұлтан марткетинг» АҚ, «АКБАРС НК» ЖШС, «ЮПЭКс» ЖШС, «Кублей» ЖШС, «Белкамит» АҚ, «KazGer» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ және «Мұнайаспап» АҚ өз өнімдерін ұсынды.
Түмендік кәсіпкерлер қазақстандық азық-түлік өнімдеріне неғұрлым үлкен қызығушылық танытты. Алдын ала уағдаластық бойынша отандық азық-түлік өнімін өндірушілер мен түмендік кәсіпкерлер арасындағы ұн өнімдерін жеткізіп беру жөніндегі келісімшарт қол қою сатысында тұр. Машина жасау өнімдеріне келсек, агенттіктің «Мұнайаспап» және «Белкамит» кәсіпорындары үшін осындағы бірқатар өндіріс орындарымен арнайы кездесулер ұйымдастырғанын атап көрсету қажет. Соның нәтижесінде «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Сібір өңіріне трансформаторлар жеткізіп беру жөнінде келіссөздер жүргізуде.
Ресейдің жақын орналасқан 12 өңірлеріне жасалған талдау қорытындылары бойынша Түмен облысы 228 миллион АҚШ долларын құрайтын көрсеткішпен қазақстандық экспорт көлемі бойынша алдыңғы орында тұр. Өңірдің тұтыну тауарларына, химия өнімдеріне, бірқатар машина жасау және электр-техникалық өнімдерге деген сұранысы үлкен. Мамандардың пайымдауынша, қазақстандық кәсіпорындар да осы аталған тауарларды импорттауға баса назар аударуы тиіс.
Түменде отандық өндірісшілер өнімдерінің тұсаукесерін өткізу Kaznex Invest агенттігінің ұлттық экспортты Ресей Федерациясының шекаралас өңірлерінде алға бастыру жұмысы шеңберінде жүзеге асырылды. Осы орайда соңғы уақыттары аталған агенттіктің ықпал жасауымен бірқатар отандық кәсіпорындардың Новосібір және Омбы облыстары кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізуге қол жеткізгенін айта кету қажет.
«Егемен-ақпарат».