• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Ақпан, 2020

Болашақ тілшілер «Егеменнің» журналистерімен жүздесті

558 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің бір топ шәкірттері  «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесіне барып, арнайы тағылымдамадан өтті. Бұл игі шара оқу ордасы мен бас басылым арасындағы меморандум аясында жүзеге асып отыр.

Студенттерді  іргелі басылымның шаңырағына  факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы және «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының жетекші ұстаздары бастап барды.  «Егеменнің» Алматы бөлімшесіне жетекшілік ететін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек болашақ журналистерді мақала жазудың қыр-сырына қанықтырып, ақпарат берудің тың тәсілдері туралы  әңгімеледі. 

Тілшілік тіршілікке бет алған талапкерлер үшін теориялық білім қаншалықты маңызды болса, машықтанған мамандардан тағылым алып, кәсіби біліктіліктерін арттыру да аса қажет. Осыны баса айтқан Журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ»кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Сұлтанбаева бұл бағыттағы рухани байланыс жүйелі жалғасса деген тілегін жеткізді.

Жазу машығын терең меңгерген тәжірибелі журналистер қызмет жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, мақала жазуда баса мән беретін талаптар мен заңдылықтарды жіпке тізді. Әсіресе, экономика, медицина, саясат секілді күрделі тақырыптарды қаузағанда  нені ескерген жөн?  Қатып қалған сүрлеуден арылып, шығармашылық еркіндік, тың стиль қалыптастыру сынды маңызды мәселелер еркін форматта өрбіген кездесудің өзегіне айналды. «Егемендік» журналистер Арман Октябрь, Айнаш Есалы, Гүлбаршын Айтжанбайқызы өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге жан-жақты бағыт -бағдар берді.

Бұдан бөлек, болашақ тілшілер көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, мардымды жауап алды. Алдағы уақытта, қазақ баспасөзінің қасиетті ұстаханасына баланатын аға басылым мен талай қабырғалы қаламгерлерді түлеткен жетекші факультет арасындағы шығармашылық байланыстар тереңдей бермек.

Осы ретте «Egemen Qazaqstan»  газетінің Алматы бөлімшесі жанынан Журналистика факультетіне қарасты «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының филиалы ашылғанын сүйіншілеп айта кеткен жөн.

Аңсат ДҮЙСЕНҒАЛИ,

ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 1 курс студенті