• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Ақпан, 2020

Жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмайды

212 рет
көрсетілді

7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жағдайдан кейін ел арасында түрлі әңгімелер көбейіп, әлеуметтік желі, ұялы телефондар арқылы адам жүрегін шошытатын видеолар тарай бастағаны белгілі. Осыған байланыс­ты сенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев жұртты сабырға шақырып, Қордай ауданындағы жағдай жайында нақты мәліметтер берді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевтың айтуына қарағанда Қордай ауданы, Масанчи және Сортөбе ауыл­дарындағы оқиға туралы алғашқы хабар Жамбыл облысы Полиция депар­таментінің кезекші бөліміне 7 ақпан күні кешкі сағат 19:00-де түскен. «Сол күні Масанчи ауылының шетінде 70-ке жуық наразы тұрғын жиналып, олардың арасында бұзақылық ниетпен топтық ұрыс басталды. Оқиға орнына қордайлық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері келді. Арандатушылар мен оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп, мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды заңсыз әрекеттерге шақырған. Бұл қақтығыстың шиеленісуіне және топтық ұрысқа қатысушылар санының көбеюіне әкелді. Нәтижесінде, көрші елді мекендерден 300-ге жуық адам келді» деді бұл жөнінде Е.Тұрғымбаев.

Осыдан кейін Масанчи ауылына қо­ғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция жасақтары жіберілген.

«Жанжалға қатысушылар полицияға белсенді қарсылық көрсетіп, олардың заңды талаптарын дөрекі түрде орын­дамаған. Бұзақылар металл заттарды, тастарды, атыс қаруларын қолданған. Кейінірек Ауқатты және Бұлан батыр ауыл­дарында да қақтығыстар орын алды. Елді мекендер мен жолдарға кіретін периметрдің айналасындағы жолдарға бөгеттер қойылды», деді министр.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баев Жамбыл облысында болған қақ­тығыста 8 адам қайтыс болғанын айтты. Алдын ала деректер бойынша өртпен ұштасқан бұзақылықтың салдарынан 30-дан астам жеке үй, 15 сауда нысаны және 23 автокөлік зақымдалды. Жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың бірінші орынбасары шықты. Құқық тәртібі күштерімен қақтығыс тоқтатылды. 47 адам ұсталды және полиция бөліміне жеткізілді, екі аңшы мылтығы тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 272-бабы «Жаппай тәртіпсіздікті ұйым­дастыру және оған қатысу», сондай-ақ 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша жүргізіледі. Қоғамдық тәртіпті бұзған кінәлілердің барлығы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету үшін қақтығыс айма­ғына полиция қызметкерлері мен Ұлт­тық ұланның әскери қызметшілері орналас­қан. Қордай ауданындағы жағдай тұрақтанды.

Брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы оқиға­ға байланысты азаматтарды сабыр сақтап, арандатуға ермеуге, жалған ақпарат таратпауға шақырды. Мемле­кеті­міздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді. «Қазақстан Конституциясы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекетке тыйым салады. Бұл талапты орындамағандар ұлттық араздық тудырғаны үшін, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тергеу нәтижелеріне қатысты барлық мәліметті ІІМ мен Бас прокуратура хабарлайды. Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесіп, оларға жол бермеу үшін қажетті барлық шараны қабылдайды», деді бұл жөнінде Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы оқиға­ларға байланысты мәлімдеме жасап, Үкімет комиссиясын құруды тапсырған болатын. Оған Премьер-Министрдің орын­басары Бердібек Мәшбекұлы Сапар­баев төрағалық етіп, Үкімет комиссия­сы болған оқиғаның себебін анықтауда.

Әрине Қордайдағы оқиғаның қалай тұтанғаны туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылуда. WhatsApp желісі арқылы тараған видеоларға қарағанда жаппай төбелес Сортөбе және Масанчи ауылдарының адамдары полицейлерге қарсылық көрсетіп, жағасынан ала түсуінен басталған сияқты. Ал енді бір әңгі­мелерде бір топ дүнген қазақ аза­маты мен оның баласына балта алып ұмтылғаны да айтылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифингтен кейін тілшілердің сұрақ­тарына жауап беру кезінде «адамды балталап тастаған» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Адамды балталап тастаған деген ақпарат жалған. Мұндай нұсқа бар. Бұл тұрмыстық жанжал, бірақ нақты қандай екенін, қалай болғанын анықтап жатыр», деді Д.Абаев. Қордайда орын алған оқиғаның ертеңінде Алматыдағы «Байсат», «Барлық», «Ялян», «Рахат», «Барыс», «Алатау», «Болашақ», «Мизам», «Арлан», «Өжет», «Ақ бұлақ», «Кен­же­хан» базарлары санитарлық күн жария­ланғандықтан жұмысын тоқтатқан болатын. Министр бұл жайтқа қатысты да пікір білдірді.

«Сіздер бұл мәселеге түсіністікпен қарауларыңыз керек. Себебі «Барахолка» базарында қақтығыс жасауға үндеу жасалған. Осыған сәйкес сақтық шаралары күшейтілді», деді Дәурен Абаев.

Ал жексенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди мен Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Қордай ауданындағы жағдайдан тағы да мәліметтер берді. Министрдің орынбасары А.Калайчиди төбелес салдарынан қайтыс болғандардың саны онға жеткенін айтты. Одан бөлек 43 адам жарақат алған, оның 39-ы ауруханада жатыр. Жарақат алғандардың ішінде 5 полиция қызметкері бар. Оның үшеуіне оқ тиген. Алайда бұл қақтығыста полиция қару қолданбаған. Сондай-ақ, өрт салдарынан 25 тұрғын үй, 31 коммерциялық нысан, 41 көлік зақымданды. Әзірге 2 аңшы мылтығы, 2 тапанша және 50 жанармай толтырылған бөтелке тәркіленген.

– 9 ақпан күнгі сағат 11-ге дейінгі мәліметтерге қарағанда Қордай ауданында болған төбелестен 165 адам зардап шекті. Оның ішінде Қазақстандағы емдеу орындарының көмегіне 140 адам жүгінсе, Қырғызстандағы емдеу орындарына 25 адам қаралыпты. Жалпы алғанда 50 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 40-ы қазақстандық ауруханаларға, 10-ы қырғыз елінің емдеу орындарына жатқызылды. 30 науқастың жағдайы ауыр, одан бөлек реанимация бөлімінде жатқан 8 науқастың жағдайы тіптен ауыр. Оқиға кезінде 8 адам қайтыс болған, тағы екі адам ауруханада жатып қайтыс болды. Жедел жәрдем қызметінің 14 бригадасы жұмыс істеуде. Санавиация қызметі арқылы 2 науқас тікұшақпен Алматыға жеткізіліп, сол қаладағы емдеу орындарына жатқызылды, деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева брифингте.